Аймақтар • 09 Қазан, 2024

Орманшылар ерлігіне ескерткіш

93 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай облысында орман өртімен күресте қаза тапқан өрт сөндірушілер мен орманшыларға ескерткіш қойылды.

Орманшылар ерлігіне ескерткіш

«Жамандық айтып келмейді» деген. Соңғы жылдары еліміздің әр өңірінде болған өрт пен тас­қын су апаты кезіндегі түрлі қиын­­дық халқымызды сынады. Бір­лі­гі­міз­ді арттырды. Өмір мен өлім ар­­­палы­сындағы қасиетімізді шыңдады.

«Семей орманы» резерватына қарасты Бородулиха ауданы Камышенка орман шаруа­шылығының жанында қызмет­тік боры­шын орындау кезінде ғұмыры үзіл­ген орманшыларға арнал­ған ескерткіштің авторы – талантты мү­сінші, осы­ған дейін елімізге та­нымал тұлғалар­дың бейнесін сомдаған Нұрбол Қалиев. Орманшылардың ерлігін әспеттеген мүсіннің биіктігі – гранит тұғырымен қоса есептеген­де 8 метр. Бұ­ған қоса қоладан жа­сал­ған ескерт­кіш қаза тапқандар­­дың батыл­дығы мен өз істеріне адал­дығын бейнелейтін рельефтер­мен безендірілген. 

«Бір ескерткішпен бір­аз нәрсе айтуға болатынын ескерсек, осы жұмыс ар­қылы орман өрті кезінде қаза тапқандардың есімін ел жа­дында жаңғыртып, келешек ұрпаққа кең көлемде насихаттай аламыз. Биылғы жылы сәуір айында бас­талған шығармашылық жұмыстың нәти­жесінде ел үшін басын бәй­геге тіккен бүгінгінің ба­тыр­­ларын ұлықтау парыз бол­­ды», дейді мүсінші Н.Қа­лиев.

Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімінде опат болған орманшыларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев жерлестеріміздің ерлігі тек осы өңір­дің ғана емес, барша отандасымыз мақтанатын құбылыс екенін жеткізді.

«Қара орманды қадірлеп, ерлік пен өрліктің жарқын үлгісін көрсеткендер ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Бұл тұғыртас табиғаттың то­сын мінезіне төтеп берген азамат­тардың атын әйгілеу үшін арнайы қойылып отыр. Есімдері тарих тақтасына ал­тын әріп­пен жазылып, ұр­пағы мақтан етер жерлес­терімізге, біз, қашанда басы­мызды иеміз», деді өңір басшысы.

Қаза болған орманшының туысы Арай Әмірханова ашыл­ған ескерткіштің мар­құм­дарға көрсетілген зор құр­мет екенін атап өтті. Соны­мен қатар сонау қайғылы күндерден бастап жан жарынан, ұлынан, аға-бауырынан айырыл­ған жандардың мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды терең сезінгенін мәлім етті.

Өткен жылы маусым айында болған қайғылы оқиға мезетінде Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына арнайы келіп, қыз­метін атқару кезінде көз жұмғандардың есімі елеусіз қал­майтынын айтқан еді. Бой көтеріп отырған еңселі ескерт­кіш те елдіктің нышаны ретінде бейбіт заман ба­тырларының есімін жұрт жадында жаң­ғыртты.

 

Абай облысы