Шаруашылық • 02 Қазан, 2024

Шаруалар мақта бағасына алаңдаулы

66 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түркістан облысында мақта өңдеу зауыттары мақта дақылын өсіруші шаруаларға жыл басынан бері 5 млрд теңге көлемінде алдын ала фючерлік несиелер таратқан. Одан бөлек, «Ырыс» МҚҰ арқылы 114 шаруа қожалығына 503 млн теңге несие берілген. Бүгінде шаруалар жаз бойы еңбектің жемісін көреміз деген ниетпен мақта теріміне қызу кіріскен. Алайда диқандар әлі нақтыланбаған «ақ алтынның» бағасына алаңдаулы.

Шаруалар мақта бағасына алаңдаулы

Биыл Мақтаарал ауданында 33,7 мың гектар алқапқа мақта егілген. Мақта дақылын дефолиациялау жұмыстары толықтай жүргізіліп, жиын-терім науқаны бас­тал­ған. Қазірдің өзінде ауданда 632 гектар мақта алқабы теріліп, 1 706 тонна өнім жиналды. Биыл мақта дақылынан алынатын өнім көлемі 92,3 мың тоннаны құрап, жалпы орташа өнімділік гектарына 27,4 центнерден болады деп болжанып отыр. Жуырда ауданға жұмыс сапарымен барып, мақта терім науқанына дайындық жұмысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов шаруа қожалықтардың басшыларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында шаруалар мақта бағасының нақтыланбауын негізгі мәселе ретінде көтерді. Сондай-ақ күзгі жауын-шашынға қалдырмай мақта терім науқанын ұқыпты ұйым­дастыру, күзгі жиын-терімге бе­рілетін мемлекеттік қолдауды өз уа­қытында көрсету және басқа да мә­селелер талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары мақтадан гектарына 60-70 центнер өнім алу үшін тамшылатып суғару сияқты жаңа технологияларға көшу керектігін, оған мемлекеттен субсидия берілетінін де жеткізді. Жаңа технологиялар жыл сайын орын алатын ағын су жетіспеушілігінің алдын алатынын еске салды. Мақта өңдейтін зауыттардың жұмысы да назардан тыс қалмады. Мысалы, «Cotton мақта» ЖШС-ның мақта өңдеу зауытының жылдық қуаттылығы – 60 мың тонна, тәулігіне 600 тонна мақта талшығын өңдейді. Өткен жылы ашылған, құны 3 млрд теңгені құрайтын өндіріс орнында 50-ден астам азамат жұмыспен қамтылған. Жалпы аудан аумағында 8 мақта өңдеу зауыты бар. Оларға тиесілі 33 мақта қабылдау бекеті орналасқан. Одан бөлек, Жетісай және Шардара ауданында мақтааралдық зауыттарға тиесілі 29 мақта қабылдау бекеті жұмыс істейді. Ал «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру ор­талығы» коммерциялық емес акцио­нерлік қоғамына қарасты «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-ында мақтаның бәсекеге қабілетті жаңа әрі отандық 13 орта талшықты түрі, сыртқы ортаның қолайсыз факторларына төзімді, өнімділігі жоғары сорттары шығарылды. Топырақты терең қопсыту, отандық мақта сорттарын баптаудың екі қарқынды технологиялары, мақтаны жаңбырлатып суару, арықшалармен суару, мақтаны тиімді суарудың гидромодульдік аудандастыру сияқты технологияларды да аталған ғылыми мекеме әзірлеген.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өзбекстандық «Global Textile» компаниясының Мақтаарал ауданында мақта кластерін дамыту бойын­ша 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы бекітілген болатын. Онда компания Мақтаарал ауда­нында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Бүгінде аудан орталығы – Мырзакент кентінде компанияның кеңсесі ашылып, атқарушы директоры тағайындалған. Сондай-ақ компания Бірлік ауылдық округінің аумағынан 10 гектар жерге мақта қабылдайтын бекет салу жұмыстарын бастап кетті. Ал «Мырзакент» ЖШС-ына қарасты құны 1 млрд теңгені құрайтын мақта өңдеу зауытының аудандардағы мақта қабылдау бекеттерінде мыңға жуық адам еңбек етеді. АҚШ-тың соңғы үлгідегі жаңа технологиясымен жабдықталған зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 60 мың тоннаны құрайды.

Мақта бағасына қатысты мәселеге Шардара ауданы диқандары да алаң­даулы. Бұл ауданда да мақта бекеттері алдын ала төлем ретінде қаржы таратып жатыр, бірақ нақты баға белгіленбеген. Өнімді қабылдаушы тарап баға тұрақтаған соң шаруалармен толықтай есеп айырыспақ. Аудан­да болған облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев мақта қабылдау бекеттері мен зауыттарын аралап, шаруалармен кездесті. Диқандармен кездесуде осы саланы дамыту бағытында ұсыныстар мен мәселелер айтылды. Бүгінде Шардара ауданында 40 мақта қабылдау бекеті бар. Биыл 36 мың тоннадан астам өнім жинау көзделіп отыр. Айта кетейік, өсімдік шаруашылығын мемлекеттік қолдау аясында, қаржылардың басым бөлігі мақта шаруашылығын дамытуға бағыт­талған. «Тұқым шаруашылығын қолдау» бағдарламасына сай облыс әкімдігінің ұсыныстары негізінде, қағи­даға өзгерістер енгізіліп, мақта ши­тінің нормативтері 1,5–2,0 есеге дейін ұлғайды. Бағдарлама шеңберінде 414,1 млн теңгеге өтінім қабылданып, мақта шаруа­шылықтарына 277,2 млн теңге, ал тұқым шаруашылығын қол­дау­ға биыл 600 млн теңге қаржы бөлінген.

Биыл Өзбекстанның Ауыл шаруа­шылығы министрлігі жанындағы «Тұқым шаруашылығын дамыту ор­талығы» мекемесімен жүргізілген келіссөз нәтижесінде 1,9 мың тонна сапалы шитті импорттау келісіліп, 891 тоннасы сатып алынған. «Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» бағдарламасы бойынша биылдан бастап аванстық төлем жүйесі ен­діріліп, отандық тыңайтқыштар 60% субсидияланған. Облыстық бюджеттен 7 млрд теңге қаржы бөлінді. Қаржының 69%-ы мақта шаруашылықтарына төленіп, 62 мың тонна тыңайтқыш енгізілді. Облыс тауа­р өндірушілері «Кең дала» және «Кең дала 2» несие бағдарламалары негізінде 18,8 млрд теңгеге қаржыландырылған. Оның ішінде жоғарыда аталған салаға қа­тысты шаруалар 8,9 млрд теңгеге не­сие­лендірілген. Биыл мақта шаруашы­лықтарына 4 бюджеттік бағдарлама бо­йынша 9 685 агроқұ­рылымға 5,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл жалпы об­лыстың өсімдік шаруа­шылығына бөлінген қаржының 61%-ын құрайды.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаевтың айтуынша, мақта және жүгері, сортының өнімділігін арттыру мақсатында 2 жылдан бері арнайы алаңдар жұмыс істейді. Қанатқақты жобаның тиімділігін түсінген кәсіп­керлер химиялық тыңайтқыш­тардан бас тартып, органикалық негізде егін егуде. Облыс аумағында 2 200 гектар мақта алқабында 322 шаруа мақтаның түркиялық сортын өсіріп отыр. Жалпы, өңірде 22 мақта өңдеу зауыты мен 200-ден астам мақта қабылдау бекеті жұмыс істейді. Шаруалар мақтаның 17 түрлі сортын егіп, өнім алуда.

 

Түркістан облысы