Анамның өмірден өткеніне үш жылдан астам уақыт болыпты. Бірақ, бейнесі күнделікті көз алдымда. Өз үйімде, жұмыста болғанда анам ауылдағы күнделікті тіршілікпен айналысып жүргендей болып тұрады...
Сағыныш жүрегіңді қысқанда арсалаңдап ата-анаңның шаңырағына асығасың. «Үйге мына бір қырдан асқан соң жетіп қалам» дегенде, жол бойында еріксіз жүрек «лүп» ете қалады. Сол сәтте қара жолдың сол жағындағы анамның ақ мекені – ақ бейітіне көзің жасқа толып жалт қарайсың.
Ол кісінің мәңгілік мекеніне бұрылмай ауылға өтіп кете алмайсың...
Әруақтарға құран бағыштап, әрі қарай туған жеріңе өтуге мүмкіндік берген Алланың шеберлігіне шүкіршілік етесің. Қарашаңыраққа жеткенше сол мәңгілік мекенде жай тапқан көптеген туған-туысың көз алдыңнан өтеді. «Біздер де сендей болғанбыз...» деп тұрғандай болады.
Тәубеге келіп, біздің де солардай болатынымызға көз жеткізіп тұру үшін бейіттердің жол бойында болғаны қандай ғажап?!. Күйбелең тіршілікте көп нәрсеге астамшылық жасап, ғұмырдың қамшының сабындай екенін ұмытып кететініміз де рас қой.
Осындай ойлармен анашыммен сырласып келе жатып, жақында көрген түсімді есіме түсірдім:
– Сендер қайтқан күніме құран оқытып, құдайы тамақ өткізуді жоспарлап жүрсіңдер ғой. Ай, соны бір ерекшелеу өткізсеңдер жөн болар еді. Аулаға көп шам жағып, кешкі салқында барлық туыстар мен құда-жегжаттарды, бізден тараған ұрпақты түгел шақырсаңдар. Әрине, ауыл тұрғындарының барлығына айтыңдар... Ешкім қалып кетпесін. Дастарқанға мен жақсы көретін тағамдардың бәрін қойыңдар. Келген қонақтарға көңіл бөліп, жақсы қызмет жасаңдар, – деп анам жылдам жүріп, көлікке мініп кетіп қалды.
Тапсырмасын орындайық деп шілде айының соңындағы өзі дүниеден өткен күнге құдайы өткізетінімізді ертеректен барлық жегжатқа хабардар еттік. Сол күн биыл да салқын болды. Кеште ойдағыдай өтті.
Анамның көзін көргендерді көріп, құрбыларын құшақтап, дауыстарын естіп, мауқымызды бір сәт басқандай болдық. Кеш бойы қонақтар кезегімен сөз алып, анам туралы естелік айтып отырды.
Анам көзден кеткенімен көңілден кетпепті-ау...
* * *
Ауылдас (арамыз бір үй) Назгүл жеңгеміз (байырғы ұстаз) әңгімені бірінші бастады;
– Қарлыға абысынымның, әрі шешейдің жақсылығын көп көргендердің бірімін. Әруағы риза болғай. Айтқан сырымды сыртқа шығарған емес. Жас келін болып үлкен әулетке түсіп, қарт ата-енемнің көңілінен шығу оңай болған жоқ... Бастан өткізген қиыншылығымды тек сол кісіге айтушы едім. Кейін, жан жарым өмірден өткен соң да, келіндеріммен тіл табыса алмай қалсам, тек сол кісіге мұңымды шағып, көз жасымды төгіп алушы едім, – деп жеңгеміз көзіне жас алып қалды... – Сырымды ішіне сыйдырғаны үшін, кемшіліктерімді елге жария етпегені үшін, абыройымды көтеріп, үнемі қолдау көрсеткені үшін шексіз ризалығымды ел алдында айтқым келеді. «Қиямет күні – көршіден...» деп халық арасында айтылады. Ол кісі көршіге адал болды. Біз ризамыз. Апамыз да разы болсын.
– Менің есіме біздің отбасыға байланысты бір жағдай жиі оралады, – деп көрші жеңгеміз естелігін жалғастырды.
