Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс съезінде оның атауын өзгерту туралы шешім қабылданды
Кеше Астанада Ұлттық кәсiпкерлер палатасының кезектен тыс ІІ съезі болып өтті. Оған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қатысып, съезд делегаттарына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметтi съезд делегаттары! Бiздiң елiмiзде 1 млн. 200 мыңнан астам кәсiпорын мен жеке кәсiпкер жұмыс iстейдi. Шағын және орта бизнес саласында 3 млн.-ға жуық адам еңбектенуде. Республиканың әлеуметтiк жағдайы олардың жұмысына тәуелдi. Отандық нарықтық экономиканың негiзiн құрайтын кәсiпкерлiктi дамыту – Қазақстанның стратегиялық басымдығы. Ел экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесi 2050 жылы 50 пайызға жетуi тиiс. Алға қойған бұл мiндетке қол жеткiзу бизнес орта мен мемлекет күшiн бiрiктiрген кезде ғана мүмкiн болады», делiнген Елбасы сөзiнде.
Сонымен қатар, Президент соңғы жылдары отандық кәсiпкерлiкке қолдау көрсету мен инвестиция тартуға қолайлы шарттар жасалып жатқандығын да тiлге тиек еткен.
«Теңдессіз жағдайлар жасалды және бүгiнгi нарықтық жағдайда маңызы артып келе жатқан жеке кәсiпкерлiктiң бастамаларын қолдауды қолға алу қажеттiлiгi туындады. Бұл ретте Ұлттық кәсiпкерлер палатасы маңызды рөл атқаруы тиiс. Ол өткен жылдың iшiнде тұрақты тәуелсiз институт ретiнде өзiн көрсеттi және бизнес қауымдастық мүддесiн қорғауда қыруар жұмыстар атқарды. Бүгiнгi күнi әлемдiк экономикада iшкi нарыққа әсер ететiн күрделi мәселелерге тап болып отырмыз. Бұл бiр жағынан жаңа мүмкiндiктердi де туындатады. Кәсiпкерлер палатасы елдегi кәсiпкерлiктi одан әрі дамытуға бағытталған тиiмдi шараларды жасау үдерiсiне белсендi түрде араласуда. Бұл өзара қарым-қатынас әлеуетi кез келген қиындықтарды бастан өткеруге мүмкiндiк бередi», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – бизнес пен биліктің тиімді әріптестігі негізінде кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайларды қалыптастыру мақсатында Үкімет және «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП бірлескен шешімімен 2013 жылдың 9 қыркүйегінде құрылған, өзін-өзі басқаратын коммерциялық емес ұйым екені белгілі. Оның негізгі қызметтері – кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және мүдделеріне өкілдік ету, кәсіпкерлік белсенділігінің, өңірлердегі кәсіпкерлік қызмет жағдайының қоғамдық мониторингін жүргізу, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мемлекеттік бағдарламаларына қатысу, отандық өндірісті қолдау және ұйымдардың сатып алуларында жергілікті мазмұндағы үлесті арттыру, техникалық және кәсіби білім беруді дамыту және кадрларды дайындау, қайта дайындау, біліктілікті арттыру, сертификаттау және аттестаттау, кәсіпкерлік субъектілерінің сыртқы экономикалық қызметін ынталандыру, инвестицияларды тарту және экономиканы әртараптандыру болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында да ҰКП-ның міндеттері зор.
Ал кешегі съезде палата атауы өзгертiлдi. Делегация мүшелерiнiң дауыс беруiмен палата атауы бiрауыздан «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасы деп аталатын болды. «Ұлттық кәсiпкерлер палатасы «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының заңды жалғасы екенiн бiлесiздер. Өз кезiнде «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған және бүгiнгi палатаның iргетасы сол болды. 2014 жылы кәсiпкерлердiң ықпалдасуы, олардың заңды құқықтарын қорғау саласында атқарған қыруар жұмысы «Атамекен» ҰЭП салып кеткен жолдың негiзiнде ғана мүмкiн болып отыр. Сондықтан Ұлттық кәсiпкерлер палатасының атауын «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасы деп өзгерту жөнiнде ұсыныс айтылды. Мұндай өзгерiстер палатаның тиiстi жарғыларына енгiзудi талап етедi», деді Ұлттық кәсiпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев.
