Теңге • 02 Қазан, 2024

Теңге бағамы тұрақталды

108 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қыркүйек айында теңге бағамында нығаю байқалды. 1 доллар 481,11 теңгеге дейін, яғни 0,1%-ға күшейген. Ел қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 210 млн доллардан 221 млн долларға дейін өсті. Сауда-саттықтың жалпы көлемі – 4,7 млрд доллар.

Теңге бағамы тұрақталды

Республикалық бюджеттегі трансферттерді қамтамасыз ету мақсатында бірқатар іс атқа­рылып жатыр. Мысалы, қыр­күйекте Ұлттық қордан 945 млн доллар валюта сатылды. Ұлт­тық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 20%-ын құрады. Яғни күніне 45 млн доллардан аспайды. Ұлттық банк қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Ұлттық банк дерегінше, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 40%-ға дейін ұлғайту мақсатында қыркүйекте биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алу операциясын жалғастырды. Оның жалпы сомасы 500 млн долларды немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 11%-ын құрады.

«Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын сатып алу туралы Үкімет шешімін іске асыру аясында Ұлттық банк шілдеде Ұлт­тық қордағы валюталық ак­тив­тердің бір бөлігін сату ар­қылы Ұлттық банктің алтын-валюта резервтеріне конвертациялады. Нарықтың бейтарап қағидатын сақтап, осы операция­ны валюта нарығына шығару мақсатында Ұлттық банк шілде айының ортасынан бастап сатып алынған көлемді біркелкі сатуға кірісті. Аталған операция аясында Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінен сату көлемі қыркүйекте 241,5 млн долларды құрады. 2024 жылғы қазанда 240 млн доллардан 260 млн долларға дейінгі мөлшерде алтын-валюта резервтерінен валюта сатып алу күтіледі.

2024 жылғы қазанда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валю­та­лық үлесін ұстап тұруға 850 млн доллардан 950 млн долларға дейінгі мөлшерде валюта сатып алу жоспарда бар.

Ұлттық банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нары­ғын­да жүргізілетін барлық опе­ра­ция туралы ақпаратты то­лық ашып көрсетуді көздейді. Қыс­қа­мерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқ­сандық салық төлемдеріне, әлем­дік нарықтардағы ахуалға, геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.