Екінші ұлымды әскер қатарына шығарып салғалы Шымқалаға аттанғанбыз, дәл сол күні түске таман солдаттық борышын өтеп үлкен ұлымыз оралыпты. Үйде ешкім болмаған соң, Қайрат Қарлыға апасына жүгіріп барған. Бір кесе айран ішкізіп, келген таксиге қаржысын төлеп, Шымқалаға қайта барып бауырын көріп, шығарып салуға кеңес береді. Өзі сол сәттен бастап барлық көршілерді шақырып, үй егелері келгенше дастарқанын жайғызып, малды сойғызып, ет астырып, құдайы тамаққа барлық дайындықты жасатып қойыпты.
Түн жарымға дейін ауыл тұрғындары ынтымағы жарасып, ахар-шахар болып, ұлының аман-есен келуін тойлап, бір-біріне ризалығын білдіріп тарасады.
Таңертең Тілеу көкем мен Назгүл жеңгем анама кешегі қызметін, ұлына көрсеткен қамқорлығын өле-өлгенше ұмытпайтынын қайта-қайта айтып, алғысын жаудырыпты.
Бүгін де, сөз кезегі келгенде жеңгем тағы да сол естен кетпейтін қуанышты сәттерді байырғыдай жайып салды.
* * *
Ауылдық әкімдікте жұмыс істеп, бүгінде зейнеткер атанған Есенгелді ағамыз шілденің ерекше ыстық күнінде ауылдан салық жинауға келеді. Біздің үйдің есігін ашқанда түс мезгілі жақындап қалған уақыт болса керек. Анам әлгі ағаны қоймай үйге кіргізеді. Отбасымен бірге түскі тамақты ішіп, енді бір сағат салқын бөлмеде демалып алуын ұсыныпты.
– Шаңқай түсте көшеде ешкім жоқ. Ыстықта жүрудің өзі денсаулыққа қауіпті. Қысылмай демалыңыз. Менің де балаларым мемлекеттік қызметкерлер, – деп анам жай салып беріпті.
Әбден шаршаған ағамыз кешке дейін ұйықтапты... Сағатына қарап, үйден атып шыққан ағаға анам, «аптықпай жуынып-шайынып шәйға келуін» өтінеді. Өзі қысылып тұрған кісі, қайта-қайта кешірім сұрап, шәйға қарамайтынын айтып, жөнелуге асығыс.
– Қарағым, «ағасы бардың – жағасы бар» деуші еді. Еркелігіңді ағаң мен жеңгең көтереді ғой. Барлық салық төлеушілеріңді үйге шақырып қойдық. Шәйдің үстінде жинап аласың, – деп бір жұмысымды бітіріп тастаған еді, жатқан жерің жайлы болғыр жеңгем, – деп аға әңгімесін қорытындылады.
* * *
– Апа «кенже ұлыңның құдалығына өзім барамын» дейтін. Анаңның орнына енді өзің барасың. Біздің шақыруымызды қабыл ал. Бармасаң – ренжиміз. Оған себеп бар, – деп пысықтап алды жиен жеңгеміз.
– Себебін ашып айтпасаңыз, мен де ұсынысыңызды оң қабылдамаймын, – дедім мен де.
– Бұл ұзақ әңгіме. Тыңдасаң, сырымды ашайын, – деді жеңгем.
Анама қатысты әңгімені тыңдауға мен әрқашан дайынмын.
– Төрт баланы өсіріп, үй-жайды реттеп, енді жұмыс істейін деп сайланып отырғанмын. Мектептен сағат алып, қайта ұстаздығымды жалғастыру үшін дайындық барысында жүргем. Сол кездері жолдасым қатты өзгеріп, үйде ұрыс-керіс көбейіп, тіпті, отбасының бірлігіне қауіп төніп тұрған кез еді. Іштен тынып, басым қатып, жүдеп кеткенмін. Апамен тұсау кесер тойда жолығып, үйге бірге қайттық. Жолда жағдайымды айтып, апама мұңымды шағып алдым.
