28 Қаңтар, 2015

Біздегі заңдар қандай?

336 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Үкіметтік емес ұйымдардың іс-әрекеті мен ондағы еңбек қатынастарын құқықтық қамтамасыз ету жұмыстарын сараптамалық сүйемелдеуді ұйымдастыру жайы сөз болды. Брифингте журналистерге заң ғылымдарының докторы про­фессор, «Еуразиялық құқық қор­ғау орталығы» қоғамдық қоры­ның­ президенті Еңлік Нұр­ғалиева осыдан үш жыл бұрын жоға­ры санаттағы заңгерлердің қоғам­дық қор құрғанын ортаға салды. Оның айтуынша, азаматтық қо­ғамда жүріп жатқан жұмыстарда ком­мерциялық емес ұйымдардың әлеу­меттiк тапсырыстарды жүзеге асы­ру барысында туындайтын мәсе­лелерде, оның ішінде, әсi­ресе, олардың заңдармен рет­телуін­де қандай олқылықтар бар­лығын қарап, жаңа заңдарға қан­дай өзгерістер енгізу қажет­тігін екшеу өте маңызды. Осы рет­те ҮЕҰ-ларға қоғамдық са­рап­­­шы ретiнде сараптама беру­­­ге ат­салысып жүрген қор мем­­­­лекетте орын алған құқық қор­­ғау саласындағы өзгерiстер мен оқи­ғаларды назардан тыс қал­дыр­май отырғанын атап көрсетті. «Егер де осы коммерциялық емес ұйымдарды реттейтiн заң­дар­ды одан әрі дамытудың жол­дары қандай, не болмаса олар­ды сараптай отырып, басқа елдер­дегіден айырмашылығы қанша­лықты деп сұрайтын болсаңыздар, ТМД елдерiнің iшiнде бiздiң Қазақ­станның үкiметтiк емес ұйымдарды қорғайтын, олардың қызметiн жүзеге асыратын заңдарын ең либе­ралды деп айтар едiм. Бiрiн­шiден, олар өздерi тiркелген кезiнде қандай салада жұмыс жасайтынын көрсетпейдi. Ал, халықаралық тәжірибеде олар өздерiнiң қандай салада жұмыс iстейтiнiн көрсетуi міндетті. Екіншіден, біздің елде ҮЕҰ-лар дәл бүгiнгi күнi қандай да бiр салада жұмыс iстегiсi келсе, сол саладағы конкурсқа құжаттарын тапсырып, оны ұтып алатын мүмкіндігі бар. Бұл да либералды түрде жасалған деп айта алар едiм», – деді Еңлік Нұрғалиева. Сонымен қатар, ол үкiметтiк емес ұйымдардың мемлекеттiк органдарға қаржылық есеп бермей­тініне тоқталып, олардың тек салық туралы, статистикалық есеп берумен шектеліп, қаржыны тиын-тебенiне дейiн қай жерге жұм­сағаны туралы есеп бермесе, ешқандай құқықтық жауапкершiлiкке тартылмайтынын ортаға салды. Әрине, бұл оларды ешкім қадағаламайды деген сөз емес, алайда, дәл АҚШ, Ресей­дегi­дей қатаң түрде қаржыны қай­да жұмсайтынына есеп берудің жоқтығы да заңның либералды екендігінің көрсеткіші, деген ойы­мен ортақтасты. Конкурсқа қаты­сып, келісімді қамтамасыз ету үшін төленетін міндетті ақшалай жарна алынып тасталғанын, 2014 жылы енгізілген тәртіп бойынша ҮЕҰ үшін тендерге қатысу үдері­сінің оңайландырылғанын айта келіп, «Қазақстанның азаматтық Альянсының» елде он жыл бұрын қабылданған «Әлеуметтiк тап­сырыстар туралы» Заңды жетiлдiру үшiн толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу туралы жаңа заң жобасын жасағанын, оның қазіргі күні орталық мемлекеттiк органдарда қаралуда екенін жеткізді. Е.Нұрғалиеваның айтуынша, жаңа заң жобасы халықаралық стандарттарға сәйкес жасалып, онда халықаралық донорлардың қызметiне қатысты жаңа шектеулер болмайды, алайда, заңның қандай күйде қабылдануы Парламент қабырғасында шешіледі. Жалпы, елімізде 2014 жылдың қараша айында халықаралық донорлардың тiзiмi кеңейтiлгені есімізде. Сон­дықтан үкiметтiк емес ұйымдар­дың халықаралық донорлар арқылы қаржылану мүмкіндігі бар. Тек олардың iсi мемлекетіміздің және азаматтарымыздың мүддесiне қайшы келмеуі тиіс, солай еткен жағдайда ғана шектеу жасалатыны да белігілі. Брифинг барысында шешен ҮЕҰ-лар жұмысын нәтижесіне қарай бағалау керектігіне мән берді. Әлеуметтік жобаларды жүзе­ге асыруда Үкімет мойнындағы жүк­ті жеңілдетіп жүрген мұндай ұйымдарға деген сенімді арттыру маңызды деген, ол жаңа заң жобасының азаматтық қоғамның тынысын аша түсетініне үміт артты. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».