28 Қаңтар, 2015

Дара тұлға, дарынды басшы

773 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
IMG_2720 Батыр Баукеңнің, яғни Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» деген кітабын кезінде қалың жұртшылық қолдан-қолға өткізіп, қызыға оқыған еді. Онда Баукеңнің өзі туралы «мен өйттім, мен бүйттім» деген сөзді әсте де кезіктірмейсіз. Алайда шығар­маның атының өзі айтып тұрған­дай, батырдың ұшқан ұясы, ол тәр­биеленген орта туралы толық мәлі­мет алып, болашақ қыранның түлеп ұшқан ұясын толық көз алдыңызға келтіресіз. Ақыр соңында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген ұлттық тәмсілдің ұлылығы мен ұлағаттылығына басы бүтін бас иесіз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, еліміз­дің заңдылық тұғырын бекіту­ге елеулі еңбек сіңіріп, ел туының асқақ желбіреуіне өзіндік үлесін қосқан әділет генералы Рашид Түсіпбеков туралы әңгімемізді ол кісінің де ұшқан ұясынан бас­тағанды жөн көріп отырмыз. Рекеңнің әкесі Төлеутай Түсіп­беков – Қарағанды қаласында отызыншы жылдары ашылған Жамбыл атындағы тұңғыш қазақ орта мектебінің түлегі. Бүкіл ғұмы­рын бір-ақ салаға – ішкі істер қыз­метіне арнаған ол өз әріп­тес­тері­нің, тіпті былайғы жұрт­шы­лық­тың арасында беделі биік бол­ған абзал азамат еді. Ол мұндай атақ­қа жо­ғары азаматтық парасаты және адал еңбегінің арқасында қол жеткізді. – Оның жарқын жүзі, аңқылдаған пейілі көңілімізден бір сәт те кеткен емес, – деп жазды кейінірек Төкең­нің тағы бір сыныптасы қарт журналист Қали Аманбаев. – Ол үйде де, түзде де бірқалыпты шуақ­ты жан еді. Ол бәрімізге өмір­дің мәні мен шындығын айқара ашып беріп кетті. Оның әлі күнге келбеті көмескіленбей, арамызда тірі жүрген адамдай көрінуінің де бір сыры осында болса керек. Өз қызметін өмір бойы адал атқарып, әрқашан әділдіктің ақ туын биік ұстап өткен Төкең полковник шенінде зейнеткерлікке шықты. Бар тірліктің тізгіні қызыл имперя­ның астанасы Мәскеудің қолында бол­ған ол кезде бұл қазақ азаматына бұйырған үлкен олжа болатын. Ол үш ұл, үш қыздың асқар таудай әкесі атанды. Осы үш ұлдың бәрі де кейін әке жолын берік ұстанып, құқық қорғау саласының белді де беделді, білімді де білікті офицерлері болды. От иесі әке болса, оның киесі ана дер едік. Шыңырақ – отағасы болса, әйел-ана оның босағасы. Аталарымыздың: «Шаңырағың-биік, босағаларың берік болсын» деп ақ баталарын ақтарып жататыны содан болса керек. Шаңырақ иесі мың жерден мықты болса да босағаң мықты болмай, берекенің бай­лауы, тұр­мыс­тың тұрлауы жоқ. Түсіпбековтер әуле­тінің терең тамырланып, әуелеп өсіп, мәуелеп жапырақ жайып, өсіп-өркен­деуіне, ұлдарының самғап-ұяға, қыздары­ның қанат қағып қияға қонуына Балкен ананың еңбегі өлшеусіз. Балкен апамыз бен оның құрбыларына өмірдің ең бір қиын кезе­ңін бастан кешіруге тура келді. Олардың балалық шағы да, бойжеткен бұла кезі де сұрапыл соғыс тұсына дөп келді. Буындары қатпай