Қоғам • 04 Қазан, 2024

Ясауи – ұлт руханиятының темірқазығы

131 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оның жұмысына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Парламент депутаттары, ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, бауырлас түркі мемлекеттерінің мүфтилері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Ясауи – ұлт руханиятының темірқазығы

М.Әшімбаев өз сөзінде Қожа Ахмет Ясауидің есімі бірегей тарихи тұлға ретінде бүкіл әлемге белгілі екенін атап өтті. Ол түркі өркениетінің дамуына және қазақ дүниетанымының қалыптасуына елеулі үлес қосты. Сондықтан ойшылдың мұрасын терең зерттеп, оны дәріптеу аса маңызды. Палата спикері осы тұрғыдан келгенде, халықаралық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу ерекше мәнге ие екенін айтты. Сондай-ақ ол ғұламаның есімін ұлықтап, оның адамзатты ізгілік пен мейірімділікке шақыратын еңбектерін жан-жақты зерделеуге Мемлекет басшысы үнемі баса мән беріп келе жатқанына тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл­тай­дың отырысында Ислам дінінің Ұлы дала төрінде және түркі әлемінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан Қожа Ахмет Ясауидің мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аударуды тапсырды», деді ол.

Сонымен қатар М.Әшімбаев Ясауи тек қазақ халқының ғана емес, бауырлас елдердің бірлігін бекемдеу ісінде маңызды рөл атқаратын тұтас түркі әлеміне ортақ тұлға екенін айтты. Ойшылдың есімі мен еңбегі – рухани диалог пен мәдениетаралық және дінаралық келісімнің алтын көпірі болатынына сенім білдірді.

«Қожа Ахмет Ясауи түркі халықтарының мәдени және рухани өмірінде ерекше орын алады. Ол түркі жерінде ислам өркениетінің дамуына зор ық­палын тигізді. Ясауидің «Диуани хикмет» атты еңбегі – баршамыз үшін құнды жәді­гер. Оның өсиеттері қоғамда адамзаттық ауқымдағы гуманистік құнды­лықтарды дәріптеуге жол ашады. Сондай-ақ адамзат­ты ізгілікке, бауырмалдық пен адал еңбекке шақырады. Ясауидің хикметтері бейбітшілік пен сабыр­лыққа табан тірейді. Ол өзінің шығармаларында адам­гер­шілік пен имандылықты ұлық­тап, халықты татулыққа үндейді. Осы ретте мұның бәрі Аста­на­да өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары съезінің идеяларымен үндес екенін айта кеткен абзал», деді М.Әшімбаев.

Конференцияда баяндама жасаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы түркі жұртының даңқты ғұлама әулиесі Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы жөнінде айта келе: «Оның күллі түркі жұртының рухани тарихында айрықша орны бар. Ол – Ислам дінінің жанашыры әрі насихатшысы, сопылық ілімнің көрнекті ұстазы. XIII-XV ғасыр арасында Ясауи ілімі Хорезм, Мəуреннаһр және Анадолыға дейін жетті. Қазақ елінде Ясауиді құрметтеп, пір тұтқандықтан «Мəдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген тәмсіл пайда болды», деді.

Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлы даңқты бабамыздың адамгершілік пен имандылықты ту етіп, күш-қайратын ізгілік жолына арнағанын, бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндегенін, әр мұсылманның бойында Аллаға деген зор сүйіспеншілік, Мұхаммед пайғамбарға деген ыстық махаббат болу керектігін сүйсіне жырлағанын тілге тиек етті.

Халықаралық ғылыми-тео­рия­лық конференцияда Түркия Дін істері басқарма­сы­ның төрағасы Али Ербаш, Кавказ мұсылмандары діни басқар­масының төрағасы Шейхул-Ислам Аллашүкір Паша-Заде, Өзбекстан мұсылмандары басқармасының төрағасы, шейх Нуриддин Холикназар, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төраға­сы Абдулазиз қажы Закиров, Түркі мемлекеттері ұйымы бас хат­шысының орынбасары Мирвохид Азимов сияқты өзге де қонақтар сөз алып, ойын орта­ға салды.

Орталық Азия, қала берді күллі түркі әлеміне танылған, түркі жұртының рухани құбы­ласы саналған Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеп-зерделеу, осы бағыттағы отандық және шетелдік ғалымдардың ізденістерін бір арнаға тоғыстыру, сондай-ақ тұлғаның даналық хикметтері мен өсиеттерін халықаралық деңгейде дәріптеу, өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыру, жас буынды елдік санаға баулу сынды биік межені мақсат тұтқан халықаралық іс-шара бауырлас елдердің байланысын арттыруға өз септігін тигізбек.