Сурет: ru.freepik.com
Әйтей ауылдық округінің аумағында орналасқан «Өмірзақ» тұрғын-үй кешенінде көптен күткен 900 оқушыға арналған жаңа білім ошағының салтанатты түрде ашылуына Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов, аудан прокуроры Жәнібек Жақаев, сондай-ақ ел мақтанышы, Париж Олимпидасының дзюдодан қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев пен ата-аналар қатысты.
«Бұл – ауданымызда ашылған білім мекемесінің алғашқысы емес. Атап өтсек, биылғы оқу жылының алғашқы екі күнінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған Қошмамбет пен Елтай ауылдарында 1200 орынға арналған заманауи үлгідегі 2 мектеп ғимараты пайдалануға берілген еді. Енді міне, «Өмірзақ» шағын ауданы мен Долан ауылынан су жаңа мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуінің нәтижесінде ауданымызда соңғы екі жылда үшауысымдық мектептердің саны 12-ден 3-ке кеміді. Аталған білім мекемесінің құрылысын мердігер «АҚ орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Мектеп ғимараты замануи үлгіде салынған жас ұрпақтың сапалы білім алуына толыққанды мүмкіндік жасалған. Материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейлі талаптарға сай келеді», деген Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов мектеп ұжымын, ата-аналар мен ұстаздар қауымын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, мекеменің бой көтеруіне жауапты болған компания құрылысшыларына алғыс айтты. Сондай-ақ аудан әкімі өз сөзінде аталған мектепте саналы ұрпақ тәрбиеленіп, мемлекеттің мақтанышы болатын балалар білім алатынына сенім білдірді.
Жиын соңында ғимаратты салған «АҚ орда» ЖШС-нің директоры Ербол Манапов салтанатты түрде мекеменің кілтін мектеп ұжымына табыс етсе, ауыл ақсақалы ақ батасын берді.
Айта кетейік, Өмірзақ орта мектебі 900 оқушыға арналған. Үш қабатты. Іші толықтай заманауи тұрғыда жабдықталған. Мектеп құрылысына 3 млрд 700 млн теңге шамасында қаржы жұмсалған. Бұған дейін Әйтей ауылының Б.Қосынов атындағы орта мектепке «Өмірзақ» шағын ауданынан 400 бала қатынап оқыса, енді жаңа мектепке барады.
«Көшіп келгелі жеті жыл болды. Осы арада мектеп салынады дегенді естігенімізбен, сенбеген едік. Екі жылдың ішінде еңселі ғимарат бой көтеріп, қуантып отыр. Бүгінге дейін қаншама бала мектепке тасымалданып оқып келді. Қыс күндері ата-аналарға қиын еді. Осы мәселе түбегейлі шешілді. Баласының үй жанындағы мектепке кіріп жатқанын көріп, қуаныштан көзге жас алып жатқаны да бар», дейді шағын аудан тұрғыны Жолдасбек Мәмбетов.
Ал аудандық білім бөліміндегілер жаңа мектепте 600-ге жуық бала сабақ бастап жатқанын айтады. «Бұл жерде бұрын мектеп болмаған. Сол себепті оқушылар Әйтей ауылындағы Қосынов мектебіне тасымалмен оқитын. Бүгін үлкен мәселе шешілді. Бұл алдымен балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Күре жолдан өтіп, жан-жаққа қатынап оқып жүрген баланың бәрі бүгін осы мектепке келді. Ауданымыздағы үш ауысым мәселесі тағы бір мектепке азайды», дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркінбаева.
Келесі күні Алматы облысы Қарасай ауданының Долан ауылында тағы бір еңсесі биік, заманауи технологиямен жабдықталған 1200 орындық білім ордасы қолданысқа берілді. Осымен облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3-жайлы мектеп бой көтергенін айрықша атаған абзал. Ашылу салтанатына ауданға жұмыс сапарымен келген аймақ әкімі Марат Сұлтангазиев арнайы қатысып, ізгі тілегін білдірді.
Алматы облысы