Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары әңгіме арқауына айналды.
Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті бүгінгі күні ұлттық фильмдердің бағдарламасын жасап, соның аясында көркемсуретті, деректі және анимациялық фильмдерді жарыққа шығару жұмыстарымен айналысуда екен. Департаменттің директоры Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, 10 бөлімнен тұратын «Қазақ елі» телесериалының сценарийі жазылып, 6 бөлімнен тұратын «Ел аманаты» анимациялық фильмін түсіруге дайындық жұмыстары жүргізілуде көрінеді.
«Қазақ елі» фильмінің авторлары – Смағұл Елубаев пен Тимур Жақсылықов. Фильмде Керей мен Жәнібек хандардан бастап Қасым мен Бұрындық хандарға дейін біздің тарихымыз қамтылады. Осы фильмді халықаралық аренаға шығару мақсатында шетелдердің де, өзіміздің де көрнекті ұлттық кино саласында жұмыс істеп жүрген азаматтарымыздан тұратын топ құрылуда. Қазақ хандығының құрылу тарихын баяндайтын фильмнің әрқайсысы 30 минутқа созылады. Фильмге ғылыми-тарихи, фотодеректер де жинақталу үстінде. Сондай-ақ, «Ел аманатына» келер болсақ, онда Керей мен Жәнібек хандардың жас шағынан бастап таққа отыруына дейінгі кезең, әз-Тәуке, Абылай хан, Наурызбай, Қабанбай, Қарасай сынды батырлар мен Аңырақай шайқасы мультфильмге арқау болады. Аталған киножобалар тарихымыздың ұлттық құндылықтар мен ел тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғаларымызды кеңінен таныстыра отырып, ұрпағымызды ұлттық-патриоттық тәрбиеге баулуды көздейді» деді ол.
Көбінде шетелдік тарихшылардың қазақ мәдениетіне біржақты баға беретіні, көшпелі халық болған деген пікірде екені бүгінде көбімізге белгілі жайт. Брифингке қатысқан тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев қазақта көшпелі және отырықшы мәдениет қосарлана дамығанын айта келе, жоғарыдағы пікірді теріске шығару тарихшылардың басты міндеті екенін атап көрсетті. «Жалпы, Қазақ хандығының құрылуы – біз үшін әлемдік маңызы бар оқиға. Дегенмен, ол өзінен өзі құрылған мемлекет емес, оның алдында мыңдаған жылдық тарихи үдерістер болған. Бұған қатысты Елбасы Ұлытау төріндегі сұхбатында «шығыста – Берел, батыста – Сарайшық, оңтүстікте – Түркістан» деп ертеден бергі мәдени құндылықтарымызды атап өткен болатын. Енді біздің алдымыздағы міндет – Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі тарих пен Қазақ хандығы қалай құрылды деген мәселені тарихи сабақтастық тұрғысынан зерттеу», дегенді айтты профессор.
Ол, сондай-ақ, Қазақ еліндегі бағалы тарихи мұраның бірі – Сарайшық қаласының жағдайына алаңдаушылық білдірді. З.Самашевтің айтуынша, Қазақ хандығының тарихымен тығыз байланысты Сарайшық қаласы бүгінде құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Сондықтан осы мерейтойдың тұсында қаланы қалпына келтіру жұмыстарын қолға алу керек және оған жергілікті билік араласуы қажет.
Елдегі басқа ескерткіштердің жағдайы қандай деген заңды сауал туындайтыны айқын. Бұл туралы журналистер сауалына «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Қанат Тұяқбаев жауап берді. Оның айтуынша, биыл елімізде өте құнды деген 14 ескерткіш қалпына келтіріледі екен. «2004 жылы Елбасының бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында 73-тен аса республикалық маңызы бар тарихи-мәдени руханият ескерткіштері қалпына келтірілді», деген Қ.Тұяқбаев Қазақ хандығы дәуіріндегі қалаларда салынған ескерткіштерге де тоқтала кетті.
«Қазақ хандығының аумағы қазақ жеріндегі тоғыз қаланы қамтиды. Түркістан, Сауран, Сығанақ қалалары Қазақ хандығының маңызды орталықтары болған. Солардың бірі – Сауран қаласына тоқталайық. Сауран қаласындағы XV, XVI, XVII ғасырларда салынған тарихи-мәдени ескерткіштердің көпшілігі оқу орындарына арналған. Яғни, сол заманда қабырғасы қаланған мешіт-медреселер білім беру мақсатында салынған. Сауран қаласының аумағындағы мешіт-медреселер қалпына келтіріліп, ашық аспан астындағы музейге айналған. Сондай-ақ, Сығанақ қаласындағы мешіт-медреселер де қазір ашық аспан астындағы музей қызметін атқаруда. Ал, біздің мекеменің 2015-2017 жылдарға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, 30-дан аса тарихи-мәдени мұрамен жұмыс істеу көзделіп отыр. Солардың ішінде 14 ескерткіш биыл қалпына келтіріледі», деді Қ.Тұяқбаев.
Ал қоғамда үлкен резонанс туғызып, ғалымдар тұрмақ жай қызығушылардың өзіне «Кенесарының басы қайда?» дегізген мәселеге бұл мерейтойдың тұсында да нүкте қойылмайтын сыңайлы. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжанов енді ханның басын Батыс Сібірден іздеу керек деген байламын айтты. «Кенесары бабамыздың басын қайтару – күн тәртібінен түспеген мәселе. Қазір біздің институт мемлекеттік қолдау аясында осы мәселе бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Кенесарының басы Мәскеуден де, Петербургтен де табылмайтын сияқты. Ең қымбат дүниелерді сақтайтын «Мемлекеттік қорғау» деген бар. Кенесары ханның басы сол жерде болуы мүмкін деген болжам бар. Сондықтан, Кенесары ханның басын Батыс Сібірден, Омбыдан іздеу керек деген тағы бір байламға келіп отырмыз», деді ол.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».