жатып ауыр жұмысқа жегілді. Барлық ауыл тұрғындарымен бірге ертеден қара кешке дейін еңбек етіп, жеңістің жақындауына хал-қадерінше өз үлестерін қосты. Бал­кен Саздықұлқызы ауылда жүріп соғыстың адам айтқысыз алапат ауыртпалығын қаршадай басымен қайыспай көтерді. Соғыстың соңына таман ол тағдырдың айдауымен Қарағанды қаласына келіп қалалық болды. Ол бар бақытын, өмірлік қосағын осында тапты. Өмірдің ащы-тұщы дәмін татпай жатып, мектептен кейін бірден қайнаған қан майданға аттанып кеткен ол кездегі ұрпақ үшін былайғы өмірге бірден араласып, өмірдегі өз орнын бірден тауып кету оңай болған жоқ. Тұралап қалған тұрмысты түзеп, лайықты жұмыс тауып, білім алу, отбасы құрып, шаңырақ көтеру, міне, осының бәрі соғыстан кейінгі қиын кезеңде оңайға соқпағаны анық. Сол бір сұрапыл жылдардың төлдері Төлеутай мен Балкен қол ұстасып жүріп, татулық пен табандылықтың арқасында осы қиындықтың бәрін жеңе білді. Балкен ана үй шаруасы, бала тәрбиесімен қатар жұмысынан да қол үзген емес. Сол бір қиын кезең­де әйелдерге осылай екі май­данға бірдей араласуға тура келді. Сол заманның алапат қиыншы­лығына қайыспай жүріп екеуі алты балапанын аман-есен өсірді. Олар бала тәрбиесінде «Бұлақ көрсең көзін аш» деген халқымыздың қасиетті қағидасын берік ұстанып, әр бала­сының бойынан жылт еткен жақсы қасиет көрсе, соны суырт­пақтап бері шығарып, әрі қарай дамытуға күш салатын. Бұл енді қазіргі ұғыммен айтсақ халықтық педагогиканың нақ өзі еді. – Олардың отбасы қонақтан арыл­майтын, – деп жазады Қали Аманбаев. – Ол отырыстар жай ырду-дырду емес, міндетті түрде тәлім-тәрбиелік жағына көңіл бөлінетін. Шақырылған қонақтар­дың дәмді де мәнді сөздері, өрелі өнегесі байқалса, Төкең мен Балкен солардың бір дәнегі болса да бала­ларының көкірегіне егіп жіберуге әрдайым дайын отыратын. Түсіпбековтердің жора-жолдас­тары кейін олардың балаларының жан дүние­лерінің тап-таза болып желкілдеп өсіп келе жатқандарын көріп, риза болатын. Оларды әрдайым үлгі тұтатын. Қарапайым қазақы тәлімге құрылған бұл тәрбие ақыры өзінің тамаша жемісін берді. Олардың отбасыларының барлық балалары өмірден өз орындарын ойып тұрып алып, алды ауызға іліккен азамат болды. Ата-аналарының қадір-қа­сиетт­ері мен тәлім-тәрбиесін бой­лары­на қапысыз сіңіре білген олар өмірдегі өз биіктерін адаспай тапты. Бар бақыттың бастауы Балкен апа өзі өмір бойы сауда саласында істесе де күнделік жазады екен. Сөздері нық, ойлары анық. Асыл ананың балаларына деген күн шуағындай мейірімі, ананың балаға деген ақ пейілі сол дәптердің ішінде мөлдіреп тұнып тұр. – Алла қуат беріп, күндіз дем алмай, түнде тыныш ұйықтамай, осыларға ақыл, бақ бере гөр, деп Алладан тілек сұраумен болдым. Тілегім періштенің құлағына шалын­­ған шығар, шүкір, балаларым ізгілік­ті, кісілікті болып ержетті. Аллаға мың тәубе! Екі дүниеде ри­замын, – деп толғаныпты асыл ана өз күнделігінде. Кейін ол кісінің