Парламент • 02 Қазан, 2024

Мәжіліс депутаты мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізуді ұсынды

80 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқушылары арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің көбеюі оқушылар мен ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыруды талап ететінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжіліс депутаты мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізуді ұсынды

фото halyqline.kz

Депутат әлеуметтік желідегі қауіпті ойындар мен қатыгездікті насихаттайтын контенттер  жасөспірімдердің санасын улап жатқанын атап өтті. 

«Әлеуметтік желіге бақылауды күшейту кезек күттірмейтін міндет деп есептеймін. Желінің кері әсеріне көз жұмып қарау – ұрпақтың болашағына балта шабумен бірдей. Құқық қорғау органдарынан заңнамалық шараларды, әсіресе жасөспірімдерге арналған мессенджерлердегі контенттің гигиеналық нормаларын қатайтуды талап ететін уақыт жетті. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Бас прокуратура және Цифрлық даму министрлігі балаларға қауіпті контентті анықтау және зерттеу үшін ведомствоаралық жауапкершілікті күшейтуі керек»,  деді Сүлейменова.

Оның айтуынша  мемлекеттік органдар  Парламент қабылдаған заңнамалық шешімдердің орындалуын қатаң қадағалауы тиіс, сонымен қатар әрбір ата-ана балаларының интернетте өткізетін уақытын  бақылауға және олардың зиянды контенттен қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.

«Балаларға зиянды ақпаратты автоматты түрде анықтайтын және блоктайтын жаңа технологиялар мен жүйелер  керек. Сондай-ақ оқушыларға желіден келетін қауіпті зерделеп, оқу бағдарламасына цифрлық сауаттылықты арттыру пәнін енгізу қажет, деді депутат.