Осы фольклордың мән-мазмұны бір кездері, яғни қоғам сатысымен айтсақ, феодализм кезінде – XX ғасырдың басына дейін мына тұрғыда баяндалыпты: «Кедей болып дүниеге келеді. Есейіп, ержетіп, ақылдылық арқасында адал еңбекпен ер жетеді... Болмаса жапыра жау тауып, елімен еңіреп ержетіп, кек алуға аттанып, батыр болып бақ орнатады. Аталар айтқан ауыз әдебиеті – кілең батырлық, адал махаббат, адамгершілік, әдет-ғұрып төңірегінде өрбіп, бір сөзбен – өнегелі ұрпақ өсіп өнетін».
Ал одан кейінгі кезеңде, яғни социализм заманында ұранымыз «Жасасын партия!» болып, «Ұлы Ленин ұрпағы» боп өстік. Қаршадайымыздан галстук тағып пионер атанып, партия жырын жырлап өстік. Есейіп ес кіре комсомолға өту парызымыз болып, еститініміз де, оқитынымыз да, болашағымыз коммунизм болып, қалқан құлағымыз қалқайып, уайым-қайғысыз ержеттік. Тек партияны тыңдап, айдағанымен жүрсек, күндердің бір күнінде коммунизм атты ғажап кезеңге тап болатынымызға құдайдай сендік. Еститін әніміз де, жырымыз да, яғни аға ұрпақ айтар фольклорымыз осы тұрғыда ғана айтылатын.
Ал қазір ғажап! «Капитализм» атты қатыгездеміз. Оның нендей қоғам екені бесіктен белі шықпаған балаға белгілі. Ал бұл қоғамда айтылар «ауыз әдебиеті»: «Ақша! Тек ақша! Ақшаң болса қалтаңда, талтаңда да талтаңда» дейміз. Абай атамыздың: «Есектің артын жусаң да, мал тап» дегенін гөй-гөйлетіп айтамыз, ұранның ірісі ретінде жалындатамыз. Банкир бол, сот бол, шорт бол – табатының табыс болсын дейміз. Билікке ұмтыл, бизнесті тұмардай тұт, адамгершілікке алаңдама, кісілікке қарама, белінен бас, ұятты ұмыт. Ақша жолында жалпайып жат, табыс төріне жонарқаңды тос. Ақша атаңнан да үлкен, шешеңнен де шерлі. Қатар тұра қалса, атаққа құмарт, билікті бас сал. Билік пен бизнес ағайын, ағаң да, көкең де, көл-көсір болашағың солар» деп басталып, әріге әмір-жемір ақыл-кеңес жалғаса береді.
Яғни әзірге өсер ұрпаққа айтылар «ауыз әдебиеті» осы.
Берік САДЫР