Референдум 2024 • 07 Қазан, 2024

Exit-poll: АЭС салуды қолдаушылар басым

158 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен түнде АЭС құрылысына қатысты республикалық референдумның exit-poll нәтижелері белгілі болды. Мұндай зерттеуді бірнеше институт қатар жүргізген. Бірақ олардың барлығының ұсынған нәтижелері аздаған пайыз айырмашылығы болғанымен, негізінен ұқсас.

Exit-poll: АЭС салуды қолдаушылар басым

«СОЦИС-А»: 69,8% дауыс қолдау тапты

Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте «Астана – кешенді әлеуметтік зерттеулер инс­титуты» («СОЦИС-А») жеке қоры жүргізген exit-poll нәтижелері жарияланды.

Аталған институттың талдаушысы Әлібек Тәжібаевтың айтуынша, «Астана – кешенді әлеуметтік зерттеу­лер институты» жеке қоры «Хабар» агенттігі» АҚ тапсырысымен 2024 жылдың 6 қазанында дауыс беру учаскелерінен шыға берісте exit-poll әдістемесі негізінде азаматтардың ерік білдіру нәтижелерінің алдын ала есебін жүргізді.

Ол «Үздіксіз ағын» әдістемесінің көмегімен еліміздің 189 учаскесін­де дауыс берген 283 519 азамат қамтылғанын айтты. Олардан референдум аясында қойылған «Сіз Қазақстанда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа қалай жауап бергені сұралды.

«Exit-poll қорытындысы мынадай: сауалнамаға қатысқан азаматтардың 69,8%-ы АЭС құрылысын қолдап дауыс бергенін мәлімдеді. Сауалнамаға қатысушылардың 30,2%-ы өздерінің келіспейтінін айтқан. Учаскелерге келу көрсеткіші 67,3% деңгейінде тіркелді. Деректердің қателігі ± 1,5% құрайды», деді Ә.Тәжібаев.

 

ЕИИ: 71,8% дауыс – «иә»

Еуразиялық интеграция институты Zakon.kz ақпараттық порталының тапсырысымен АЭС құрылысы бойынша референдумда exit-poll ­сауалнамасын жүргізді. Бұл нәтижені институт өкілі Әйгерім Есенболатқызы мәлім етті.

Оның айтуынша, «Сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» заңдар талабына сәйкес институт Референдумның орталық комиссиясын exit-poll өткізетіні ­туралы алдын ала құлақтандырған. Аталған сауалнама еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 250 учаскеде жүргізілді. Оның ішінде 159-ы – қалаларда, 91-і ауылдарда арнайы дайындалған сұхбатшының көмегі­мен face-to-face, яғни бетпе-бет әдісімен өткен. Зерттеу нәтижесінің қателігі 1 пайыздан ­аспайды.

Таңғы сағат 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жүргізілген сауалнама нәтижесінде «Сіз Қазақ­станда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа дауыс берушілердің 71,8 пайызы «Иә, келісемін» деп жауап берді. Ал 28,2 пайызы «Жоқ, келіспеймін» деген жауапты таңдағанын мәлімдеді.

Институт мамандары exit-poll сауалнамасына қатысқан әрбір дауыс беруші аты-жөнінің құпиялығы қатаң сақталатынын айтады.