Еңбек • 05 Қазан, 2024

Кондитер цехы кеңейе түсті

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының пәрменімен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы қазір әр өңірде өз нәтижесін бе­ріп жатыр. Аталған жоба аясында облыста мыңға жуық тұр­­ғын­ға шағын несие берілген. Соның бірі әрі бірегейі Қарасай ауда­ны Еңбекші ауылының тұрғыны Аманкелді Көжебаев дер едік.

Кондитер цехы кеңейе түсті

«Кәсібімді кеңейтуді көптен ойлап жүргенмін. Бірақ қаржы тап­­шылығы қолбайлау болды. «Ауыл аманаты» бағдар­лама­сы­ның жүзеге асуы қолымды ұзарт­ты. Қолыма тиген 8 млн теңге­ге биз­нес-жоспарымда көр­се­тілген үлкен пеш, кондитерлік арнайы үстел­дер мен тоңазытқыш сияқты ең қажетті құрал-жаб­дық­тарды ше­тел­ден тапсырыспен сатып алдым. Мемлекет тарапынан осындай мүм­кіндіктің болып жатқаны қуан­­тады», дейді Аманкелді Көже­баев.

Айтуынша, өніміне тұрақты сұраныс бар. Сондай-ақ кәсі­бін кеңей­тудің нәтижесінде жұ­мысшы қатары көбейген. Бас­тапқыда 4 адаммен жұмысын бастаған кондитерлік цехта бүгінде 10 адам еселі еңбек етеді.

Цехқа келген жұмысшылар алдымен сынақ мерзімінен өтеді. Толық үйреніп, бейімділігін бай­қатады. Кәсібі ұнап, әрі қарай жұмысын жалғастыруға ниетті болса, ресми түрде құжатпен жұ­мыс­қа қабылдайды.

«Ауылда еңбек еткісі келетін адам аз емес. Егер алдағы уа­қыт­та бұдан да жоғары деңгейде дамитын болсақ, еңбек адам­дарының табысы артып, тұрмысы да жақсарады», дейді кәсіпкер.

Ауылдастарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсы болуын қалайтын арда азамат келешекте жұмысшы санын 30-40-қа жеткізуді ойластырып отыр.

Ауылдағы ағайынның қам-қарекетін күйттейтін «Ауыл аманаты» бағдарламасы жылдық 2,5 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен 5 жылға дейінгі мерзімге шағын несие беруді көздейді. Мал шаруа­шылығы саласындағы жоба­лар үшін шағын несие мерзімі – 7 жыл. Шағын несиенің ең жоғары сома­сы – 2,5 мың айлық есеп­тік көр­сеткіш (2024 жылы – 9,2 млн тең­ге), ауыл шаруашылығы коо­пе­ра­­тивтерін дамыту үшін – 8 мың АЕК (2024 жылы – 29,5 млн теңге).

Әр өңірдегі сенім білдірілген өкіл болып саналатын әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорация бағдар­ла­ма қатысушыларының неғұрлым жеңілдетілген шағын несиеге қол жеткізуіне көмек береді.

 

Алматы облысы