Саясат • 05 Қазан, 2024

Заң мен тәртіптің өлшемі

183 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше елордамызда Қазақстан судьяларының ІХ съезі өтті. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, еліміздің барлық аймағынан келген судьялар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты.

Заң мен тәртіптің өлшемі

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бір­дей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті сот органдары азаматтардың бас­ты қорғаны болуы керек. Елде заң үстем­дігі орнаса, халықтың билікке де­ген сенімі нығаяды. Жиында сөз бас­та­ған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Ол еліміздің сот сала­­сын кешенді реформалау ісіндегі қол жет­кізген негізгі жетістіктеріне тоқталды.

– Елімізде Конституциялық сот құрылды. Сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайды. Сала бюджетін басқару құзыреті қазылар қауымының өзіне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды іріктеу жүйесі жаңар­тылды. Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалады. Жоғарғы соттың судья­лары Конс­титуцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болды, яғни оларды Сенат баламалы негізде таңдайды. Алқа билер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады. Қазір оларды іріктеу жұмысы цифрлық жүйеге толық көшкен. Сондай-ақ Әкімшілік әділет қызметі пайда болды. Бұл құрылым жеке адамдардың және кәсіпкерлердің құқығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Бүгінде сот істерінің жартысынан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіліп жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Түптеп келгенде, мұның бәрі экономиканы өркендетуге және еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға жол ашады, – деді Президент.

па

Мемлекет басшысы соттардың қызметін одан әрі жетілдірудегі басым міндеттерге назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сот төрелігіне қол жет­кізуде соттардың шешіміне касса­циялық тәртіппен шағымдану мүмкіндігін беру маңызды.

– Биыл шілде айында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот құруды қарастыратын заңға қол қойдым. Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бас­тап кіріседі. Қазір оған қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу маңызды. Кассациялық соттардың кадрлық құрамы тәжірибелі судьялардан жасақталуы керек. Касса­циялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүр­гізуге оңтайлы жағдай жасайды. Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл қадам Жоғарғы соттың жүктемесін азайтады. Енді Жоғарғы сот органы сот практикасының бірың­ғай болуын қамтамасыз ету жөніндегі міндетіне алаңсыз кірісе алады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, келесі басымдық – саланы цифрландыруды жалғастыру.

– Цифрлық технологиялар аза­маттардың сот үдерісіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті. Еліміз­де арнайы ақпараттық жүйе бар. Судьялар сол арқылы басқа соттардың шешімдерімен таныса алады. Бұл – әділ сот актілерін қабылдауға мүмкіндік беретін ұтымды тәсіл. Соның арқасында ортақ мәлімет қоры қалыптаса­ды. Бұл деректер сот үдерісіне қатысатын тараптың бәріне қолжетімді болуы керек. Сол кезде әркім өзіне қатысты істің нәтижесін бағамдай алады. Бұл бастама сотта қаралатын дау-дамайды азайтады. Жұрт та босқа арызданып, шағымдана бермейді. Жалпы, сот ісін жеңілдету – маңызды міндет. Ол үшін озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сот ісін қашықтан жүргізу азаматтық істер бойынша аумақаралық соттылық жүйесін енгізуге мүмкіндік бергенін айтты. Сондай-ақ осы тәжіри­бені әкімшілік істерде қолдануды көздейтін заң жобасы депутаттардың қарауында жатыр.

– Биыл сот отырыстары алғаш рет онлайн көрсетіле бастады. Осындай тәсілмен екі сот үдерісі өтті. Сот істері миллиондаған адамның көз алдында мейлінше ашық жүргізілді. Мұндай қадам жұрттың сот жүйесіне сенімін нығайта түсті деуге болады. Бұл – әрине, бұрын-соңды болмаған жаңашылдық. Сондықтан судьялар мен айыптаушыларға қойылатын талап күшейді. Сотқа қатысушы тараптар ашық сот алаңында өз ойын еркін жеткізе алады. Барлық сот отырысында осындай жоғары стандарт болуы керек. Сотты онлайн өткізудің тағы бір ұтымды тұсы бар. Азаматтардың құқықтық сана-сезімі өзгеріп келеді. Заңгер мамандығына деген қызығушылық артты. Жастар заң саласындағы мамандарды үлгі тұта бастады. Мұның бәрі қоғамда кәсіби маман болу құндылығын дәріптеуге мүмкіндік береді. Жалпы, сотты онлайн өткізу жұрттың құқықтық мәдениетін көтеруге оң әсер етіп жатыр. Бұл – елімізде заң мен тәртіп қағидатын орнықтыратын тиімді тәсіл, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сот мамандарын іріктеу және құзыретін күшейтуге баса мән беру қажет екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, Жоғары сот кеңесі дербес әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың кепілі болуға тиіс.

 – Жалпы, судьялар адалдықтың, дербестіктің және әділдіктің жарқын үлгісі болуы керек. Сондықтан судьялардың этикалық нормаларды сақтауы ерекше маңызды. Жаңа өзгерістерге сай енді сот ісін қарау кезіндегі барлық өрескел қателікті қазылар қауымы тексереді. Бұл – соттардың тәртіптік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жаңа тәсіл, – деді Президент.

Сөз соңында Мемлекет басшысы судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдауды қолдады. Бұл құжат соттардың тәртібінде жоғары стандарттарды бекітіп, сот жүйесіне қоғамның сенімін нығайта түседі.

Келесі сөзді алған Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев салада атқарылып жатқан елеулі жұмыс­тардан хабардар етті. Атап айтқанда, ол сот жүйесі мен судья­лардың тәуелсіздігін нығайту бо­йынша бірқатар заң қабылдан­ға­нын, апелляциялық сатының рөлі күшейтілгенін айта келе сот жүйесін цифрландыру барысына тоқталды.

«Мемлекетімізді IT-елге айналдыру – Президенттің алға қойған стратегиялық міндеті. Бұл бағытта біз – электрондық үкімет пен финтехтің даму индексі бойынша көшбасшылар қатарындамыз. Біздің басты цифрлық сервистеріміздің мақсаты – кез келген ыңғайлы уақытта соттармен барынша қолайлы байланыс орнатуға мүмкіндік беретін халық үшін ыңғайлы әрі түсінікті сервистерді құру. Былтыр желтоқсан айынан бастап жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, «Сот практикасының цифрлық талдауы» іске қосылды. Бағдарлама сот шешімдерінің мәнін түсінуге, оларды бір-бірімен салыстыруға, даудың белгілі бір түрі бойынша ауытқуларды анықтауға негізделген», деді А.Мерғалиев.

Оның айтуынша, бұл жұмыс­тар біркелкі сот практикасын қалып­тастыруға жақсы көмек болмақ, өйткені судья талап қою кезінде сот практикасын кассацияға дейін ұқсас істер бойынша көреді.

«Бұл IT-қызмет сонымен қатар жүйеге жүктелген талап қоюлардың негізінде істің нәтижесін болжауға мүмкіндік береді. Сондықтан келіп түскен талап қою бойынша ол қалыптастырған болжамды тиісті анықтама түрінде талап қоюшының назарына жеткіземіз. Бұл оларға сотты әрі қарай жалғастыру немесе өзара келісімге келу туралы шешім қабылдау үшін табысқа жету мүмкіндігін бағалауға көмектеседі», деді Жоғарғы сот төрағасы.

Сондай-ақ жиында Сот төрелі­гінің тиімділігі жөніндегі Еуропа­лық комиссияның (CEРEJ) прези­денті Франческо Депаскуале, Халықара­лық сот әкімшілігі қауымдастығы­ның (IACA) президенті Луис Пальма сөз сөйледі.