Үшемнің ата-анасы Құрманғазы ауданындағы Сафон ауылында тұрады. Жас отбасы 2016 жылы отау құрған. Бұған дейін Мұрабек Құмаров пен Арай Ерғалиева – бір ұл мен бір қыздың ата-анасы. Енді көпбалалы отбасына айналды. «Өмірге үш ұлды аман-есен әкелген келінімізге ризамыз. Бірден үш сәбиді босану оңай емес. Немерелерін әжесі үйде күтіп отыр. Сәбилерге Нұрислам, Нұриман, Нұрмұхамбет есімін бердік. Перинаталдық орталық дәрігерлерінің еңбегіне табыс тілейміз», дейді үшемнің атасы Салық Испергенов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің айтуынша, жыл сайын 170-ке жуық егіз дүниеге келеді. Ал бұл үш ұл – биылғы екінші үшем.
Үшемнің анасы ауылдағы мектепте жұмыс істейді. Тарих пәнінен сабақ береді. Әкесі былтыр Құрманғазы аудандық полиция бөліміне жұмысқа орналасыпты.
«Өмірге сәби әкелу – әр ананың арманы әрі ерекше бақыты. Дәрігерлер сәбилерімнің аман-есен дүниеге келуіне көп қолдау көрсетті», дейді Арай Ерғалиева.
Атырау облысы