Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Былтыр 3,1 трлн теңгенің тауары өндірілді
Ертіс-Баян өңірі – еліміздегі ірі индустриялық орталықтың бірі. Соңғы жылдары мұнда әртүрлі салада іске асыруға бағдарланған жобалар көбейді. Әсіресе өнеркәсіп, ауыр өндіріс, мұнай-газ, ферроқорытпа бағытына сырттан айтарлықтай инвестиция құйылды. Былтыр аймақ экономикасы оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Павлодар облысы өңдеу секторының көлемінен еліміздегі үздік төрттікке енді, жалпы құны 3,1 трлн теңгенің тауары өндірілді. Өткен жылы өңір экономикасына 965 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 26 пайызға артық.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева қазіргі жоспар өткен жылғы үдеден асып түсу екенін айтады. Бұған қол жеткізуге мүмкіндік беретін нақты іс-қимыл жетерлік.
«Жалпы сомасы 2,5 трлн теңге болатын инвестициялық жобалар пулы құрылған. Олардың нәтижесінде өңірде жаңадан 10 мыңнан астам жаңа еңбек орындары құрылады. Мұның сыртында жаңа кәсіпорындар, тың жобалар бюджетке қаншама салық, түсім әкеледі. Жыл соңына дейін біз шетелдік тікелей инвестициялар негізінде сырттан 1,1 млрд доллар тартамыз деген ойдамыз. Аталған жоспарымыз іске асса, инвестиция көлемі өткен жылғыдан анағұрлым көп болады. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін, соның ішінде ферроқорытпа өндірісін арттыруға бағытталған 17 жоба іріктелген. Инвестициялар нәтижесінде жеңіл құйылмалы автокөлік дөңгелектері, кабельдік-желілік өнімдер, алюминий катанкаларына қатысты жобалар игерілді. Бұған қоса мұнай-газ химиясы кластерін дамыту мүмкіндіктері де қарастырылады» дейді.
Инвестициялық портфель қалай толығады?
Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы үш жылда жергілікті экономикаға құйылып жатқан инвестициялық қаражат тек өсіп жатыр екен. Биыл алғашқы 8 айда 590,9 млрд теңге тартылған. 2023 жылдың ұқсас кезеңінде бұл тарапта 514,4 млрд теңге есептелгенін ескерсек, биылғы көрсеткіш жоғары. Нақты көлем индексі – 131,3 пайыз. Мамандар бұл жағымды үрдіс алдағы айларда сақталатын болса, облыстың инвестиция портфелі айтарлықтай толыға түсетінін айтады.
«Бүгінде Павлодар облысында 119 инвестициялық жеке жоба пулы құрылды. Нақты 9 жоба биыл іске қосылады деп күтіліп отыр. Жыл басынан тартылған 590,9 млрд теңгенің 80 пайызы – шетелдік инвестиция. Қазірдің өзінде жылдық жоспардың орындалуы – 61,7 пайыз. Жеті айдың қорытындысына көз жүгіртсек, пайдалану бағыттарына байланысты негізгі капиталға салынған инвестициялардың үлесі мол. Мысалы, ол өнеркәсіпте – 267,8 млрд, ауыл шаруашылығы, орман мен балық шаруашылығында – 143,3 млрд теңге, көлік пен қоймалауда – 20,8 млрд, құрылыста – 2,6 млрд теңге. Жыл көлемінде өңір экономикасына шамамен 1 трлн 27 млрд теңге инвестиция келеді деп күтеміз», дейді өңірлік Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Сағыныш Нүркімбаев.
Ұлттық банк деректерінде былтыр Павлодар облысына жалпы сомасы 940,4 млн доллар құйылған деп көрсетілген. Қазір шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 609,1 млрд теңге болатын келесідей жобалар іске асырылып жатыр:
- «Fkibastuzferroalloys» ЖШС – «Ферроқорытпа зауытының құрылысы» (Екібастұз қаласы). Құны – 92,4 млрд теңге. 800 жұмыс орны құрылады. Іске қосу мерзімі – 2024 жыл (Швейцария).
- «Altrade Company» ЖШС – «Алюминий табақтары және алюминий фольгасы өндірісі» (Павлодар қаласы). Құны – 8 млрд теңге. 100 жұмыс орны құрылады. Іске қосу мерзімі – 2024 жылдың IV тоқсаны (Түркия).
- «AnsaSilicon» ЖШС – «Кремний зауытының құрылысы» (Екібастұз қаласы). Құны – 35 млрд теңге. 350 жұмыс орны құрылады. Іске қосу мерзімі – 2025 жылдың І тоқсаны (БАӘ).
- «Еуразиялық механикалық зауыт» ЖШС – «Металлургияда, машина жасауда және энергетикада әртүрлі мақсаттағы бұйымдардың беттерін механикалық өңдеуді ұйымдастыру» (Павлодар қаласы). Құны – 8,2 млрд теңге. 60 жұмыс орны құрылады. Іске қосу мерзімі – 2025 жылдың IV тоқсаны (Ресей).
- «Ertis Qant» ЖШС – «Қант қызылшасы мен шикі қантты өңдеу зауыты» (Ақсу қаласы). Құны – 43,5 млрд теңге. 313 жұмыс орны құрылады. Іске қосу мерзімі – 2026 жыл (Ресей).
- «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС – «Құрамында алтыны бар жоғары көміртекті сульфидті концентраттарды қайта өңдеудің гидрометаллургиялық цехы» (Павлодар қаласы). Құны – 343,4 млрд теңге. 500 жұмыс орны құрылады. Іске қосу мерзімі – 2028 жыл (Ресей).
