Облыс халқының жекеменшік үйлері мен коммуналдық ғимараттар жыл бойы орта есеппен 419 мың тонна көмір тұтынады, ал бүгінгі таңда тек 259 мың тонна ғана көмір қоймаларға үйілген. Бұл белгіленген меженің 61 пайызы ғана. Былтырғымен қоса есептегенде, облыстың бюджеттік мекемелеріне биыл 146 мың, ал тұрғындарға 399 мың тонна көмір керек.
Солтүстік Қазақстан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы В.Лукиннің айтуына қарағанда, көмір таратуда әзірге ешқандай талас-тартыс, әбігершілік жоқ. Бағаның да былтырғыдан көп айырмашылығы байқалмайды.
Көмір тасушылар қаланың шегінде жекеменшік үйлерге әкелгеніне тағы 8 мың теңге үстеме қосады. Жарнамада зейнеткерлерге жеңілдік береміз деп жазғандарымен, түрлі сылтаумен ешқандай жеңілдік бермейді. Сонымен тұрғын үйлер 4 тонна көмір алса, 85-88 мыңдай ақша төлейді.
Петропавл қаласының аумағындағы теміржол тұйықтықтарында қазір әртүрлі көмірдің 3 мың тоннадай запасы жатыр. Оларды негізінен қаланың «Жылу» ЖК, «Проминвестуголь» ЖШС, «Отын ЛТД» ЖШС, «Уголь НОРД» ЖШС сияқты төрт кәсіпорны таратады. Бәрінің бағасы жоғарыда айтқанымыздай, 16-20 мың теңгенің аралығында.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Вячеслав Лукиныхтың айтуына қарағанда, көмірдің қымбаттауына байланысты былтыр Петропавл қаласы мен барлық кәсіпорын мен мекемеге жылу мен жарық беретін ЖЭО-2 кәсіпорнының иесі «СевКазЭнерго» АҚ былтырғы 1 қаңтардан бастап өздерінің тарифін 7,8 пайызға арттыратынын мәлімдеген. Алайда антимонополиялық департамент тарифті арттыру туралы өтінімді қанағаттандырудан бас тартқан. «СевКазЭнерго» АҚ сотқа талап-арыз беріп, өздерінің позициясын жақтауды өтінген. Соттың бірінші, аппеляциялық инстанциясы кәсіпорынның талаптарын орынды деп шешіп, жеңісті «СевКазЭнерго» АҚ-ға берген. Алайда антимонополиялық департамент Жоғарғы сотқа кассациялық шағым жазып, өздерінің позициясының дұрыстығын дәлелдеп шығыпты. «Бірақ биыл бұл кәсіпорын бәрібір тарифті аздап өсіретін шығар. Өйткені көмір бағасы былтырғыдан айтарлықтай артпағанымен, бағаның жаппай өсуі әсер етпей қоймайды», дейді маман.
Департаменттің 2024 жыл кезеңіндегі бақылау, талап-арыз жұмыстарына тоқтала кетейік. Жыл басынан бері департамент 6 әкімшілік іске қатысқан. Екі әкімшілік іске қатысты татуласу туралы келісімдер жасалып, қалған әкімшілік істер жөніндегі соттардың шешімдері заңды күшіне енбеген, белгіленген тәртіппен шағымдану әлі де жалғасып жатыр.
Сегіз азаматтық іс жөніндегі сот шешімдері департаменттің пайдасына шығарылған. «Осы жылы Департаменттің өтініші негізінде «Қамқор-2023» ЖШС-на қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді, оның қорытындысына сәйкес табиғи монополия субъектісі болып табылатын кәсіпорын департамент бекітпеген, үлкейтілген тарифті қолданғанына байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 164-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кәсіпорынға 516 880 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», деді В.Лукиных.
Солтүстік Қазақстан облысы