Фото: ІІМ
«Ақпараттық технологиялар мен онлайн-қызметтердің дамуымен интернетте ақпарат қолжетімді. Бұл интернеттегі алаяқтықтың өршіп кетуіне себеп болды. Соңғы жылдары бұл жиі жасалатын қылмыс түріне айналды», деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Мысалы, Қостанай тұрғыны DarkNet пен Telegram арқылы интернет-алаяқтық жасаған. Қаскөй 1,5 млн теңгеден астам ақша жымқырғаны анықталды. Ер адам «кардингпен», яғни банк карталарының деректемелерін ұрлап және оларды қайта сатумен, сондай-ақ ақшаға компьютерлік вирустарды таратуды үйретумен айналысқан. Қазір фигурант ұсталып, сотталды.
«Шымкенттік алаяқ Instagram парақшаның дубликатын жасап, балалардың еміне ақша жинау арқылы адамдарды алдаған. Осылайша ол 32 млн теңге жинаған. Алаяқ ұсталды. Қамауда отыр», деді Қанат Нұрмағамбетов.
Ведомство киберқылмыстарға қарсы күресті жүйелі түрде жүргізеді.
Сәуір айында Украинаның Одесса және Запорожье қалаларында өткен халықаралық арнайы операция барысында бес алаяқтық call-орталық жойылды. Қаскүнемдер Қазақстан азаматтарына қатысты қылмыс жасаған. 30-дан астам күдікті ұсталды, қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Қыркүйек айында жедел іс-шараларды өткізу кезінде Алматы қаласында төрт call-орталық жойылып, 47 шетелдік ұсталды. Олар шет мемлекеттердің азаматтарына қатысты алаяқтықпен айналысқан. Тергеу шаралары жүргізіліп, тәркіленген техника тексеріліп жатыр.