Аймақтар • 06 Қазан, 2024

Ел болашағы үшін елгезектік танытты

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы №421 және №427 референдум комиссиялары таңғы сағат 7:00-де өз жұмысын бастады. Ерте келіп, учаскенің ашылуын күтіп тұрған азаматтар Мемлекеттік Әнұран ойнаған соң бюллетень алып, өз таңдауын жасады.

Ел болашағы үшін елгезектік танытты

Суретті түсірген автор

«Біздің учаскеде Мөңкеұлы көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірқатар тұрғындары тіркелген. Барлығы 2444 сайлаушымыз бар. Соның 8-і үйден дауыс береміз деп өтініш жасады. Әзірге бәрі ойдағыдай өтіп жатыр. Учаске дәл уақытында жұмысын бастады. Ең алғаш болып Алмагүл Рамазанова есімді тұрғын келді. Ол кісіге шағын сыйлығымызды бердік», дейді №421 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Сәуле Айтқалиева.

Ал №427 учаскесінде әнұран орындалған сәтіне біз де куә болдық. Референдум комиссиясының төрағасы Әсем Шәрипова бұл учаскеде 1801 дауыс беруші тіркелгенін айтты. Жалпы комиссия құрамы 7 адамнан тұрады, 5 бақылаушы келіп тіркелген. Бақылаушылардың арасында «Жария» ұйымынан, «Аmanat» партиясынан бар. Денсаулығына байланысты 9 адам дауыс беруді өз үйінен жасауға өтініш берген екен.

«Оларға түске таман барамыз. Урнасы мөрленген, көлігіміз дайын», дейді Әсем Мәлікқызы.

№421 учаскеде алғашқы 10 минуттың ішінде 15 адам келіп, дауыс бергенін көрдік. «Сіз Қазақстанда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» деген жалғыз сауал қойылған бюллетенге дауыс берушілер арасында жастар да, үлкендер де бар.  

«Менің жасым 88-ге қарай кетті. Кемпірім Сәндеш – 85-те. Бүгін біз де ерте тұрып, ел болашағы үшін маңызды сауалға жауап бердік. Қазақстан ертеңгі күні ешкімге кіріптар болмауы үшін бұл таңдау маңызды деп есептеймін», дейді еңбек ардагері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Сайын Молдағалиев.

Егде жасына қарамай елгезектік танытқан қос қария №421 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Сәуле Айтқалиқызының қолынан шағын сыйлыққа ие болды.

Р

Батыс Қазақстан облысында бүгін референдум бойынша 496 учаске жұмыс істеп жатыр.