Бес жоба берекелі бола ма?
Екібастұзда жүзеге асырылып жатқан ферроқорытпа өндірісі жылына 240 мың тонна ферросилиций мен микросилика шығаруға қауқарлы. Өндірілген өнім түрлері келешекте ТМД мен Еуропа, Шығыс Азия елдеріне экспортталады. Ферросилиций – болат, шойын, ферроқорытпа өндірісінде кеңінен қолданылатын әрі әлемдік нарықта сұранысқа ие өнім түрі. Сондықтан жоба өзін толыққанды ақтап, экономикаға елеулі үлес қосады деп күтіліп отыр. Зауыт айналасында аталған өндіріске қатысты шағын және орта бизнесті дамытуға арналған қолайлы жағдай жасалады.
Бұған қоса өңірдің өнеркәсіп саласында 4,1 млрд теңгеге 3 жоба қолға алынды:
- «СНН» ЖШС – жылыту радиаторлары өндірісі;
- «Проммаш КЗ» ЖШС – бағыттамалы бұрмаларға арналған пластикалық жиынтықтауыштар өндірісі;
- «KAZBM-Kazakhstan Building Mixtures» ЖШС – гиперпресстелген кірпіш өндірісі.
Жыл соңына дейін инвестиция сомасы 96,1 млрд теңгені құрайтын тағы 5 жобаны іске енгізу жоспарланған. Олар – жоғарыда айтқан ферроқорытпа зауытының құрылысы, толық циклді кеңсе, мектеп жиһаздарының өндірісі, электрмен дәнекерленген тік тігісті құбырлар өндірісі, алюминий құймалары мен қорытпалары өндірісі.
Аймақта табиғи ресурстардың мол қоры шоғырланғанын, дамыған инфрақұрылым мен елеулі экономикалық әлеует қалыптасқанын ескерсек, алдағы жылдары өңірлік инвестициялық портфельдің ахуалы бұдан әрі жақсара бермек. Бүгінде жергілікті өңдеуші өнеркәсіп саласында жалпы саны 1 027 кәсіпорын жұмыс істесе, өнеркәсіп саласында тұрғындардың төрттен бірі еңбек етеді. Минералды шикізаттың бай қоры жеткілікті. Еліміздің глинозем мен алюминий, көмір, ферроқорытпа, электр энергиясына деген қажеттіліктерінің көп бөлігін қамтамасыз ететін қуатты тау-кен металлургиялық кешені де кідіріссіз жұмыс істеп тұр. Мұның барлығы өңірге жаңа өндірістерді ұйымдастыруда сырттан қаражат тартуға мүмкіндік береді. Оның экономикалық тиімділігі 3-5 жылда байқалатын болады дейді мамандар.
Қант пен картоптың әлеуеті әлі төмен
Облыстың инвестицияға сұранып тұрған салалары жөнінде ой тарқатсақ. Ауыл шаруашылығында игерілмей жатқан тың мүмкіндік көп. Соның бірі – картоп пен көкөніс түрлерін қайта өңдеу. Былтыр Ертіс-Баян өңірінің фермерлері 806,4 мың тонна «екінші нан» жинап, алдыңғы жылғы рекордты бірден 133 мың тоннаға жаңартты. Алайда мұншама аста-төк картопты қайда жіберерін білмей бастары қатты. Салдарынан керекулік фермерлер ала жаздай өсірген өнімдерін арзанға сатуға мәжбүр болған. Мұндай мәселеге биыл да кезігетініне дауымыз жоқ. Павлодар облысына картопты қайта өңдеу кәсіпорындары ауадай қажет. Жалғыз «Saida» ЖК-дан өзге картопты қайта өңдеу кәсіпорындары жоқтың қасы. Крахмал шығаратын зауыт салу туралы мәселе көтерілгелі біраз уақыт өтті. Жоба сөзбұйдаға салынып, созылып кетті. Бұған дейін облыс орталығында картоп қытырлақтарын шығаратын өндіріс те ашылады деп күтілген. Алайда шетелдік инвесторлар қаржы салуға жүрексініп қалды. Сондықтан павлодарлық картоптың әзірше бағы ашылмай тұр.
Екінші мәселе – қант зауытының жобасы. Бұл жобаны іске асыру туралы бастама 10 жыл бұрын көтерілген. Онымен «Павлодар» ӘКК айналысып баққан, бірақ нәтиже жоқ. Оны ресейлік инвесторлар қаржыландырады деп, арнайы пулға енгізілгенімен, зауыттың шын мәнінде салынып жатқаны туралы дерек көзге түспейді. Алдын ала жоспарға сәйкес, кәсіпорын күніне 6 мың тонна қызылшаны өңдеп, шекерге айналдырады делінген. Қант зауытын шикізатпен қамтуға кемі 15 мың гектарда қант қызылшасы егілуі керек. Бұл тарапта жергілікті ғалымдар мен фермерлер тізе қосып, қызылшаның жаңа сорттарын егіп жатыр. 2019 жылы Алматы облысындағы Көксу қант зауытының мамандары Керекудің егіс танаптарында өніп шыққан қант қызылшасының қанттылығы 18-20 пайызды көрсеткенін байқап, таңданыстарын білдіргені есімізде. Сөйтсек, оңтүстікте жиналатын өнімдегі қант деңгейі 15 пайыздан аспайды екен. Сондықтан шикізатпен қамтуда облыс шаруаларының әлеуеті зор.
Өңірдің инвестициялық бастамалары республикалық рейтингте төртінші сатыда тұр.
Павлодар облысы