Спорт • 07 Қазан, 2024

Оңтүстік Кореядан олжалы оралды

105 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оңтүстік Кореядағы Чунчхон қаласында таеквондодан өткен жас­тар арасындағы әлем біріншілігін ел құрамасы үш жүлдемен қорытындылады. Оның екеуі – күміс, біреуі – қола медаль.

Оңтүстік Кореядан олжалы оралды

59 кг салмақта сынға түскен Нұрай Қазынабек финалға дейін алқынбай жетіп, шешуші тұста ирандық Айназ Насиримен шеберлік байқасты. Қарсы­ласының бойы Нұрайдан 17 сантиметрге биік еді. Таеквондода бұл – үлкен басымдық. Десек те Нұрай онымен аянбай айқасты. Бірінші кезеңде Парсы елінің өкілі төрт ұпай алға шықты. Үзілістен кейін жерлесіміз ұпай санын едәуір қысқартты. Бірақ бәрібір Насириді қуып жете алмады. Нә­тижесінде, 4:5 есебімен есе жі­бер­ген Қазынабек күміс медальды еншіледі. Канадалық Элла Брюстер мен хор­ватиялық Мария Углегич – қола жүлдегер.

55 кг салмақта күш сынасқан Нұрәли Махмұт та дәл сол межеден көрінді. Бастапқы бәсекелердің барлығын өз пайдасына шешкен ол жартылай финалда да жарқын жеңіске жетті. Финалда Нұрәлиді де Иран таеквондошысы тоқ­татты. Сөйтіп, бас жүлдені Сина Мох­тарамиден жеңіп алса, қандасымыз күміске ие болды. Үшінші орынды ресейлік Азат Бесаев пен қытайлық Хаожань Тан иеленді. 48 кг салмақта сайысқа түскен жерлесіміз Теміржан Тасқын өзбек Бехруз Салимовпен бірге қола медальға қол жеткізді. Бас жүлдені ирандық Мехди Размиян олжаласа, испаниялық Хайро Тригос күміс медальды еншіледі.