28 Қаңтар, 2015

Ауылдың айтқыштары

849 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Жұлдыз сиреп кетіп еді» Бір молда өзінше білгішсініп: «Бір адам бақидан өткенде, бір жұл­дыз ағып түседі», – депті. Қасында отыр­­ған Қали деген қушыкеш кісі: «Бәсе, 1941-1945 жылдары жұлдыз сиреп кетіп еді. Содан екен ғой», – деп «қостапты». Шолжың қыз Жоғарыда сөз болған жаңағы Қали балаларының кенжесі болғандықтан бір қызын еркелетіп өсіріп, бетінен қақпапты. Әлгі қызы ер балаша киініп, жүр­ген жері төбелес, дау-дамай болыпты. Сол қызы бойже­тіп, тұрмысқа шығатын болып, құдалары келіп отыр­са, Қали: «Келінге жарыған екенсіңдер», – депті күрсініп. Шалқайтудың амалы Жас кезінде көп ауырып, еңкіш тартқан күржік жездесін көрген Қали: «Сенің басыңды кері қаратып салу керек. Сонда шалқайған жігіт боласың» –деп қағытқан екен. Сопақ жеңге Қағытпа сөзден қарап қалмайтын Қалекең бет әлпеті сопақтау келген жеңгесіне: «Түрің самауыр­дағы сурет сияқты», – деп әзілдепті. Адасқан шөп Сайлау деген кісі кезекті бір рейстен кейін тірке­­ме­сіне оншақты тайланған шөп қалдырып үйіне түсіргелі келеді екен. Сол екі арада кеңшар директоры кезігіп қалып: «Көлік үстіндегі шөп қайда барады?» – деп сұрапты. Сайлау: «Бұл негізінде үйге бағытталған еді, енді амалсыз шөп базасына барады ғой», – депті. Сайлаудың сөзіне риза болған директор қарқылдап күліп: «Жарайды, үйіңе түсіре сал», – деген екен. Төркінінен киіп келгені Күзембай деген атамыз жиені Аманжанның үйіне барса, оның келіншегі Қанжу жалаңаяқ жүр екен. Аяғы аздап кірлеу ме, қалай?.. Соны байқаған Күзем­бай ақсақал Аманжан әдейі көрсін деп: «Келін­нің аяғындағы галошы нешінші размер?» – деп сұрап­ты. Онша қысыла қоймаған Аманжан: «Білмей­мін, төркінінен киіп келгені ғой», деген екен. Жинаған Ерекен ҚОРАБАЕВ. Маңғыстау облысы.