Денсаулық • 02 Қазан, 2024

Сырқаты ерекше балаларға – елеулі қамқорлық

61 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Неврологиялық ауруға шалдыққан балалар қоғамға бейімделіп, өзін жат, оқшау сезінбесе, ол – осы бағытта қолға алынып, іске асып жатқан жұмыстың нәтижесі. Өкінішке қарай, мұндай ауруға шалдыққан бөбектердің диагнозы балабақшада, тіпті мектепке барғанда анықталатын сәттер жиі кездеседі. Салдарынан балаларды оңалту, қоғамға бейімдеу балаға, ата-анаға, содан соң оңалту курстарын жүргізетін мамандарға біраз салмақ салады. Ұлттық балаларды оңалту орталығы Астана медицина университетінің ұжымымен бірлесіп өткізген конференцияда саладағы осындай күрделі мәселелер қаралды.

Сырқаты ерекше балаларға – елеулі қамқорлық

Халықаралық конференция «Невро­ло­гиялық ауруларды диагности­калау­дағы, емдеу­дегі, оңалтудағы мульти­дисци­пли­нарлық тәсіл» тақырыбында ұйымдастырылды. Оған Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Еңбек және әлеумет­тік қорғау министр­ліктерінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, жоғары оқу орындары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Қонақтар арасында невропатологтер, реа­билитологтер, әлеуметтік қыз­меткерлер, педагогтер мен психологтер болды. Тақырыптық сессия­ларда Франция, Италия, Аустра­лия, Қытай, Түркия, Үндістан, Ресей, Қырғыз Респуб­ликасы, басқа да елдердің ғалым­дары баяндама оқыды.

Конференцияның ашылу салтанатында Балаларды оңал­ту ұлттық орталығының бас­шысы Ажар Ғиният невро­ло­гиялық ауруларды емдеуге, ерекше қабілетті балаларды бейімдеуге күш салып жүрген тәжі­рибелі дәрігерлерге алғыс айтып, конференцияның өнімді, маз­мұнды өтуіне тілектестік білдірді.

па

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәй­кес жыл сайын неврологиялық ауру­лардан 9 млн адам бақилық болады екен. Әлемде 5 жасқа толмаған 50 миллионнан астам бала нев­рология әсерінен мүге­дектікпен алысады. Әрине, неврология­лық аурулардың көбі­нің алдын алуға мүмкіндік бар. Сол тұрғыда бүгінгі конференция неврологиядағы профилактика, диагностика, оңалту іс-шаралары, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелерін, салаға жаңа технологиялар енгізу жайын, басқа да жаңашыл әдіс-тәсілдерді талқылауға негіз болады. Медициналық оңалту күндері аясында саладағы өзге де өзекті мәселелер Жамбыл облысының Меркі ауданында өте­тін «Шипажай–2024» IX ха­лық­аралық ғылыми-прак­ти­ка­лық форумында талқы­ланады. Ден­саулық сақтау министрлігі медицина саласын жаңарту бағытында ауқымды жұмыс­ты қолға алып отыр. Соның аясында неврологиялық ауруға шалдыққан науқастарды емдеуге көп көңіл бөлінеді», деді А.Ғиният.

Пленарлық сессияда Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділ­­даева невро­ло­гиялық ауруға шалдыққан балаларды ерте анықтауға педа­гог­­тер­дің араласуы ма­ңызды екенін айтты.

«Бүгінде сапалы скрининг арқылы диагнозды мейлінше ерте қою өзекті болып отыр. Білім жүйесінде 4 миллионға жуық бала оқиды. 7 мыңға жуық бала­дан ауытқушылық байқалған. Бала балабақшаға, мектепке барарда жан-жақты тексеруден өткен соң диагноз қойылып жатады. Сондықтан бүгінде Денсаулық сақтау саласы мен білім жүйесінің алдында мектепке дейінгі ұйымдардағы мұғалімдерге, бастауыш сынып мұғалімдеріне диагностиканың алғашқы машықтарын үйрету міндеті тұр. Мектепке дейінгі ұйымдарға балалар 2 жастан барады. Ол кезде баланың дамуы кешеуілдеген болса, қандай да бір ауытқу байқалса, сөйлеуінде кемшілік болса, басқа да ерек­шелік­ байқалса, анықтау қиын. Сондықтан да осы бағытта оқытуды пысықтауымыз керек», деді Н.Жұмаділдаева.

Парламент Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева ерекше бала­ларды емдеуден бөлек, ерте жастан қоғамға бейімдеуді ұмытпау керегін еске салды.

«Парламент Сенатында ерек­ше балалардың көбеюіне байланысты оларды оңалтуға қатысты мәселелерді жиі қозғап жүрміз. Біз ерекше қабілетті балаларды барынша емдеп-жазуға ғана көңіл бөлумен шектелмеуіміз керек. Олардың мектепте, жоғары оқу орнында білім алуына жағ­дай жасау қажет. Оңалтуға қатысты са­уал көп. Оңалтудан өткен, оның қыр-сырын білетін азамат ретінде айтарым, бірінші кезекте оның нақты мақсаты болуы қажет. Көптеген ата-ана ба­ласын оңалту арқылы толық­қанды сауық­ты­руды сұ­ра­й­ды. Бірақ, шынын айтқанда, бұл шаруа өте қиын, күрделі. Бүгінде мүгедектігі бар адамдар қоғамның бір бөлігі ретін­де қалыптасып келеді. Кон­фе­рен­цияда қоғамдағы ерекше қабілетті азаматтарға қам­қорлық жасауға қатысты толымды, өзекті ой-пікір, ұсыныс көп айтылды, нәтижесі болады деп сенеміз», деді Л.Қалтаева.

Бүгінде Балаларды оңалту­ ұлттық орталығы жыл са­йын 14 оңалту курсына 4 200 бала қабылдайды. Ай сайын 300-ден астам балаға медициналық оңалту көмегін көрсетеді. Орта есеппен әр бала 16 қызмет түрін алады. Орталықта невро­потологтер, функционалды меди­циналық оңалту мамандары, психологтер, логопедтер, массаж тера­пев­тері, жаттығу терапиясы, физотерапия нұсқаушылары жұмыс істейді. Осынша маманға сұраныстың жыл санап артып отырғаны неврологиялық ауруға шалдыққан балалардың көбейіп бара жатқанын білдірсе керек.

Конференцияда невро­ло­гиялық аурулары бар пациент­тер­ді оңалту, ауруын ерте анық­тау, ин­­н­­­о­­­­вациялық емдеу­ге, оңалтуға қа­тысты кешенді тә­сіл­­дер ұсы­нылды. Қабылданған қарар ел­дегі сауықтыру қызметін одан әрі дамытуға негіз болады. Келелі кеңес барысында үздік невропатолог, реабилитолог, меценаттар, қайырымдылық көмек көрсететін ұйымдардың өкілдері «Алтын шипагер» ұлттық меди­циналық сыйлығымен марапатталды.