Шаруашылық • 08 Қазан, 2024

Биыл су тапшылығы болмады, өнімділік артты - дихандар

55 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының дихандары суару маусымын қорытындылады, деп жазады Egemen.kz. 

Биыл су тапшылығы болмады, өнімділік артты - дихандар

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қызылорда облысы бойынша «Қазсушар» филиалы биылғы суару маусымында шаруаларға 3,7 млрд текше метр су берді. Көктемде мекеме 965 су пайдаланушымен 127 мың гектар егіс алқабын сумен қамтамасыз ету жөнінде келісімшартқа отырды. Оның ішінде 84,2 мың гектары - күріш алқабы.

«Биыл Қызылорда облысы суару маусымын табысты аяқтады. Дихандардан су жетіспеушілі туралы шағым түскен жоқ. Су шығынын азайту мақсатында жыл басынан 25 су өлшеу бекетін жаңарттық. Келесі жылы тағы 58 бекетті қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Бұл су көлемін дәл есептеуге мүмкіндік береді», деді Қызылорда облысы бойынша «Қазсушар» филиалы басшысының орынбасары Айдос Асанбаев.

Судан тапшылық көрмегендерін жергілікті дихандар да растап отыр. Судың тұрақты берілуіне байланысты биыл күріш өнімділігі де артқан.

«Биыл судан тапшылық болған жоқ, ешқандай мәселе туындамады. Осыған дейін 3 жыл қатарынан қиын болған еді. Су жетпей, кезектесіп алатын едік. Осы жылы үлкен каналдардың бәрін тазартты, шлюздер орнатты. Жақсы жұмыс жасады. Орта есеппен гектарынан 50 центнерден өнім алуды жоспарлап отырмыз», деді шаруа қожалығының басшысы Данабек Әбдібеков.