Аймақтар • 06 Қазан, 2024

БҚО-да 444 428 дауыс беруші бар

105 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Республикалық референдум тағайындалған сәттен бастап Батыс Қазақстан облысының аумақтық референдум комиссиялары референдумға дайындық жұмысын бастап кеткен болатын. Содан бері облыстық референдум комиссиясының 3 отырысы өткізілген.

БҚО-да 444 428 дауыс беруші бар

Фото: Ерлан ОМАР

«Бүгінгі таңда облыста 681 сайлау комиссиясы болса, референдумда соның 510-ы, яғни құрамында 3 220 мүшесі бар 14 аумақтық референдум комиссиясы және 496 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Бұл комиссия мүшелерінің 87,6%-ы – түрлі салада жұмыс істеушілер, 11,5%ы – жұмыста жоқ, 1,0%-ы – зейнет жасындағылар. Комиссия мүшелерінің 74,8%-ның сайлауды өткізу тәжірибесі бар», дейді Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау (референдум) комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов.

Өңірде референдум комиссияларындағы бос орындарға тамыз айында-ақ мәслихат сессияларының шешімімен жаңа қызметкерлер алынған. Сондай-ақ Орал қаласында 5 жаңа сайлау учаскесі құрылып, комиссия мүшелері жасақталған.

Референдум қарсаңында комиссия мүшелерін оқыту жұмысы жоспарлы түрде жүргізілді. Комиссия мүшелеріне арналған біліктілік семинары 95 мәрте өтіп, барлық қызметкер оқытылған. Ал республикалық семинарға қатысқан тренерлер барлық аудан мен Орал қаласының комиссия мүшелерін каскадты әдіспен оқытып шығарған.

«Республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бойынша БАҚ-та барлық ақпарат жарияланды. 26 қыркүйектен бері азаматтар дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар етіліп, шақыру билеттері үлестірілді. Дауыс беру күні қарсаңында барлық референдум учаскелерінде бірыңғай «Ашық есік» күні өткізілді. Бұл күні учаске төрағалары азаматтарға референдум заңнамаларын қосымша түсіндіріп, дауыс беру ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді. Бұдан бөлек, облыс бойынша халықтың референдум хақындағы сауалдарына тәулік бойы жауап беретін 13 колл-орталық ұйымдастырылды. Халық көп шоғырланатын орындарда ЛЭД-экран арқылы видеороликтер, мәдениет ошақтары мен базарларда аудиороликтер таратылды. Әлеуметтік желілер арқылы да ақпарат жарияланып, тұрғындарға «Telegram», «WhatsApp» чаттары арқылы да хабарлау жұмысы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, дауыс берушілері 1 мыңнан асатын 192 учаскеде онлайн сервис қызметі және облыс орталығының 5 учаскесінде азаматтарды тіркеу сервистері ұйымдастырылды. Аудандар мен Орал қаласында Орталық референдум комиссиясының ақпараттық баннерлері 245 орынға ілінді. Біз кәмелет жасындағы әр азаматтың ел болашағы үшін аса маңызды мәселеде бейтарап қалмай, азаматтық белсенді позициясын көрсетуіне барлық жағдай жасауға тырыстық», дейді облыстық комиссия мүшесі Асыланбек Ғұбашев.

Референдумға облыс бойынша 496 сайлау учаскеcі қызмет көрсетеді дедік. Комиссия төрағасының айтуынша, осы бөлімшелердің материалдық-техникалық жағдайы алдын ала тексеріліп, барлық қажеттілік толық шешілген екен. Соның ішінде мүгедектігі бар 2 208 адамға өз дауысын беруге барлық жағдай жасалған.

Облыстағы барлық учаскелер бірінші қабаттарда орналасқан, 443 учаске пандуспен, 412 учаске кіреберіс, 373 учаскелердің іші әртүрлі тактильді белгімен жабдықталған. Сайлау учаскелерінде мүгедектер арбасымен жүретін азаматтарға лайықталған 264 кабина орнатылыпты. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау үшін қосымша 53 учаскеде пандус жасалған. Дауыс беру күні, 28 инватакси қызмет көрсетеді екен, соның 14-і Орал қаласында. Референдум күні 10 сурдоаудармашы да қажет болғанда көмек көрсетуге дайын тұрады.

Жалпы Батыс Қазақстан облысында 444 428 азамат дауыс беруші тізімінде тіркелген.