ұлдарының бірі де бірегейі Рашид Төлеутайұлының қол ас­тында он жыл істеп, анасы айтқан сол ізгілігін көріп, кісілігін сезіну бақытына ие болған жан­ның бірі мен­мін. Президенттің Жар­лығымен, ел Парламентінің мақұл­дауымен Бас про­курор болып тағайындалғаннан кейін көп ұзамай-ақ мені өзінің баспасөз хатшылығына шақырды. Сол кездегі ұрпақтың үрдісіне сай ол бұл қызметке бірден ие бола қойған жоқ. Бұл биік лауазымның барлық сатысынан абыроймен өтіп, бұл қызметке мол тәжіри­бемен келді. Өміріне бір сәт көңіл қойып, көз жіберсек, оның өзінің еңбек жолын өрт сөн­діру бөлім­шесінде қарапайым жүргізушіден бастаға­нын көреміз. Бір қызығы содан бері бетімен жіберсе ие бермей кетіп, қоғам өмірін өртше жалмап, көктей солдыратын қылмыс атаулымен талмай күресіп, оны өршітпей өшірумен келеді. Кейін Қарағанды универси­тетінің заң факультетіне түскеннен кейін де ол бұл жұмысынан ажы­раған жоқ. Ол кезде қосағынан айырылып, бар ауыртпалық өзінде қалған, анасына салмағын салмады. Сөйтіп жүріп, оқуын да бітірді. Және қалай бітірді десеңізші, қатарының алды болып, үздік атанып, қызыл дипломға ие болды. Болашақ генералдың таланты осылайша сол кезде-ақ танылған еді. Ол оқу бітіргеннен кейін Қараған­ды қаласының Совет аудандық сотында үш ай тағылымдамадан өткеннен соң, сол кездегі үрдіс бойынша халық судьясы болып сайланды. Тек адал еңбекті ғана мақсат тұтатын ұядан ұшқан ол 28 жасында Нұра аудандық сотының төрағасы болды. Бұл орында сот сала­сының алдыңғы шебін­де тоғыз жыл жүріп, толымды тәжі­рибе жинап, ерен еңбекшілдігімен көз­ге түскен ол облыстық сот төрағасы бо­лып тағайындалады. Сөйтіп, оты­зында орда бұзған ол қырқында қорған да бұзып, айтулы азаматқа айналды. Өзінің құдай қосқан қосағы Күләш Аташқызы екеуінің төрт ұлының біреуінің Нұраби деп есім алуы сол тұс. Адал еңбек пен арлы жол оны әрдайым алға жетелеп отырды. Білімді маман, білікті басшы болып танылған ол тәуелсіз еліміздің жаңа астанасына шақырылып, енді Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы болып тағайындалды. Осы Жоғарғы Сот жанын­да құрылған Сот әкімшілігі жөнін­дегі комитеттің де алғашқы төрағасы бол­ған осы Рашид Төлеу­тайұлы еді. Осы қыз­меттердің қай-қайсында болса да ол оларды тәуел­сіз еліміздің жаңа үрдісіне сай жа­ңаша жаңғыртуға үлкен үлес қосты деп ауыз толтырып айта аламыз. Жаңа басшылардың ішінде тізгін­ге ие болысымен бұрынғы қалып­тасқан қалыптың бәрін тәрк етіп, жаппай өзгертуден көз аштыр­май, өзіне тапсы­рылған саланы сапырылыстырып жата­тындары болады ғой. Жаңа Бас прокурор бойын ондайдан әу бастан-ақ аулақ ұстады. Бәрін де бұрынғы тәжірибелі қызмет­керлермен, орынбасарлары Оңал­сын Жұмабеков, Ілияс Бақтыбаев сияқты осы саланың айтулы білгірлерімен ақылдаса отырып шешті. Соның арқасында шалт басқан жаңылыс қадамға жол берілген жоқ. – Рашид Түсіпбеков келгеннен кейін прокуратура еліміздің Ата Заңында белгіленген