– Әр отбасында кездесетін оқиға. Бірақ, осындай жағдайда тек сабырлық құтқарады, шырағым. Кең болсаң – кем болмайсың. Кеңдікке сал. Кешірімді бол. Жарыңды түсінуге тырыс. Құтқаруға ұмтыл. Пәледен басын алып шығуға жәрдем бер. Өз бақытың үшін күрес. Ұлылар «бұл күн де өтер...» дейді. Қиындығы бар күннен кейін – қуанышты күндер келеді. Ақырын күт, айналайын. Бір ақылымды тыңда... балаларыңның алдында беттесіп жүрмеңдер. Ата-енеңнің алдына баласын жамандап барма. Қайын жұртыңның алдында абыройсыз етпе. Жарыңның беделін бір түсірсең, жаман аты тез тарап кетеді. Ел-жұртқа жексұрын болған адаммен бір шаңырақтың астында өмір сүре алар ма едің?! Кетсең – келместей болып біржолата кет. Өйтпеген жағдайда сабырмен шыда... Дүниеде сыйластықты жоғалтсаңдар өмірде қандай мән қалмақ? Ашуға бой алдырып, нәзік сезімнің жібін үзіп алма, – деді апа.
– Сен – текті жердің қызысың. Анаң өте ақылды адам болатын. Әкең таудай тұлға еді. Өз бақытыңа өзің ие бол. Қосағыңмен қоса ағар, – деп апа батасын беріп, маңдайымнан сүйіп, қоштасып кетті.
– Түсінбеушілік жалғасын тауып күндер, айлар өтті. Бір күні жас келіншек кішкентай сәбимен үйге келіп, жылап-еңіреп құндақтағы баланы алып қалуын өтінді. Баланың әкесі – менің жан жарым... Жас қыздың обалына қалған екен. Төбеме жай түскендей есеңгіредім. «Бірге өмір сүріңдер. Мен кедергі жасамаймын...» десем, екеуінің алдағы жоспарында бірге өмір сүру жоқ екен.
– Біліп істеген күнәңді мойныңмен көтер. Азаматсың ғой?! Жас қыз бен сәбидің алдындағы жауапкершілігіңді өте. Мен қарашаңырақтан ешқайда кетпеймін! – дедім.
Таңертең апаға телефон шалып, үйге келіп-кетуін өтіндім. Барлық жағдайды жасырмай баяндадым. Түсте жолдасым үйге келіп қалып, апаны көріп қашқақтай бастап еді:
– Шырағым, үй сенікі. Осы шаңырақтың иесі – сенсің. Мен – қонақпын. Өз үйінен дені сау адам қаша ма? Жаман әдет көрсетпе, жиен! – деп апа шақырып, ағаңды қасына отырғызды.
Жиені апаға барлық жағдайды айтып, ақылдасуға кіріседі. Мән-жайды мұқият тыңдаған апам, «мынадай кеңес берер едім...» депті:
– «Бір қозы артық туылса – екі түп жусан артық өседі», дейді дана халық. Перзент пен дәулет артық болмайды. Сендерге құдай өзі беріп тұр екен. Айналайын келін, анасы сәбиден бас тартса, сен ал. Бауырыңа бас. Үлкен махаббаттан келген баладан айырылма. «Өгей шеше» болма, «Үлкен апа» атан. «Дана ана» бол. Бұл жағдай сендерге Алланың жіберген сынағы. Ақылмен бірге шешіңдер. Ең бастысы – өсек-аяңға құлақ түре бермей, отбасын сақтап қалыңдар. Жүректеріңде бір-біріңді қимайтын сезімдерің әлі табылса, кешірімді болып, тығырықтан бірге шығыңдар, – дейді.
– Әділбек деген бала осы шаңыраққа ырыс-несібесімен келген перзент болды. Отбасының тұрмыстық жағдайы көтеріліп, кішкентай нәресте шаңырақтың еркесі, ақылдысына айналды. Мектептің ең үздік оқушысы. Анасының ең сүйікті ұлы, әулетінің кенжетайы болды. Бес перзенттің ішінде қызыл дипломның иегері. Ең сұлу жарды таңдаған жігіт. Талғамы – биік. Болашағы – алда. Ең бастысы – анасының көңіл күйін қас-қабағынан түсінетін ерекше бір перзент. Сондай жігіттің құдалығына қалай бармайсың?
Анамның сандығын ашып, жас келінге қандай сый қалдырды екен деп қараймын. Сандықтың түбінде үкі оралған ақ орамал бар екен.
Демек, менің анамның жолымен жүретін жақсы келін келмек...
Күлия АЙДАРБЕКОВА.
ШЫМКЕНТ.