Бұл челлендж қазақ қыздарының әсемдігі мен табиғи сұлулығын айқындайтын, сондай-ақ қазақтың бай мәдени мұрасын ұлықтауға арналған іс-шара ретінде танымал. Шаш – қазақ халқының дәстүрінде ерекше маңызға ие. Оны тек сән үшін емес, денсаулықтың, тазалықтың және сұлулықтың белгісі ретінде қадірлейді. Сонымен қатар бұл қазақ мәдениетінің жаңғыруы мен жас буынға оның маңыздылығын жеткізу тәсілі екені анық.
Қазіргі кезде жаһандану үрдісінде көптеген жастар ұлттық құндылықты елемей, Батыс мәдениетіне ауытқуда. мектеп жасындағы қыздар жас шыбық тәрізді, оның түзу болып өсуі отбасы мен мектепте алған тәрбиесіне тікелей байланысты. Жастардың, әсіресе мектеп оқушыларының ұлттық құндылықтарға бет бұруына көмектесетін мұндай бастама ұлттың болашағы үшін өте маңызды.
«Алғаш рет 2023–2024 оқу жылында барлық білім ұйымдарында еліміздің жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген саясаты көрініс тапқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бағдарламаның мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылық негізінде саналы азамат тәрбиелеу. Облысымызда да аталған бағдарлама өз деңгейінде атқарылуда. Соның бір дәлелі, оқу жылы басталысымен Алматы облысы білім басқармасына қарасты барлық орта білім беру ұйымдарында ұлттық құндылықты дәріптейтін «Бұрымды қыз» челленджі бастау алды. Түпкі мәні қазақ қызының бейнесін сақтауға бағытталған. Сонымен қатар бұл акция қыздарға өзін-өзі қадірлеу мен сұлулығын бағалауды үйретеді», – дейді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметкері Ардақ Асылбаева.
Аталған челленджді өңірдің барлық мектептері бір-бірінен қабыл алып, көркіне ақылы сай бұрымдылар қатысып жатыр.
Алматы облысы