Отырыс басталысымен Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов Мемлекет басшысының Жоғарғы сот судьясы лауазымына сайлау туралы ұсынысын оқып берді. Сенаттың салалық комитеті кандидатураны алдын ала қарап, талқылады, нәтижесінде депутаттар Жоғарғы сот судьясы қызметіне Денис Шипті сайлады.
Сондай-ақ Палата отырысында «Биологиялық материал алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралып, мақұлданды. Аталған құжаттың нормалары аса қауіпті аурулардың зертханалық диагностикасын жетілдіруге, микроорганизмдердің (штамдардың) ұлттық коллекцияларын толықтыруға және келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарын эпизоотиядан қорғауға бағытталған. Келісімді ратификациялау ТМД-ға мүше мемлекеттердің жануарлар жұқпалы ауруларының таралуын болғызбау және осындай аурулардың зертханалық диагностикасын жетілдіру жөніндегі күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді.
– Қаралған келісім жануарлардың инфекциялық ауруларының таралуына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруды көздейді. Атап айтқанда, тараптардың аса қауіпті аурулардың таралуының алдын алу, анықтау және жолын кесу жөніндегі бірлескен іс-шаралары қарастырылған. Мақұлданған заң келісімге қатысушы елдер арасында ветеринария саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өз септігін тигізеді деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.
Құжат ережелеріне сәйкес, аккредиттелген және референттік зертханалар мен орталықтарда биоматериалға зерттеулер жүргізу кезінде тараптардың эпизоотиялық ахуалы, сондай-ақ ғылыми мүдделері ескерілетінін атап өткен жөн. Осылайша, материалды іріктеу, қаптау мен тасымалдау халықаралық стандарттарға, оның ішінде Дүниежүзілік жануарлар саулығын қорғау ұйымының ұсынымдарына сай жүзеге асырылады. Келісімге сәйкес, алушы биоматериалды тиісті қорғау (биоқауіпсіздік) жүйесі бар өз зертханасында диагностикалық, мониторингтік жұмыстар немесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында ғана пайдаланады. Кез келген зерттеу аяқталған соң алушы осы зерттеулерді жүргізу нәтижелері туралы өнім берушіні хабардар етуге міндеттенеді.
Сонымен қатар отырыста сенатор Геннадий Шиповских депутаттық сауал жолдады. Ол өз сауалында TikTok платформасында негатив контенттің таралуына алаңдаушылық білдіріп, мұндай мазмұндағы өнімдер балалардың психикалық әрі физикалық ауытқушылықтарына әкеліп соғуы мүмкін екенін, сондай-ақ аталған желі азаматтардың жеке деректерінің киберқауіпсіздігі мен құпиялылығына қауіп төндіретінін атап өтті. Осыған байланысты депутат проблеманы оң шешу үшін бірқатар шара ұсынып, Үкіметті мұны іске асыруға ықпал етуге шақырды.
Сенатордың Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Қазақстандағы TikTok әлеуметтік желісін реттеуді күшейту керектігі туралы мәселе көтерді. Депутат платформаны пайдаланушылардың көбейіп бара жатқаны және оның ішінде жасөспірімдердің көптігіне, одан кейін бұл платформа мазмұнының теріс әсеріне алаңдаушылық білдірді. Кейбір қолданушылар TikTok-ты оң мақсатта пайдаланып жатса да ол бүгінде шөлге тамған тамшыдай болып отыр. Білім деңгейін көтеру мен тарихты зерделеу және басқа да танымдық тақырыпта қолданушылар жалпы мазмұнның аз ғана бөлігін құрайды.
Депутаттың айтуынша, балалардың психикасы мен жалпы денсаулығына теріс әсер ететін, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен деректердің құпиялылығына қауіп төндіретін бейнекөріністер платформада кеңінен таралып жатыр. Геннадий Шиповских Франция, Канада, Қырғызстан сияқты көптеген ел TikTok-ты пайдалануды шектеп, тиісті шаралар қабылдағанын атап өтті.
– TikTok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсынуы керек. Сондай-ақ TikTok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсынуға тиіс. 13 жасқа толмаған балалардың TikTok-қа ата-анасының телефонынан кірген жағдайда Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру керек. Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз. Бұл мәселелердің шешімін табу ел азаматтарының денсаулығын және моральдық құндылықтарын сақтап қалуға, сондай-ақ жастар арасында таралып жатқан қауіпті әдеттерді азайтуға бағытталған қадам болмақ, – деді Г.Шиповских.