Маман • 05 Қазан, 2024

Басқалар балаларын қалай оқытады?

172 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Заман дамыған сайын әлемде білім бәсекелестігі де арта түсті. Мұндағы маңыздысы кімнің қайда білім алғаны емес, қалай білім алғаны болмақ. Сол себепті әр мемлекет, әсіресе дамыған елдер білім саласына баса назар аударып, елінің ертеңіне уақыт талабына сай оқытуға басымдық береді. Осы орайда, кейбір шетелдің білім саласының нақты әдісі мен тәжірибесі төңірегінде ой бөліскенді жөн көрдік.

Басқалар балаларын қалай оқытады?

Жапонияның білім жүйесі өзге елдердің оқыту әдісі­нен мүлде бөлек. Олар оқушыларды өмірлік дағдылар мен тәртіпке үйретеді. Этика мен моральға баса назар аударуы да елден ерекше. Соның нәтижесінде, жапон балалары 6 жыл бастауыш мектепте, 3 жыл орта мектепте, содан кейін білім алушының таңдауы бойынша әртүрлі университеттерде 4 жыл білім алады. 2019 жылғы дүниежүзілік білім саласының сауалдамасы бойынша 99,9% сауаттылық деңгейімен Жапонияның білім сапасы алдыңғы орынды иеленді. Бұл керемет көрсеткіш олардың білім саласына деген көзқарасы мен құлшынысының нәтижесі деп бағалаған жөн. Оларда математика, тіл, кодтау және роботтехника пәндерінен білім 6 жастан бас­­талып, 16 жасқа дейін жалғасады, бұл Жапонияда міндетті білім алудың жас шегі болып есептеледі.

Білім саласын жіті қадағалап отыратын ғалымдар мен әдіскерлер «Жапондық оқыту жүйесі тым біртекті болып барады, бұл бала­ларға өз бетінше ойлауға көп мүмкіндік бере алмайды» , деп сын айтқаны да рас. Бірақ жапондық ерекшелікке ие білім әдістемесі жалпы сауаттылық деңгейінде және халықаралық стандартталған тестілер мен сауалнамалардағы жоғары рейтингте топ жарып келеді. Сонымен қатар Жапониядағы жұмыссыздық деңгейі 2019 жылғы санақ бойынша тек 2,29% ғана. Ал бұл көрсеткіш Америкада 3,79%, Ресейде 4,43% нәтижені көрсетті. Сайып келгенде, мұның бәрі Жапонияның жан-жақты білім жүйесінің оқушыларға пайдасын тигізгенін білдіреді.

Ал Финляндия білім саласында әлемдік деңгейге көтерілген мемлекеттің бірі де бірегейі. Бұл жетістікке жетулеріне олардың білім саласындағы реформалары көп көмегін тигізгені анық. Соңғы онжылдықта аталған ел математика және жаратылыстану саласындағы сауаттылығын айтарлықтай жақ­сарт­ты. Финдердің білім жүйесін өзгерту ел экономикасын қалпына келтіру жоспарының негізгі қозғаушы күші ретінде шамамен 40 жыл бұрын басталған еді.

Финляндияда студенттер, мектептер немесе өңірлер арасында ешқандай рейтинг, бір-бірімен салыстыру немесе бәсекелестік атымен жоқ. Финляндия мектептері толықтай мемлекет тарапынан қар­жыландырылады. Ал оларды бі­лім саласын жетік білетін мамандар басқарады. Әрбір мектептің ұлттық білім беру мақсаттары бірдей. Соның нәтижесінде фин балалары ауылда немесе дамыған қалаларда оқыса да, жалпыға бірдей сапалы білім алуға мүмкіндігі бар.

Былайша айтқанда, білім саласында теп-теңдік пен әділдік бар. Бұл туралы Финляндия мұғалімдер одағының президенті Олли Лууккайнен: «Теңдік – фин елінің білім саласындағы ең маңызды күш. Бұған барлық саяси партия келіседі» деген мәлімдеме де жасаған.

Француз білім жүйесінің де өз ерекшелігі бар екені анық. Бұл елде бастауыш және орта деңгейде жалпы білім алу тегін, 3 жастан 16 жасқа дейін мектепке бару әр азаматтың міндеті саналады. Мектептегі сабақ саны 26 сағатпен шектеледі. Мемлекеттік мектептер тегін білім береді, ал жекеменшік мектептер көп емес. Мемлекеттік мектептердегі сыныптарда бала саны көбірек. Ал жеке мектептерде бұл жағдай керісінше. Санаққа негізделгенде, оқушылардың аз бөлігі ғана(шамамен 20%) жекеменшік мектептерге барады.

Норвегияда бастауыш және жалпы орта білім тегін әрі міндетті. Бұл елдің білім саласындағы негізгі мақсаты – барлық бала мен жас өмірге қажетті дағдыларды мең­геруі, жалпы білім, мәдениет және құндылықтар туралы сауатты болуға тиіс. Бір қызы­ғы, бастауыш мектеп деңгейінде еш­қан­дай пәннің нәтижесі ретінде баға қойылмайды.

Орта мектепте оқушыларға мін­­детті пәндер бойынша бағалар Рож­дестволық мерекелер алдында және оқу жылының соңында қойы­ла­ды. Орта мектепті бітіргеннен кейін оқушылар пәндік бағалары жа­зылған сертификат алады. Нор­ве­гия­да білім жоғары көрсеткішке ие. Себебі бұл жағдай қоғам­дағы әлеу­мет­тік ұтқырлық пен эко­но­микалық табыстың негізгі факторы ретінде қарастырылады. Нор­ве­гияның білім жүйесінде теңдік, қолжетімділік және сапа қағидатына баса назар аударады.

Соңғы жаңалықтар

Серіктестік құқы қорғалды

Инвестиция • Кеше

Тұмаудан амансыз ба?

Денсаулық • Кеше

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

Құқық • Кеше