Қоғам • Бүгін, 09:40

Аға ұрпақ – асыл қазына

43 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ халқы – бағзы заманнан үлкенін ардақтаған ел. «Қария – даналық пен өмір тәжірибесінің қайнар көзі» деп тегін айтылмаса керек. Қазірде елде «Қарттарымызды қамқорлай жүрейік» акция­сы жүріп жатыр.

Аға ұрпақ – асыл қазына

Бүгінде Ақмола облыс­тық ардагерлер ұйы­мы­ның құ­ра­мында 113 мыңнан астам зей­нет­керді біріктіретін 763 бас­тауыш ардагерлер ұйымы, 3 қа­лалық, 17 аудандық ардагерлер ке­ңесі, 5 майдангер, 1697 тыл ең­­беккері, 800-дей Ауған со­ғы­сы­на қатысушы, бұдан басқа Чернобыль атом электр станса­сын­­дағы апатты жоюға қатысу­шылар бар.

Ардагерлер ұйымдарының жұмысы жүйелі, жоспарлы түрде жүргізілетінін, олар жер­гілікті атқарушы орган­дар­дың ұдайы назарында тұратынын атап өту керек. Жыл сайынғы Қарт­тар айлығы кезінде әр көз­­ден материалдық көмек көрсетуге қаржы бөлінеді. Жалпы, облыста өткен жылғы айлықта 89950 адамға 349 миллион теңге әлеуметтік қолдау көрсетілген. Бұдан басқа, әртүрлі арнадан да қаражат тарту қарастырылған. Атап айтсақ, 13427 адамға тегін немесе жеңілдікпен дәрілік препараттар, 20622 адамға азық-түлік жиынтықтары, 324 адамға қысқы отын сатып алынды. Жеке тұрғын үйлерін жөндеу, жеңілдікпен коммуналдық қызмет ақыларын төлеу, тағы басқаларына да қо­мақ­ты қаржы бөлінген.

Ардагерлер ұйымдарының белсенділері жыл басынан бергі алты айда екі мыңнан аса аға ұрпақ өкілдерінің тұрмыс жағдайын зерделеді, 76 зейнеткер санаторийлер мен демалыс үйлерінде ем-дом қабылдады. Көкшетау қаласының, бірқатар аудандардың сауда нүк­телерінде халықтың тұр­мы­сы төмен топтарына арналған әлеу­меттік сөрелер ашылған, тұ­рақты жұмыс істейді. Облыстың аудандары мен қалаларында тұр­мыс деңгейі төмен отбасылар арзан бағадағы отынмен қамтылған.

Рухани-мәдени іс-шараларға да ерекше көңіл бөлінеді. Биылғы алғашқы тоқсанда ғана облыстағы ардагерлер ұйым­­да­рының қатысуымен 400-ден аса әртүрлі мақсаттағы іс-шара өтті. 247 зейнеткерге газет-журналдар жаздырылды.

Аудандық ардагерлер кеңес­тері жергілікті атқару орган­дарына сүйене отырып, қарт­тар мен мүгедек­тер­дің мұқ­таж­дық­тарын қанағат­тан­­дырумен айлық кезінде ғана емес, жыл бойы айналысады. Ақкөл, Це­линоград, Есіл, Сан­дықтау аудандарында кәсіпорындар есе­бінен ұйымдастырылған қарт­тарға арналған әлеуметтік интернаттар жүйелі жұмыс істеп келеді. Қазір облыс көле­мін­де бірінші, екінші топтағы қарттарға арналған 5 ардагерлер үйі бар. Оларға да ұдайы көңіл бөлініп, ондағы қарттардың тұрмыстық-әлеу­мет­тік, рухани мәселелері шешіліп отырады.

Осы тұрғыда таяуда ғана құ­рыл­ған Қосшы қалалық ардагер­лер кеңесінің жұмысын ерек­ше атап өткен абзал. Мұнда бар­лық меншік түріндегі еңбек ұжымдарында, мекемелер мен ұйымдарда зейнетке шыққан егде адамдармен кездесулер өткізу игі дәстүрге айналған. Сол күндері оларға көңілді кеш ұйымдастырылып, ардагерлер мен мүгедектерге құрмет көрсету концерттік бағдарламалармен, түрлі қайырымдылық акция­ла­рымен қатар жүргізіледі. Ша­р­уа­­шылықтар мерекелік дас­тарқан­дарын жайып, азық-түлік жиынтықтарын үлестіреді. Егде адамдарға отын, көмір, дәрі-дәрмек алуға, пәтерлерін жөн­деу­ге ақшалай көмек көрсетіліп, тұрмысқа қажет заттар мен киім-кешек табыс етіледі. Тауар өндірушілердің белсенді қаты­суы­мен ауыл шаруашылығы өнім­дерінің арзандатылған жәр­меңкелері өткізіледі. Зейнет­ақысы төмендерге, мүгедектерге бір реттік ақшалай жәрдем көр­сетіледі.

Қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау жөніндегі айлықты өткізудің іс-шаралар жоспарына сәйкес барлық меншік нысанындағы еңбек ұжымдарында қарттармен кездесулер өткізілді, іс жүзінде барлық қала мен ауданда мере­келік құттықтаулар ұйым­­дас­тырылды, сыйлықтар, ақ­ша­лай жәрдемақылар табысталды. Зей­неткерлік жастағы ерлер мен әйел­дер арасында шахмат, дойбы турнирі, «Тоғызқұмалақ» ұлттық ойыны өткізілді. Жарыстың жүлдегер­лері мен жеңімпаздары грамоталармен, медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Көру, есту, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Айлық кезінде тиісті мемле­кеттік органдар мен мекеме­лердің, аудандық, қалалық ардагерлер кеңестерінің, баста­уыш ардагерлер ұйымдарының белсенділігі ерекше артатыны белгілі. Өйткені басты мақсат – аға ұрпақ өкілдерін әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдан қорғау, олардың өмірлік белсенділігін арттыру.

Облыстық ардагерлер ке­­ңе­сінің мақсаты – аға буын өкіл­дерін әлеу­меттік қор­ғау, тұрақты мо­раль­дық, материал­дық қолдаумен қатар, елде жүріп жатқан қоғам­дық-саяси оқиға­лардан, мәселе­лер­ден де тыс қалмау.

«Біздің рухани бағыттағы жұмыстарымыз негізінен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларын, Ұлт­тық құрылтайда сөйлеген сөз­де­рін кеңінен насихаттауға арналады. Аталған құжаттар бүкіл қоғамға серпіліс беріп, жалпы елдің ілгерілеу бағдарын айқындап берді, онда терең, халық көңілінен шыққан келе­лі ойлар айтылды. Әсіресе эко­но­микалық өзгерістер, жаңа, әділетті Қазақстанды қа­лып­тас­тыру жайы көпке үлкен ой салды. Осыған орай, елдікті нығайтуға бағытталған реформаларды түсіндіру мен насихаттау мақсатында облыстық іс-шаралар жоспары жасалды, – дейді об­лыс­тық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов. – Президенттің биік мінберден айтқан сөзде­рін­де айшықталған идеялар мен қағидаттарды іске асыру мәселесі қоғамның барлық саласына, оның ішінде ардагерлер бірлестіктеріне де зор жауапкершілік жүктейді, біздің белсенділігімізді, жұмы­сы­мыздың нәтижелілігін барын­ша арттыруға міндеттейді. Яғни бұл іске өз тарапымыздан шама-шарқымызша үлес қосуға, қоғам сұраныстарына тек пайдалы ақыл-кеңестерімізбен, ұсыныстарымызбен ғана емес, мүмкіндігінше нақты істері­міз­бен жауап беруге тиіспіз».

Облыстық ардагерлер кеңе­сі­нің отырыстарында атал­ған мәселелер күн тәртібіне қо­йылған. Айталық, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нис­­трлігінің «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық жобасын жүзеге асы­ру жөніндегі шешіміне орай, мәсе­­ле төралқа отырысында қа­ралды.

Жалпы, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің жергілікті жердегі жұмысын ұтымды ұйым­дастырып отырған өңірлік фи­лиалдар қатарында Ақкөл, Атбасар, Зеренді аудандары мен Степ­ногор қаласын атап өтуге болады.

Өмір жолын еліміздің гүлденуі мен дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету – бүгінгі жас буынның басты парызы.

Жасы ұлғайған адамдарға ең керегі – ардагерлер ұйымы мен билік органдары тарапынан айтылатын жылы сөз, олардың еңбектерін қоғамның мойындауы, сыйластық көзқарас, сенімді қарым-қатынас. Сондықтан ал­дағы уақытта осы мәселелерге баса назар аударған абзал.