Қызылқоға аудандық әкімдігінің мәліметінше, егіз бозбала – Тұңғышбай мен Мәдіхат Егінбай әскер қатарына былтыр күзде шақырылған. Ал бүгін, 6 қазанда үйіне аман-есен оралған.
Осы аудандағы Ойыл ауылдық округінде тұратын Мырзатай Қазиев пен Алмагүл Момынова егіз ұлының әскерден оралғанына қуанып жүр. Олар қуанышын жасыра алмай, №147 референдум учаскесіне егіз ұлымен бірге келді.
«Әскер – жігіттерді шыңдайтын мектеп. Дегенмен, былтыр ұлдарымыз әскерге аттанғанда, көңілде аздаған қобалжу болған еді. Бірақ, бұрынғыдай екі жыл емес, бір жыл тез өте шығады ғой. Оның үстіне ұлдарымызбен жиі хабарласып тұрдық. Енді міне, бүгін егіз ұлымыз Отанды қорғау борышын абыроймен атқарып, аман-есен ортамызға оралды. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Сол қуанышымызды ауылдастарымыздан жасырмай, референдумда дауыс беруге бірге келдік. Елдің болашағы үшін таңдауымызды ұлдарымызбен бірге жасадық. Алда да еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», дейді Мырзатай Қазиев.
Сондай-ақ Индер ауданының Есбол ауылында егіз зейнеткер де дауыс беру учаскесіне бірге келді.
Зейнет жасындағы Андақұловалардың есімі бір-біріне ұқсас. Бірі – Айсұлу, екіншісі – Күнсұлу. Екеуі де Индер ауданындағы Есбол ауылындағы №122 референдум учаскесінде тіркелген. Бір күнде өмірге келген егіз зейнеткер бір-бірінен ажырамай, дауыс беру үшін учаскеге бірге келуді ұйғарыпты.
«Біз бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Өйткені, біз –егізбіз. Бүгінгі референдумда таңдау жасау үшін бірге келдік. Зейнткер болсақ та, елдің келешегі жарқын болғанын қалаймыз», дейді олар.