Суретте: дауыс беру учаскесіне келген «Алтын адам»
Осы күні облыста референдумның 643 учаскесі құрылып, жұмыс істеп жатыр. Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жалпы саны 994 367 адамды құрайды.
Чемпиондар отбасы дауыс берді
Дауыс беру учаскесіне UFC күрескерінің қарындасы Сора Рахмонова күйеуі Нұрсұлтан Орынбасаровпен бірге келді. Сора – аралас жекпе-жектен чемпион және қазақ әйелдерінің арасында қоян-қолтық ұрыстан үш дүркін әлем чемпионы. Оның жұбайы – облыстық мәслихаттың депутаты әрі грэпплингтен Азия чемпионы. Спортшылар дауыс беру арқылы еліміздің абыройын тек рингте ғана емес, сондай-ақ оның дамуына белсене қатысу арқылы да қорғап жатқандарын көрсетті.
Екі спортшы да референдумға қатысуды міндеті деп есептейді және әр дауыс өңірдің болашағы үшін маңызды екенін айтады. Сонымен қатар референдумға осындай танымал спортшылардың қатысуы басқа адамдарды, әсіресе жастарды, азаматтық белсенділікке ынталандырады.
Кегенде жәрмеңке өтті
Кегендегі №558 дауыс беру учаскесінің жанында ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жұмысын қыздыра түсті. Жергілікті фермерлер көкөніс, жеміс-жидек пен етті төмендетілген бағамен ұсынып, тұрғындар арасында үлкен қызығушылық тудырды.
Тұрғындар дауыс беруге ғана емес, сонымен қатар сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға да келіп жатқаны байқалады. Ал тауарларын ұсынған фермерлер өнімдерін сатып қана қоймай, жерлестерімен қарым-қатынас орнатуға тамаша мүмкіндік екенін айтты. Сатып алушылар бағалардың әдеттегіден әлдеқайда төмен екенін жеткізді. Бұл тұрғындардың біртұтас қауымдастықтың мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік берді. Олар еліміздің дамуы үшін игі іс жасауға әрқашан дайын екенін алға тартты.
«Алтын адам» өз таңдауын жасады
Қазақстан археологиясының тарихында көптеген таңғажайып мұра бар, олардың бірі – Алматы облысында табылған «Алтын адам». Ал Еңбекшіқазақ ауданы сол «Алтын адамның» атамекені. Осыған орай, Еңбекшіқазақ ауданының мәдениет үйіндегі №123 сайлау учаскесінде «Алтын адам» киімін киген Жасұлан Сейдазимов өз таңдауын жасады.
«Бүгін елімізде тарихи шешім қабылданып жатыр. Бұл әрине барлығымыздың болашағымыз үшін маңызды. Сондықтан бұл мәселеде туған топырағымыздың өткен тарихы мен ондағы өркениет ізін жаңғыртумен қатар, өзіндік азаматтық ұстаным білдірудің ерекше тәсілін көрсеткім келді. Мен қашанда қоғамды өзгерту мен елімізді өркендетуге бағытталған шешімдерге белсене үн қатып келемін», дейді кәсіпкер Жасұлан Сейдазимов.
Алғаш рет дауыс берді
Алатау қаласында үш жас өздерінің 18 жасқа толуын атап өтіп, алғаш рет дауыс беруге қатысты. №379 учаскеде оларды референдум комиссиясының мүшелері құттықтап, өмірлеріндегі алғашқы бюллетеньдерді табыс етті.
Азаматтар еліміздің болашағына жауапкершілікпен қарайтынын, мұндай шараларға қатысуды парыз санайтындарын айтты. Олар өз қаласы мен Қазақстанның өркендеуіне белсенді түрде араласуды қалайды. Бұл дауыс беру соның бастамасы екенін жеткізді.
Референдум комиссиясының мүшелері де осы оқиғаның маңыздылығын атап өтіп, жастардың өз құрдастарына үлгі болатынына баса назар аударды.
Автошеру өтті
Қонаев қаласында ретро-автомобильдер шеруі өтті. Осылай қала тұрғындары еліміздегі АЭС құрылысы туралы жалпыхалықтық референдумға қолдау білдірді. Автошеруді белгілі кәсіпкер Мұрат Сіргебаев ұйымдастырды.
Аталған шеруге қатысқан көліктердің әрқайсысы тарихтың және мәдени мұраның бөлігі саналады. Олар тек жергілікті тұрғындардың ғана емес, қала қонақтарының да назарын аударды. Көліктер шеруі облыс орталығының негізгі көшелерімен жүріп, мерекелік көңіл-күй туғызып, осы маңызды оқиғаның мән-маңызын адамдарға жеткізді. Дауыс беру учаскелерін аралап, белсенділік танытқан азаматтар саяси науқанның маңыздылығына тоқталды.
«Таңғы сағат жетіден өзімнің дауыс беру учаскеме барып таңдау жасадым. Әр мереке сайын көрікті қаламызда ұйымдастырылатын мәдени іс-шараларға белсенді қатысамыз. Автошеру өткізу дәстүрімізге айналды», дейді шеруге қатысушылар.
Автошеруге қатысушылар азаматтық ұстанымдарын көрсету арқылы, дауыс беруге келген әрбір адамның есінде қалуға тырысты. Бірнеше көліктен жолаушыларға тәттілер таратты.
Ардагер ата дауыс берді
Еңбекшіқазақ ауданында 99 жастағы екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Солтанбай Жарықбасов өзінің тіркелген учаскесіне барып, таңдауын жасады.
Соғыс ардагері АЭС салуға қолдау білдіріп қана қоймай, еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету жолында мұндай бастамалардың маңызын атап, референдумның нәтижесі еліміздің ғылымына, энергетика мен экономикасының дамуына тікелей әсер ететіндігін айтты.
Бәйтерек ауылдық округіне қарасты Алға ауылында тұратын ғасыр жасаған ардагер Солтанбай Жарықбасов Еңбекшіқазақ ауданы Алға ауылында дүниеге келген. 1943 жылдың қаңтарында Ташкенттегі мергендер курсында оқып, сәуір айында әскерге аттанады. Забайкалье майданындағы 25-ші қызыл тулы механикаландырылған бригаданың құрамында 1-ші батальонының, 1-ші ротасының пулемет бөлімшесінің командирі болған. Жапондықтарға қарсы соғысқа қатысқан. Солтанбай атамыз І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және 1941-1945 жж. екінші дүниежүзілік соғысындағы Ұлы жеңістің мерейтойлық, мерекелік медальдарымен марапатталған.
Апорттан дәм татты
Талғар ауданында референдумға қатысушыларға екі тонна Алматының апорты таратылды. Дауыс берушілер апорттан дәм татып, өз таңдауын жасады.
«Таңмен таласып, таңдау жасауға асыққандар арасында мен сияқты ас ішпей келгендер де аз емес. Мұндағы қызметкерлер мұны қаперге алғанын көріп, «бәрекелді» дестік. Алманың дәмі тіл үйіреді екен. Тамаша көңіл күйдеміз», дейді бұл іске риза болған дауыс берушілер.
Алматы облысы