Иә, сонымен бизон баққанды да көрдік. Шын екен. Серіктестік жалғыз бизон емес, табын-табын жылқы өсіріп, табысқа кенеліп отыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі қызметкерлерінің айтуларына қарағанда, жосығы бөлек жаңа жобаның жалпы құны – 340 млн теңге. Тосын іс қолға алынып, жаңадан 10 жұмыс орны ашылыпты. Төрт түлікті төскейге жайып, табыс көзін молайтқан серіктестік 6 мыңға жуық мал бағады.
«Швейцарияның «Swiss Choice Holding SA» компаниясымен бірлесіп қолға алынған жоба шеңберінде 12 бизон жеткізілген. Барлық мал дәрігерлік, карантин шаралары сақталған. Бағымы бөлек бизон шаруашылығын өркендету үшін жер бөлінген. Арнайы мал қамайтын орындар мен ет өңдейтін, мал азығын дайындайтын зауыттар құрлысы жүріп жатыр», дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Валентина Ситникова.
Ақкөл ауданында ауқымды іс аз емес. Қарасай селолық округіндегі «Тың жер 18» серіктестігінде бір сағаттың ішінде 100 тонна астық тазалай алатын желі салынбақ. Құрылғы серіктестіктің өзіне ғана емес, қанаттас қонған өзге де ауыл шаруашылығы құрылымдарына септігін тигізбек. Кеңес селолық округіндегі Айдарлы ауылында форель шаруашылығы ұйымдастырылған. Құрылтайшылар жобаға 100 млн теңге төңірегінде қаражат салған.
Ақкөл ауылында «РОК Ақкөл» серіктестігі сауықтыру кешенінің құрылысын қолға алған. Бұл мақсатқа 500 млн теңге қаражат құйылған. Әзірге 10 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Жоба толықтай жүзеге асқан кезде қырықтан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Аудандағы тағы бір ауқымды жұмыс – тауарлы сүт фермасының құрылысы. «Еңбек» серіктестігі бұл жобаға 8,3 млрд теңге қаражат құймақ. Жоба қазір мемлекеттік сараптаудан өткізілген. Инженерлік, электр желілері тартылып, алғашқы кезекте қажет болатын бар шаруа атқарылған. Жазда гольштейн тұқымды 816 мал жеткізілген. Тауарлы сүт фермасына немістің өте сапалы сауу құрылғылары алыныпты.
Жыл басынан бері аудандағы өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің құны 3 млрд теңгені құрайды. Табиғаты тамылжыған ауданға инвесторлар да айрықша ықылас аударып отыр. Ақкөл орман шаруашылығындағы «Сенім» емдеу-сауықтыру орталығы қомақты инвестицияның арқасында жүзеге асырылмақ.
Ақкөл қаласының өзінде «Ақкөл» көпсалалы кешенінің құрылысы жүріп жатыр. «Ramadan» макарон өндіретін зауыт құрылысы басталды. Зауытқа құйылатын инвестиция көлемі – 3,5 млрд теңге. Кәсіпорын тәулігіне 48 тонна макарон өндірмек. Урюпин селолық округіне қарасты Талқара ауылында бағалы балық өсіру қолға алынған. Бағытталған инвестиция 100 млн теңге шамасында. Краснобор су қоймасында алтай тұқысы мен ақ амур өрістетілген. Жылына 20 тоннаға жуық балық ауланбақ.
Ақмола облысы,
Ақкөл ауданы