Тұлға • 03 Қазан, 2024

Сенат Спикері Түркі әлемінің ұлы тұлғасына арналған халықаралық конференцияға қатысты

138 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Парламенттің бір топ депутаты түркі әлемінің ұлы тұлғасы Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын дәріптеуге арналған халықаралық конференцияға қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Сенат Спикері Түркі әлемінің ұлы тұлғасына арналған халықаралық конференцияға қатысты

Фото: Н.Байбулин

Сенаттың баспасөз қызметінің мәлім етуінше, Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Ясауидің есімі бірегей тарихи тұлға ретінде бүкіл әлемге белгілі екенін атап, халықаралық конференция өткізу ерекше мәнге ие екенін айтты. Сондай-ақ Сенат Төрағасы ғұламаның адамзатты ізгілік пен мейірімділікке шақыратын еңбектерін жан-жақты зерделеуге Мемлекет басшысы үнемі баса мән беріп келе жатқанына тоқталды.

«Президентіміз Ұлттық құрылтайдың отырысында Ислам дінінің Ұлы дала төрінде және түркі әлемінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан Қожа Ахмет Ясауидің мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аударуды тапсырды», деп, Сенат Спикері конференцияға қатысушыларға ілтипат білдірді.

Мәулен Әшімбаев сонымен қатар, Ясауи қазақ халқының ғана емес, бауырлас елдердің бірлігін бекемдеу ісінде маңызды рөл атқаратын тұтас түркі әлеміне ортақ тұлға екенін айтты. Сондай-ақ ол ойшылдың еңбегі – рухани диалог пен мәдениетаралық және дінаралық келісімнің алтын көпірі болатынына сенім білдірді.

«Қожа Ахмет Ясауи түркі жерінде ислам өркениетінің дамуына зор ықпалын тигізді. Ясауидің «Диуани хикмет» атты еңбегі – баршамыз үшін құнды жәдігер. Ол өсиеттерімен адамзатты ізгілікке, бауырмалдыққа, адал еңбекке шақырады. Ясауидің хикметтері бейбітшілік пен сабырлыққа табан тірейді. Ол өзінің шығармаларында адамгершілік пен имандылықты ұлықтап, халықты татулыққа үндейді. Осы ретте мұның бәрі Астанада өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің идеяларымен үндес екенін айта кеткен абзал», деді Мәулен Әшімбаев.

Ауқымды іс-шараға депутаттармен бірге Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, шетелдік және отандық түркітанушы ғалымдар, шығыстанушылар, сарапшылар, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.