Дау неге көп? Адамдар неге жиі арызданады? Бір қарағанда бұған жауап та оңай табылатын секілді. Алайда, бұрынғыдай «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дейтіндей жағдай алыстаған көрінеді. Сондықтан білетіндер адамдар құқын қасақана бұзатындар бар дейді. Олар кімдер? Себебі неде? Адамдар құқын құқық қорғаушылар қорғайды деп түсінеміз ғой. Олардың саны да жетіп артылады. Мұндай ізгілікті іске өзге мемлекеттік органдар, партиялар, түрлі қоғамдық ұйымдар да барынша атсалысып бағады. Иә, көптік қылмасын. Алайда, азаматтардың конституциялық құқын үнемі қорғап, қадағалап отыру қажеттігін еліміздегі құзырлы орган – Бас прокуратураның өзі де айтып отыр.
Мәселен, жақында Бас прокуратураның алқа мәжілісі өтті. Онда Бас прокурор А.Дауылбаев баяндама жасады. Сонда ол: «Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғай отырып, есептік кезеңде қылмыстық өндірістің сотқа дейінгі сатысына қадағалау жасау аясында прокурорлар заңсыз ұсталған мың жарымнан астам (1506) адамды босатқан, тоғыз жүз отыз адамға қатысты заңсыз шұғыл іздестіру іс-шаралары тоқтатылған» деді. Мұндайға неліктен жол беріледі? Мың жарым адамды заңсыз ұстағандарға неліктен шара қолданылмайды? Айтып қою аз, ең дұрысы оны болдырмау емес пе?
Өйткені, баяндамада: «Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлар 395 мың заң бұзушылықты анықтады. 16 мыңға жуық заңсыз құқықтық актілердің күші жойылды. 746 мыңнан астам азаматтардың, оның ішінде 239 мың кәмелетке толмағандардың құқықтары қорғалып, қалпына келтірілді» дейді. Көрдіңіз бе, адамдардың құқы үшін шырылдап араға түсіп жатқан прокурорлар ғана екен.
Бұл орайда Азаматтардың еңбек ақыларының төленуі саласындағы құқықтарын қорғау жөніндегі Президент тапсырмалары да ойдағыдай орындалуда көрінеді. Былтырғы жылы барлығы 134 мың жұмысшының пайдасына 5 млрд. теңгеден астам қаржы өндірілсе, оның ішінде 92 кәсіпорында сомасы 1 млрд. теңгеден астам қарыз толығымен өтелген. Әсіресе, қолданылған шаралардың арқасында 500 млн. теңгеге жуық қарыз өтелген Қарағанды, Қостанай облыстарының және Алматы қаласының прокуратуралары ерекше көзге түскен.
Баяндамадан прокурорлардың құқық қорғау барысында барлық саланы қамтамасыз етіп жатқаны анық байқалады. Мәселен, бизнесті заңсыз тексерістерден қорғау жөніндегі Президент тапсырмасын орындау аясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтастық жалғасын тапқан. Былтырғы жылы прокурорлар 10 мың бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғап, мемлекеттік органдардың 880 лауазымды қызметкерін түрлі жауапкершілікке тартқан. Осының нәтижесінде Мемлекет басшысы жариялаған мораторий өткен жылы тексерулердің жалпы санын 176 мыңға немесе 67 пайызға азайтуға мүмкіндік берген. Бұл ретте жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру саны 142 мыңға немесе 82 пайызға азайып (173 082-ден 30 807-ге дейін), оның ішінде шағын және орта бизнес субъектілеріне қатысты тексерулер 136 мыңға немесе 86 пайызға төмендеген (158 915-тен 22 050-ге дейін). Сөйтіп, бүгінде әрбір прокуратурада жұмыс жасайтын мобильдік топтар кәсіпкерлерді тиімді де жедел қорғайтын құрал болып отыр. Олар 2014 жылы кәсіпкерлердің құқықтары бұзылуының 750 фактісінің жолын кескендігін ескерсек, үлкен көмек.
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс істей бастауына сай және шекара маңындағы тауар айналымы мәселелерінің өзекті бола түсуіне орай кеден саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөнінен жұмыстар да жете жүргізіліп келеді. Осы жүргізілген тексерістердің қорытындысымен 1400 астам заң бұзушылық анықталса, 2 млрд.-қа жуық теңге көлеміндегі мемлекетке келтірілген шығын өндірілген. Сол сияқты 2 млрд.-тан астам соманың контрабандалық тауарын мемлекеттің кірісіне өткізуге шаралар қабылданған.
Сол сияқты мемлекеттің мүдделеріне соттарда өкілдік ете отырып, прокурорлар 35 мыңнан астам қылмыстық, 113 мыңнан астам азаматтық және 244 мыңнан астам әкімшілік істердің қаралуына қатысқан екен. Прокурорлардың келтірген наразылығына сәйкес 1405 тұлғаға қатысты 1873 азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот үкімдері заңға сәйкестендіріліпті. Осылайша, олардың тікелей араласуынан кейін мемлекет кірісіне 20 млрд. 600 млн. теңге, азаматтар мен заңды тұлғалардың пайдасына 3 млрд. 700 млн. теңгеден астам, соның ішінде 1 млрд.-тан астам теңгеге жалақы бойынша қарыздарды өндіріп алу туралы сот шешімдері орындалған көрінеді.
Ал үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Бас прокуратураның жетекшілігімен ұлттық алдын алу тетігінің жұмысы басталды, бұл азаматтық қоғамның оң бағасын алып отыр. Сотталғандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату, қатаң жазаны неғұрлым жеңіліне ауыстыру тәрізді ынталандыру шараларын қолдану тәжірибесі де кеңейтілуде. «Түрмедегі адамдар» санын азайтуға бағытталған осы шаралармен қатар өткен жылы Бас прокуратураның алқа мәжілістерінде пенитенциарлық денсаулық сақтау, қайталап жасалатын қылмыстардың профилактикасы, бас бостандығынан айыру орындарында қылмыстық «көшбасшылар» мен экстремистік сипаттағы радикалдар әсерінің таралуына тосқауыл қою мәселелері қаралғаны белгілі.
Сонымен, жалпы алғанда, атқарылған іс аз емес екендігі көрініп тұр. Сондықтан биылғы жылы да Бас прокурор Мемлекет басшысының бағдарламалық құжаттары мен тапсырмаларынан туындайтын көптеген міндеттерді жүзеге асыруға тиістіміз дейді. Ендеше, қолдарындағы билікті пайдаланып, адам құқықтарын бұзып жатқандарға да бір шектеу болатын шығар.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».