Тағы бір айта кетерлігі, съезде Ресей Федерациясында палата өкiлдiгiн ашу туралы шешiм қабылданды. Ресей Федерациясында ҰКП өкiлдiгiн ашу ұсынысын ортаға салған палата төрағасының орынбасары Рақым Ошақбаев мұндай шешiмнің туындау себебiне тоқталды. «Қазақстанның кәсiпкерлiк қауымдастығы мүддесiн таныстыру бойынша ЕЭК-пен сапалы өзара әрекеттестiк мақсатында 2014 жылдың қыркүйек айынанда ҰКП ЕЭК-тегі өз өкiлдiгiн ашқан болатын. Оның ашылуы бiзге түрлi бағыттағы отандық кәсiпкерлiк мәселелерiн жедел шешуге мүмкiндiк бердi», деді Р.Ошақбаев.
Сондай-ақ съезде Ұлттық кәсiпкерлер палатасы орта бизнес төлейтiн мiндеттi мүшелiк жарна мөлшерiнің 50 пайызға төмендегені айтылды. Бүгiнгi күнi мiндеттi мүшелiк жарна төлеуге жататын бизнес субъектiлерi жылдық жалпы табысының көлемiне байланысты екi санатқа бөлiнедi. Бұл санаттар үшiн 160 АЕК және 4 400 АЕК жарна төлеу белгiленген. Съезд барысында делегаттар бiрiншi санат бойынша қосымша 6 iшкi санат белгiлеу, ал екiншi санат бойынша қосымша 4 iшкi санат белгiлеу мәселесiн қарастырады. «Мүшелiк жарналарға қатысты қолданыстағы заң бойынша бекiтiлген градациялар икемсiз болып келдi. Оларды жетiлдiру қажеттiлiгi туындаған болатын. Заң нормаларына сәйкес мұндай жеңiлдiктi тек Үкiмет қарастыра алатын. I съезден кейiн бiз Үкiметпен осы мәселеге қатысты кеңес өткiздiк. Үкiмет те, Парламент те мұны қолдады. Бұл өзгерiстер заңға енгiзiлдi», дедi ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов.
Сондай-ақ, «KAZNEX INVEST» компаниясының 50 пайыз акциясын «Атамекен» ҰКП-ның сенiмдi басқаруына беру көзделуде. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасының басқарма мүшесi Рустам Жүрсiнов мәлiмдеді. Оның айтуына қарағанда, ҰКП туралы заң бойынша, палата кәсiпкерлiктi қолдау және дамыту, сыртқы экономикалық қызметтi атқару, инвестицияларды тарту бағытында жұмыстарды атқара алады. Соның iшiнде экспортты алға жылжыту бойынша қызметтердi жүзеге асыруға және халықаралық ұйымдармен iскерлiк кеңестердi құруға, Қазақстанда және өзге мемлекеттерде халықаралық көрмелер ұйымдастыруға құқылы.
Ұлттық кәсiпкерлер палатасының заңмен бекiтiлген осы қызметтердi ұлттық дамыту институты – «KAZNEX INVEST экспорт және инвестициялар бойынша ұлттық агенттiгi» АҚ-та қатар атқарып жүр. Бұл компания да қазақстандық экспортты дамыту және қолдау, тiкелей шетел инвестицияларын тарту арқылы ұлттық экономиканы әртараптандыруға үлес қосу үшiн құрылған. Қазiр акционерлiк қоғамның мемлекеттiк акциялар пакетi Инвестициялар және даму министрлiгiнiң құзырында. Басшылықтың тапсырмасымен бүгiнгi таңда «KAZNEX INVEST» компаниясының 50 пайыз акциясын «Атамекен» ҰКП-ның сенiмдi басқаруына беру мүмкiндiгi қарастырылуда. Бұл қадам мемлекет атқарып жатқан қызметтiң сапасын және корпоративтiк басқару деңгейiн едәуiр арттыруға септiгiн тигiзедi, акцияларды сенiмдi басқаруға беру ҰКП-ның шығындарын арттырмайды деп көзделуде.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».