Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 11 қарашасындағы ұлтқа жасаған өзінің Жолдауында Қазақстанның «Нұрлы Жол» деп аталатын жаңа саясат тұжырымдамасын ұсынды. Аталған Жолдауда Мемлекет басшысы болашаққа жолды бүге-шігесіне дейін көрсетіп берді.
Аталған тұжырымдама бүгінгі аумалы-төкпелі заманда Қазақстанның сол құбылмалы дүниеге нақты жауабы болып табылады. Өйткені, қазіргі таңда әлемдік архитектура түрлі өзгерістерге ұшырап жатқаны белгілі. Ал оның ебін табу үшін үлкен білгірлік талап етіледі. Қазақстан Президенті өзінің жаңа Жолдауында уақыт өткен сайын қадам басып келе жатқан қиындықтардан шығудың жолын нақты көрсетуімен ерекшеленіп отыр.
Тұжырымдаманың, сондай-ақ, Қазақстанның әлемдік экономикаға интеграциялануына, сөйтіп, жақын арадан бері пайда болған сын-қатерлерге батыл қарсы тұруға көмектесетіні анық байқалады. Осы орайда, шикізатқа әлемдік бағаның түсіп кетуіне қарамастан, Қазақстан басшылығы өзінің әлеуметтік жауапкершілігін толық көлемінде атқаратынын айтып отыр.
Жаңа Экономикалық Саясаттың негізінде экономикадағы құрылымдық реформалар, сондай-ақ, басқа да инфрақұрылымдарды дамыту үшін қаржы бөлуге мүмкіндік қарастыру қала беретін болады. Осы жоспарларды жүзеге асыру мақсатында Президент 2014-2015 жылдары елдің Ұлттық қорынан 1 триллион теңге бөлінетіні туралы хабарлады. Ал бұл қор экономикадағы сыртқы естен тандыруларды еңсеру үшін және Қазақстан әлі де болса тәуелділіктен толық арыла қоймаған табиғи ресурстарға бағаның қандай да бір түсуіне қарсы тұру үшін құрылған болатын. 2014-2015 жылдары экономикалық өсім және еңбекпен қамтуды қолдау үшін сәйкесінше екі транш бойынша 500 миллиард теңгеден 1 триллион теңге (5,6 миллиард АҚШ доллары) бөлу жоспарланған.
500 миллиард теңге көлеміндегі екінші траншты банк секторын (250 млрд.теңге) нығайту, шағын және орта бизнесті жеңілдікпен (100 миллион теңге) несиелеу, Қорғас кеден бекеті ауданында ерекше экономикалық аймақ («құрғақ порттар») құрылысын салу (81 миллиард теңге), ЭКСПО-2017 құрылысы (40 миллиард теңге) мен Астананы Қазақстанның кейбір облыстарымен байланыстыратын инфрақұрылымдарды дамыту (2,9 миллиард теңге) үшін пайдалану жоспарланған.
Қазақстан ішкі, сондай-ақ, халықаралық инфрақұрылымдарды дамытудың маңызы зор екенін толық көлемінде сезіне алып отыр. Бұл арада ойға алған жоспарларды ішкі өткізу ресурстары, сонымен қатар, Каспий теңізіндегі порттар арқылы жүзеге асыру көзделеді. Осы қатарда алда өндірістік инфрақұрылымдарды дамыту, жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық аймақтарды аяқтау, жаңа өндірістік аймақтар салу міндеттері тұр. Бұл міндеттердің барлығында шағын және орта кәсіпкерлік мәселелері, сондай-ақ, туристік инфрақұрылымдарды дамыту назардан тыс қалмайды.
Ішкі инфрақұрылымдарды дамытуда тағы бір маңызы жоғары мәселе энергетикалық секторды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, сумен және жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту болып табылады. Осы мақсатқа бюджеттен 2020 жылға дейін жылына 200 миллиард теңге бөлу арқылы 2 триллион теңге қарастырылған. Тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту «Әлеуметтік тұрғын үй» бағдарламасы бойынша жүретін болады. Ал бұл бағдарлама ел тұрғындарын қолжетімді баға арқылы баспанамен қамтамасыз етуді көздейді.
70 миллиард және 10 миллиард теңгені кейбір орта білім беру мекемелері мен 10 жоғары оқу орнын жаңғырту үшін бөлу жоспарланған. Ойға алынған бұл жоспар 2017 жылы толық орындалуы тиіс. Және де, Президенттің Жолдауына сәйкес, шағын және орта бизнеске, сонымен қатар, субсидиялы несиелер арқылы кәсіпкерлік қызметке қолдау көрсету қарастырылған. Ал несиелер барынша төмен пайыздық мөлшерлемемен, яғни 10 жыл бойы 6 пайыздық қана өсіммен берілетін болады. Бұл шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына жеткізуге бағытталған.
