Қазақтың күй өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан Әлімбек Қонысбекұлы – Кентаудағы Ы.Алтынсарин мектебінің, Алматы қаласындағы П.Чайковский атындағы консерваторияның түлегі. Оған қоса, білімін жетілдіру мақсатында Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияны бітірген. Еңбек жолын Кентау қаласындағы №1 балалар саз мектебінде халық аспаптар бөлімінің жетекшісі ретінде бастаған ол кейін облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Бүкілодақтық ІІ және ІІІ халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты атанды. Жоғары дәрежелі ұстаз, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» атағына ие болған және кезінде кеншілер мәдениет сарайының халық аспаптар оркестрінің ұйымдастырушысы болған. Әлімбек Қонысбекұлы 1985 жылы отбасылық ансамбльдің негізін қалаған. Мамандығы ағылшын тілі мұғалімі болғанымен, жастайынан ән-күйге жақын болған, тамаша әнші, отанасы Ұлтуар Қонысбекова отағасына ансамбль құру жөнінде ой тастаған. Сөйтіп, отбасы мүшелерінен құралған «Қонысбековтер ансамблі» алғашқыда халық әндерін шырқап, кішігірім жиындарда өнер көрсетіп жүрді. Жылдар өте әулет мүшелері қосылып, ансамбльдің құрамы кеңейеді. Өңірдегі мәдени шаралардың әні мен сәні де осы «Қонысбековтер ансамблі» болды. Топтың белді мүшесінің бірі Әлімбектің інісі Аманбек Қонысбеков – кеншілер қаласының мәдениет саласына зор еңбек сіңірген елеулі тұлға. Жалпы, елге белгілі әулет қаладағы өнер үйірмелері мен мектептердің ашылуына септігін тигізгенін атап кеткен жөн. Сондай-ақ Қонысбек әулетінен Сұлтанбек, Өмірбек, Мейрамбек – елге танымал өнер иелері. Нақтырақ айтсақ, Сұлтанбек 25 жыл мәдениет саласында еңбек етсе, Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда халық аспаптары бөлімінің жетекшісі Өмірбек Қонысбековтің бұл саладағы еңбек өтілі – 23 жыл. Халықаралық байқаулардың лауреаты Мейрамбек Қонысбеков – Құрманғазы атындағы филармонияда халық аспаптары оркестрінің әртісі. Әулеттің жас буыны Жәлел Әлімбек Құрманғазы атындағы консерватория студенті.
«Біз ансамбль құрған жылдары өнерге деген құрмет ерекше еді. Әрі қаланың мәдени орындарында іс-шара жиі өткізілетін. Мемлекет тарапынан өнерге көрсетілген құрмет өте жоғары деңгейде болды. Ансамбль мүшелерінің жарыстарға баратын шығыны, киетін киімі – барлығын қалалық басшылық төлейтін. Аспаптарда ойнап үйренемін деген жастар үшін, үйірмелер көптеп ашылды. Ал қазіргі өнер саласы біршама құлдырады десек те болады. Мысалы, қазір домбыраны үйренемін деген бала аспапты, яғни домбыраны өз қаражатына сатып алуы қажет. Тіпті үйірмелердің көбі ақылы түрде қабылдайды. Оның үстіне қазір өнер саласына мемлекеттен бөлінетін қаражат көлемі де азайып кетті. Яғни өнер мектептеріндегі оқушылардың шығынын көбіне ұстаздары немесе ата-анасы шығарады. Сол себепті де өнерге бет бұрған жастар аз. Мемлекет тарапынан қолдау күшейтілсе, өнер саласы қала экономикасын арттыруға айтарлықтай үлес қосатын еді», дейді Әлімбек Қонысбекұлы.
Бір әулеттің елге әнші, күйшілігімен танымал болғаны – Әлімбек ақсақалдың сол жылдары төккен терінің нәтижесі. Отбасы мүшелерінің дарынын одан әрі шыңдап, көпшілік алдында өнер көрсетуге баулып, оларды еңбекқорлыққа, адал қызметке үндеп, ең бастысы өнер деген құдіретті дамытуды парызым деп санаған Әлімбек Қонысбеков – шертпе күйді орындаушылардың хас шебері. Сазды да мәнді күйлерімен елді тамсандырып жүрген күйші-композитор. Оның «Наурыз күй», «Мұра күй-поэмасы, «Шаттық думан», «Өттің, дәурен», «Жігер», «Бірлік басы – Ордабасы», «Аңсар», «Сейдолла сарыны», тағы да басқа шығармалары ел ішінде танымал. Ал балаларға арналған «Ақ тайлақ», «Алақай», «Көксерек», «Мектебім», «Сырғанақ», «Бозжорға», «Ақша қар», «Ортеке», «Қошақан» сияқты 40-қа жуық күйлері мен күй-толғау, күй-поэмалары бүгінде саз мектептерінің репертуарынан берік орын алған. Сегіз қырлы, бір сырлы Әлімбек Қонысбекұлы әдемі лирикалық әндердің де авторы. «Сен бар жерде», «Алыста жүрген бауырлар», «Аяулы ана», «Өзің едің», «Майдангер жыры» сияқты 20-ға тарта әні бар. Ал отанасы Ұлтуар керемет әнші ғана емес, сондай-ақ көптеген әннің сөзін жазған автор. Құдай қосқан қосағының бірқатар әндеріне де сөз жазған. Міне, осындай өнерлі жандар бүгінде перзенттерінің қызығын көріп отырған бақытты ата-әже.
Әлімбек ақсақал күйшілік өнердің нағашы ағасы Самар Сүйіндіковтен дарығанын айтады. Бала күнінде Самар ағасының домбыра шерткеніне қызығып, күйші боламын деп мақсат қояды. Нағашысы алғашқы ұстазы болса, одан кейін Саламат Жұманалиев, консерваторияда Хабидолла Тастанов деген ұстаздардан дәріс алады. Осындай ұстаздардың шәкірті болғанын мақтан ететін Әлімбек Қонысбекұлы – Кентау қаласының құрметті азаматы, Композиторлар одағының мүшесі. «Ғұмыр перзент», «Ана құдіреті», «Ясауи толғауы», «Домбыраға арналған педагогикалық репертуар», «Музыка пәнін оқытудағы жаңа технологиялар» сынды оқу-әдістемелік құралдар – авторы еңбегінің бір парасы осындай.
Түркістан облысы