Пікір • 14 Қараша, 2024

Ескерткіш – елдіктің өлшемі

760 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тұлға­ларға ескерткіш орнату мәселесіне назар аударып, Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда айрықша айтқаны белгілі: «Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңіс­тігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды», деді Президент.

Жалпы, ұлттық тарихымызда бейнелеу өнері тым кенже дамығаны ащы да бол­­са шындық. Оның ішінде мүсін өнері тіпті кеш өріс алған. Алматыдағы Аманкелді батырдың алғашқы монументтік ескерткішін 1947 жы­лы дағыстандық шебер Хасболат Асқар-Са­рыджаның авторлығымен қоладан құйылып орнат­ылды. Дегенмен кейін­де Хакім­жан Наурызбаев бастаған мүсін­­шілердің талантты бір шоғыры өсіп жетілді.

Кеңестік кезеңде мүсіншілер сол кез­дің саясатына сай, белгі­лі бір тақырып шең­бе­рінен шыға алмай, көбіне-көп түрлі кеңес көсемдерін сомдаумен шектелді. Еліміз егемендік алғалы бері бұл салаға да еркіндік берілді. Қазір мүсіншілер нені, қа­лай кескіндеймін десе де ерік­ті. Әсіресе хандарымыз, ба­тыр-бағландарымыз, би-ше­шен­дерімізді мүсіндеуге кең жол ашылды. Бүгінде ірі қалалар тұр­мақ, алыс ауыл, аудандарға бара қалсаңыз да ел қорғаған батыр бабалар бейнесі қасқайып қар­сы алады. Міне, осы тұрғыда көп болып кеңесетін, әлі де болса ойласатын түйінді мәселелер бар.

Ғасырлар қойнауында бұйы­ғып жатқан батыр бабала­ры­мыз­дың бейнесін халқымен қауыш­тыру әлбетте, құптарлық құбылыс. Дегенмен атамекеннің қамы, атажұрттың бағы жолын­да алысып, арпалысып өткен асыл бабаларымыздың ұлылығын көрсету мақсатында қойылған осы ескерткіштердің бір-біріне тым ұқсас болып келетіні ойлантпай қоймайды. Олардың бәрі бірдей ат үстінде, басында дулығасы, қолында қылы­шы, найзасы. Қайсыбір жылы Катонқарағай ауданына барға­нымызда Қаратай бабаның ат үстінде емес, жанын­да – бір қолында тізгін, бір қолында найза ұстап тұрған ескерткішіндегі мүсінші мен сәулетшінің жаңаша шешімін көрген едік.

Тағы бір келеңсіздік – монументальды ескерткіштердегі сәйкессіздік, яғни бет-бедері, болмыс-бітіміндегі тепе-теңдіктің сақтал­мауы, басқаша айтқанда, мүскін кейіп­ке айналуы. Соңғы жылдар бедерінде орна­тылған осын­дай ұсқынсыз бірді-екілі ес­керт­кіштің қайта алынып тастал­ғаны көпшіліктің жадында болса керек.

Қанша дегенмен, ел көлемінде сәулет, мүсін өнері саласында ұлан-асыр жұмыс атқа­рылып жатыр. Қала, аудандардағы қауырт құрылыс жұмысымен қа­­тар, бұрна­ғы өт­кен хан, батыр, би­лер тұрмақ, көптеген бел­гілі тұл­ғаларымыз, қайраткер­лері­мізге ес­­керт­кіш, бюсттер орнатыл­ды. Алма­тыда бұрыннан қалып­тасқан үрдіспен елдің басты қалаларында есімі берілген көше бойларына, бастарына сол тұлғаның ескерт­кішін қою жақсы дәстүрге айналды. Қала сәніне сәтімен қосылған ескерткіштер көп. Сондай-ақ кейбір қалалардағы, мәдениет ошақтарындағы, музейлердегі мемориалдық кешендер өз алдына бір төбе.

Осы орайда ел көлемінде ба­тыр, билерге қойылған ес­керт­кіш­тердің көбейіп бара жат­қаны ойлантады. Бұл қар­­қын­мен болашақта ескерт­кіш тұрғызылмаған батыр қал­­майтын шығар, тегі. Оған Пре­­зидент сынаған «атасына қойыл­ған ескерткіштерді», бейіт-қорымдардағы қаптаған бюстерді қосыңыз. Келеңсіз-ақ көрініс. Бұдан шығатын қорытынды, жауапты орындар жер-жерде осы мәселеге қатысты жұмысты жүйелі жүргізуі қажет. Орнатылып жатқан ескерткіш-мүсіндерді тізімге алып, оларды күту, қорғауды дұрыс жолға қою керек. Ескерткішті кімге, қалай орнату мәселесі де ел болып, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп, ойласып, ескерткіштер мен монументтер орнату жөніндегі мемлекеттік комиссияның түпкі­л­ікті шешімімен бекітіліп отыруы тиіс. Болмаса, жоғарыда айт­қандай, байлықтың буына семірген қалталылар немесе жалған ұраншыл кейбір азаматтар елді, қауымды жұмылдырып, өз ата-бабасы тұрмақ, өзіне де ескерткіш-мүсін орнатып тас­таудан тайынбайтыны белгілі. Кей өңірлерде бұл тіпті бәсекеге айналып кеткендей.

Еліміз бен жеріміздің қалып­тасуы мен дамуына айрықша атсалысқан, ерлік танытқан, есепсіз еңбек сіңірген батыр бабаларымыз, қайраткерлеріміз қандай құрметке де лайық. Сол тұрғыда ескерткіштер де ұлттық ұлы мұрат­­тарымызды ұлықтауға, ел бір­лігін ны­ғай­туға қызмет еткені абзал.