Мекемелерде адамдардың орташа жылдық санының 51 пайызын жарымжан жандар құрайтын болса, ол «мүгедектер ұйымы» деп танылып, арнаулы жеңілдік пен басымдыққа ие болады. Орталық, жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін қорғайтын шешімдер қабылдап, денешынықтыру, спорт саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп спорттық іс-шаралар ұйымдастырады. Сондай-ақ аумақтық мәдениет органдарымен бірлесіп, ағартушылық, мәдени іс-шаралар өткізіп тұрады. Мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне, сондай-ақ олардың ұйымдарына өздерінің меншігіндегі ғимараттар (құрылыстар, құрылысжайлар) салынған жер учаскелеріне меншік құқығы өтеусіз беріледі.
Мүгедек жандарды медициналық оңалту саласында да мемлекет қамқорлығы үлкен. Медициналық ұйым көрсетілетін қызметтердің көлемін, оңалтуды жүргізу түрлері мен мерзімін көрсете отырып, сырқаты бар бөбектерді оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеп, оны жүзеге асырады. Мүгедектігі бар адамдар мен жарымжан балаларды санаторийлік-курорттық емдеумен қамтамасыз ету де осы Кодексте көзделген. Сондай-ақ мүгедектерге техникалық көмекші (компенсаторлық), арнаулы жүріп-тұру құралдарын әперу, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекшінің қызметін ұсыну, есту қабілетіне қатысты мүгедектігі бар адамға ыммен сөйлесу маманының қызметтерін ұсыну қарастырылған.
Мүгедектерге заңға сәйкес қамқорлық пен қолдау жасау еліміздің аймақтарында әртүрлі деңгейде. Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектігі бар адамдарға 670-тен астам нысан бейімделген. Жарымжан жандардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету, оларға қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында облыста 678 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны дайындалған.
Қазір елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету, өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар, «Аmanat» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған жол картасы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылып жатыр. Партия жол картасында 2023–2027 жылдар аралығында Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 35 мыңнан астам нысанды бейімдеу көзделген. Жыл сайын нысандардың 20 %-ы бейімделуге жатады.
Соның ішінде осы жылдың соңына дейін Солтүстік Қазақстан облысында 634 нысанды бейімдеу жоспарланған, алайда жоспар артығымен орындалып, жоғарыда айтқанымыздай, 678 нысанда бейімдеу жұмысы жүргізілді. Соның ішінде 186 – мемлекеттік ұйымда, 73 – денсаулық сақтау, 215 – білім беру, 45 – мәдениет, 81 – сауда, қызмет көрсету, 18 – спорт, 7 – әлеуметтік қорғау, 7 – көлік инфрақұрылымы нысанында, 5 – қоғамдық тамақтану орнында, 41 тағы басқа жерде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына түрлі қызметтер қолжетімді.
Жарымжан жандарға деген қамқорлық нәтижесінде олардың кейбір ұйымдары әлемдік ареналар мен сахналарды бағындырып жүр. Мысалы, есту қабілеті төмен жастардан құрылған «Sensitive» балдық ансамблі Солтүстік Қазақстанның атын әлемге танытып, түрлі халықаралық конкурстардан 17 Гран-при, 37 бірінші орын ұтып әкелді. Мүгедек жандардың спорттағы табыстары да аз емес.
Өздеріне заңға сәйкес жасалуға тиісті қамқорлықты талап етуді де солтүстікқазақстандық мүгедек жандар жақсы біледі. Мысалы, бірінші топтағы мүгедек Кәрім Ақжан «Горизонт» сауда үйі мен «Квартал» бизнес-орталығында мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділікті талап етіп, ақыры өтініші жүзеге асты. «Менің өтінішіммен әлеуметтік қорғау департаментінің қызметкерлері жоспардан тыс тексеру жүргізіп, соның нәтижесінде аталған ескертулерді жою шаралары қабылданды», дейді ол.
Бұдан өзге, департамент 2024 жылдың 8 айында мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік салаларындағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына 67 тексеру жүргізген. Оның 22-сі – жоспардан тыс тексерулер, 36-сы – профилактикалық бақылау, прокуратураның талабымен 9 тексеру болған. Тексеру барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы 51 ұйғарым беріліп, 2 млн теңгеден астам сомаға 7 әкімшілік айыппұл салынды.
Солтүстік Қазақстан облысы