Қазірдің өзінде әлемдік рейтинте ТОП-50-ліктің санатына енген сегіз саңлақтың Алматыдағы жарыста бақ сынауға бел буғаны белгілі болып отыр. Олар – Фрэнсис Тиафо (№15 ATP), Себастьян Корда (№16 ATP), Алехандро Табило (№22 ATP), Артур Фис (№24 ATP), Карен Хачанов (№27 ATP), Флавио Каболли (№32 ATP) , Томас Махач (№34 ATP), Адриан Маннарино (№44 ATP). Бұл ойыншылардың қол жеткізген табыстары төмендегідей:
Фрэнсис Тиафо (АҚШ) – Екі рет US open додасының жартылай финалына дейін жетті (2022, 2024 жылдары). Аустралияның ашық біріншілігінің ширек финалында ойнады (2019). АТР турнирлерінде үш рет топ жарды. Ең үздік көрсеткіші – 10-орын (2023). Кезінде жастар арасында әлемнің екінші ракеткасы атанды. 26 жаста.
Себастьян Корда (АҚШ) – Аустралия ашық біріншілігінің ширек финалында өнер көрсетті (2023). АТР турнирлерінде екі рет дара шықты. Ең үздік көрсеткіші – 15-орын (2024). Кезінде жастар арасында Аустралия ашық біріншілігінде бас жүлдені олжалап, әлемнің бірінші ракеткасы атанды (2018). 24 жаста.
Алехандро Табило (Канада) Уимблдонның үшінші кезеңіне дейін жетті (2024). АТР турнирлерінде екі рет жеңімпаз атанды. Жұптық сайыста Панамерика ойындарының күміс жүлдегері (2023). Ең үздік көрсеткіші – 19-орын (2024). 27 жаста.
Артур Фис (Франция) – Уимблдонның төртінші кезеңіне дейін жетті (2024). АТР турнирлерінде екі рет топ жарды. Ең үздік көрсеткіші – 20-орын (2024). Кезінде жастар арасындағы Ролан Гарростың финалында ойнап, жұптық сайыста бас жүлдені иеленді (2021). 20 жаста.
Карен Хачанов (Ресей) – US open (2022), Аустралия ашық біріншілігінің (2023) жартылай финалына дейін жетті. Ролан Гаррос (2019, 2023) пен Уимблдонның (2022) ширек финалында күш сынасты. АТР турнирлерінде 6 мәрте мерейі үстем болды. Дэвис кубогінің иегері (2021). Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері (2021). Ең үздік көрсеткіші – 8-орын (2019). 28 жаста.
Флавио Каболли (Италия) – US open (2024), Аустралия ашық біріншілігінің (2024) үшінші кезеңінде өнер көрсетті. Кезінде жастар арасындағы Ролан Гарростың жұптық сайысында жеңімпаз атанды (2020). Ең үздік көрсеткіші – 31-орын (2024). 22 жаста.
Томас Махач (Чехия) – US open додасының төртінші кезеңіне дейін жетті (2024). Микстен Париж Олимпиадасының жеңімпазы (2024). Ең үздік көрсеткіші – 33-орын (2024). 23 жаста.
Адриан Маннарино (Франция) – Уимблдон (2013, 2017, 2018), Аустралия ашық біріншілігінің (2022, 2024) төртінші кезеңінде бақ сынады. АТР турнирлерінде бес рет топ жарды. Ең үздік көрсеткіші – 17-орын (2024). 36 жаста.
Міне, Алматыға келетін сегіз саңлақ – осылар. Ал еліміздің туы астында Александр Бублик, Александр Шевченко, Михаил Кукушкин, Александр Недовесов, Тимофей Скатов, Бейбіт Жұқаев Денис Евсеев, Әмір Омарханов өнер көрсетеді.