өзінің негізгі қызметімен неғұр­лым түбегейлі айналысатын болды, – деп еске алады Ілияс Бақтыбаев. – Яғни, заңдардың қолданылуына жоғары қада­ғалауды жүзеге асыруға осы тұста ерекше бетбұрыс жасалды. Бұрынырақта халық арасында «Құқық қорғау органдарының қылмыстылар арасында шабақтарға ғана әлі келеді, ал жайындары болса жайына кетеді» деген әңгіме болатын. Ал Түсіпбеков тұсында заң алдында жұрттың бәрінің де бірдей жауап беретіндігі нақты іспен дәлелденіп, жұртшылықтың құқық қорғау органдарына деген сенімі еселеп артты. – Түсіпбековтің тұсында жоғары қадағалау органының жұмысы жаңа сапалық деңгейге көтерілгені даусыз шындық, – дейді Ілияс Бақтыбаев. – Бүгінгі күні оның сан-салалы қызметінің өз деңгейінде жалғасып жатқанының өзі сол тұста дұрыс бастау алғанының анық белгісі. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту саласында да салиқалы қадамдар жасалып жатты. Шетелде ұсталған қыл­мыс­керді алғаш рет экстрадиция жасап, елімізге алып келгенін кеңінен жариялап, алғаш ақпарат бергеніміз әлі менің есімде. Айтпақшы, Қазақстан Респуб­ликасы Бас прокурорының баспасөз қызметі ресми түрде тұңғыш рет арнайы бұйрықпен осы тұста құ­рыл­ды. Ол бойынша мен Бас про­к­у­ратураның тұңғыш ресми бас­пасөз хатшысы (Баспасөз қыз­метінің басшысы) болып тағайын­далдым. Сөйтіп, Рекеңнің арқасында ел прокуратурасының тарихына ілігіп қалғанымды әрқашан мақтан тұтамын. Бас прокуратураның ресми өкілі­нің жұртшылықты жеті сайын осы салада жасалып жатқан жаңа­лықтармен таныстырып тұру үрдісі де Рекеңнің тікелей бас­та­машылығымен жүзеге асты. Қыс­қасы бұрын жабық мекеме болып саналатын прокуратура саласының есігі журналистер мен жұртшылық үшін айқара ашылды. Рекеңнің тағы бір ерлік ісі про­куратура қызметкерлерінің ерекше есінде қалды десем шындық­тан аулақ кетпес­пін. Кейбір шенеу­нік­тердің, әсіресе, сыбай­лас жем­қор­лыққа жақын жандардың арасында прокуратураның мықты­лы­ғын қаламайтындарының бар­лығы шындық. Олар көбіне өз­дерінің жеке бастарының қамы үшін прокуратураны әлсіретуге тырысатыны да рас. Бірде сондай бір жасырын, жымысқы күштердің ық­палынан ба, бүкіл прокуратура қыз­меткерлерінің формасын алу керек деген әңгіме бұрқ ете қал­ды. Бұл бәріміз, әсіресе, форма киюді талай жыл армандап келіп, қолы енді жеткен жастар үшін кәдімгі қиын іс болды. Тіпті, осы саладан кетпекші бол­ған­дар да табыла бастады. Не керек, аса бір асылымыздан айырылғандай болып бәріміз де абдырап қалдық. Рекеңнің сонда табандап отырып дәлелдеп, ақыры прокуратура қыз­мет­керлеріне формасын қайта кигіз­г­енін ерлік демегенде не дейсіз. Бүгінде Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы болып отырған Рашид Төлеу­тайұлы Түсіпбековтің Әділет ми­нистрі, Қаржы полициясының басшысы кезіндегі келелі істері де халықтың көз алдында демекпін.  Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ, әділет полковнигі. АСТАНА.