Облыстың жастар саясаты мәселелері басқармасы жастардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік-экономикалық дамуды қолдауға қатысты түрлі бағдарламаларды атқарып келеді. Алматы облысы жастар саясатына инвестиция сала отырып, жастардың әлеуметтенуіне, кәсіби дамуына, шығармашылық қабілеттерін ашуға бағытталған маңызды жобаларды жіті қолға алып, жүйелі жүзеге асырады.
«Облыста жастардың білімі мен кәсіптік даярлығын арттыруға бағытталған 41 жоғары, арнайы оқу орны жұмыс істейді. Кәсіпкерлікке бағытталған «Бизнес бастау» жобасы жастарды өз ісін бастауға ынталандырады. Шағын несиелеу бағдарламалары арқылы 35 жасқа дейінгі жастарға 5 миллион теңгеге дейін қарыз беріледі. Енді өңір жастарына «Алатау жастары» тұрғын үй бағдарламасының арқасында баспаналы болуға мүмкіндік туып отыр», деді брифингте сөз алған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Ахметов.
Алматы облысында «Отбасы банкімен» бірлесіп «Алатау жастары» тұрғын үй бағдарламасының іске қосылатындығы өңір жастарына серпін берері анық. Жоба 35 жасқа дейінгі (қоса алғанда) облыстың жас тұрғындарына жеке баспана сатып алуға жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді.
«Алатау жастары» бағдарламасы – жастардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға жасалған қадам ғана емес, жас отбасылардың өз үйі туралы армандарын жүзеге асыру мүмкіндігі. Жылжымайтын мүлік бағасының өсуін ескере отырып, мұндай бастамалар аймақтың әлеуметтік саясатында шешуші рөл атқарады. Бағдарламаны іске қосу жастарға тұрақтылық пен болашаққа деген сенімділікті арттыруға көмектеседі. Бағдарламаға қатысу – жайлы үй мен жайлы өмір сүру жағдайларын жасау мүмкіндігі, бұл әсіресе қазіргі қоғам жағдайында өте маңызды», дейді «Отбасы банк» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Анар Естияр.
«Алатау жастары» бағдарламасының шарттарына сәйкес қатысушылардың Алматы облысындағы ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем болмауы тиіс. Оны міндетті түрде зейнетақы жарналарының тұрақты түсімі көрсетілген құжатпен растау қажет. Сондай-ақ өтініш берушінің, оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда аттарына тіркелген жылжымайтын мүліктері болмауы тиіс.
Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысу туралы өтініштер 1-15 қазан аралығында қабылданады. Үміткерлер Қонаев қаласы, 1 ш/а, №41, «Бәйтерек» БО, 1 қабат, акт залы мекенжайында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына өтініш берулері қажет.
Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін әкімдіктен арнайы құрылған комиссия жиналған ұпайларына сәйкес бағдарламаға қатысушыларды іріктейді.
Ұпайлар қалай есептеледі?
– жұмыс өтілі – 1 жыл жұмыс өтілі – 2 балл, қалған әрбір жылға
1 балл (5 жылға дейінгі жұмыс өтілі ескеріледі);
– отбасылық жағдайы – тіркелген неке – 5 балл, тұрмыс құрмағандар – 1 балл;
– 18 жасқа дейінгі балалардың болуы – бір бала үшін – 2 балл, екі, одан да көп бала үшін – 1 балл;
– мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері – 5 балл;
– жалдамалы пәтерді өтеу туралы келісімі бар бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері (көшіп келген, қабылданған мемлекеттік қызметшілер) –10 балл;
– депозитінде кемі 500 мың теңге салымы бар банк клиенттері – 2 балл.
Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың тізімі жасалып, «Отбасы банкіне» жіберіледі. Қатысушылар жұмыс күндері сағат 10:00-18:00 дейін Қаскелең қаласы, Төле би көшесі 50/1 немесе Іле ауданы, Өтеген батыр ауылы, Титов 13а мекенжайларындағы «Отбасы банкінің» бөлімшелерінде төлем қабілеттілігін бағалатулары қажет. Ізінше өз күштерімен баспана табулары керек. Оны сатып алуға банк 18 млн теңге несие береді. Егер мүліктің құны 18 млн теңгеден асатын болса, үміткер айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады.
Бағдарлама қатысушылары баспананы алғашқы нарықтан (пайдалануға берілген болуы тиіс), сондай-ақ екінші нарықтан тұрғын үй (пәтер немесе жеке үй) сатып ала алады.
Алғашқы жарна 10% құрайды. Несиеге сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%-ға тең (ЖТСМ 6,2% бастап 6,8% дейін). Несиенің мерзімі – 19 жылға дейін.
Алматы облысы