Ағымдағы жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін Президент Назарбаев 2015-2017 жылдар кезеңінде Ұлттық қордан 3 миллиард АҚШ доллары көлемінде қосымша ассигнация бөлінетіні туралы хабарлады. Аталған қаржыны пайдалану экономиканың түрлі саласында құрылымдық реформалармен қатарласа жүруі ықтимал. Президент Назарбаевтың пікірінше, мұндай қадам Дүниежүзілік банктен, Азия даму банкінен, Еуропа Қайта құру және даму банкі мен Ислам даму банкінен 9 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы тартуға жәрдемдеседі. Ал аталған қаржы құрылымдары Қазақстандағы 90 басым жобаны қолдауға дайын екендіктерін мәлімдеген болатын.
Қазақстандағы инвестициялық қызмет, сондай-ақ, тұрғындар табысы азаюының алдын алу мен жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандыру үшін де маңызды болып табылады. Осымен бір мезгілде, Қазақстан өзінің білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы бағдарламаларын жүзеге асыруды жалғастыруды жоспарлап отыр. Жаңа Экономикалық Саясаттың түпкі мақсаты – Қазақстанды әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына енгізу. Қазақстан дамудың аталған бағдарламалары елдегі тұрақтылық пен үйлесімділікті сақтауға көмектесетініне сенімді. Осы арада «Қазақстан, тек қана алға!» қағидатының терең мағынасы бар екені айқындала түседі.
Қазақстан үшін кеңестен кейінгі кезең табысты болды. Үндістан 1992 жылдың ақпанында Президент Назарбаев сапармен барған алғашқы ел атанды. Мен сапар шеңберіндегі шараларға қатысқаныма қуаныштымын. Сол кезде бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Үндістан мен Қазақстанның өзара қарым-қатынас жасауына жақсы негіздер бар. Бұл негіздер екі елді энергетика, денсаулық сақтау және білім беру салаларында ілгерілетуге жәрдемдесе алады.
Тұтастай алғанда, Қазақстан Үндістанның стратегиялық серіктесі болып табылады. Жалпы, Үндістан Қазақстанның маңызды серіктесі, атап айтқанда, «Нұрлы Жол» жоспарларын жүзеге асыруда маңызды серіктесі болуға қашан да дайын. Үндістан Сыртқы істер министрлігінің жанынан серіктестік бойынша жоспар жасау және әкімшілендіру жұмыстарымен айналысатын жаңа бөлім құрылған. Ал бұл бөлім Қазақстан тарапымен ынтымақтаса отырып, екі ел мен халықтың ынтымақтастығын арттыра түсіру үшін кешенді жоспарлар жасауға әбден қабілетті дер едім.
Парамджит С.САХАЙ,
белгілі үнді дипломаты, саясатшы және ғалым.
Бұл – құнды нұсқаулық
Наваз Марви МЕМОН,
Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының (Парламент) депутаты.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауы – бұл мемлекеттің қазіргідей күрделі кезеңде өсуі мен дамуын қамтамасыз ету үшін іс-қимыл жасауда бағалы нұсқаулық болып табылады. Қазақстан өңірдің экономикалық күші болу үшін жақсы перспективаларға ие.
Жолдаудың негізгі идеясы халықтың өмір сүру деңгейін арттыру болып отыр. Елдің басшылары қолда бар ресурстар мен оларды бөлудегі басымдықты дәл осылайша айқындауы тиіс.
Бұл жерде Қазақстан Президентінің ұлттық резервтерді пайдалану бойынша шешімдерінің дұрыстығына қатысты ұлттың сенімі аса маңызды.
Маңызы жоғары бағдар
Масум ЯСИНЗАЙ,
Халықаралық Ислам университетінің ректоры, доктор (Исламабад).
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауы – прагматикалық және алысты болжайтын құжат. Аталған бағдарлама Қазақстанның қазіргі аумалы-төкпелі кезеңдегі экономикалық саясаты үшін маңызды бағдар болып табылады.
Ауыл шаруашылығы – ұтымды сала
Фасих УДДИН,
сарапшы, Пәкістанның бұрынғы Бас экономисі.
Жолдауда белгіленген басымдықтар елдегі істің нақты жағдайын дұрыс есепке алуымен ерекшеленеді. Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында үлкен әлеует бар екені бізге де белгілі. Ал бұл өз кезегінде нақ осы саланы дамыту мен инвестициялау үшін алғышарттар жасайды. Сонымен қатар, аталған салада жаңа жұмыс орындарын құрып, ауыл шаруашылығы өндірісі бойынша қызмет көрсетуді ынталандыру елді алға қарай айтарлықтай ілгерілететіні анық.