Саясат • 09 Қазан, 2024

Жауапкершілікпен атқарылған іс баянды

58 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің бірнеше өңірінде жылу беру маусымы басталды, жақын күндері оңтүстік облыстарда да жылу беріледі. Қыстың қамын жазда ойлаған жауапты мекемелер маңызды кезеңге дайындық тыңғылықты жүргенін айтады. Кеше Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымының басталуы мен мемлекеттік орман қорын ұлғайту шараларына байланысты мәселелер қаралды.

Жауапкершілікпен атқарылған іс баянды

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда автономды қазандықтардың дайындығы 100% қамтамасыз етіліп, 19,9 мың шақырым электр желісінде, 376 қосалқы стансада, 4 046 тарату бекеті мен трансформаторларды жөндеу аяқталды. 535 шақырым жылу желілері жаңғыртылды, бұл – жоспардың 98,5%-ы.

Қазіргі уақытта білім беру мен медициналық мекемелер, сондай-ақ еліміздегі тұрғын үй қорының 99%-дан астамы жылу беру маусымына толық дайын. Осы орайда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев инженерлік желі­лер мен автономды жылу энергия көздерінің дайындығы қалыпты екенін баяндады.

«Сумен жабдықтау желі­лерінің 1 025 шақырымы не­месе жоспардың 90%-ы жөн­деуден өтті, су бұру желі­лерінің 159 шақырымы немесе 98%-ы жөнделді. Сондай-ақ республика бойынша жылыту маусымына 12 мыңнан аса автономды қазандық дайындалды. Білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үйлердің дайындығы 100%-ды құрайды», деді министр.

Олжас Бектенов барлық жөн­деу жұмыстарының мер­зімі мен нормаларын қатаң сақ­таудың маңыздылығына тоқ­талды. Бүгінгі таңда жылу көз­дерінің резервтік жаб­дықтарын жаңғырту жал­ғасуда, жоспарлы жобалар іске асырылып жатыр.

«Ауқымды жұмыстар ат­қарылды. Оны бөлінген қаржы мөлшерінен де, жүр­гізілген жұмыс көлемінен де байқауға болады. Енді ең бастысы – жылу беру маусымын қалыпты деңгейде өткізіп, жоспарланған бар­лық талаптарды сақтай білу. Ком­муналдық кәсіпорын­дардың жөндеу бөлімшелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Олар кез келген жағдайға шұғыл әрекет ету үшін дайын болуға тиіс. Әкімдерге жылу беру маусымының барысын жеке бақылауда ұстауды тапсырамын», деп атап өтті О.Бектенов.

Премьер-министр халық­ты қолжетімді көмірмен қам­тамасыз ету қажеттігін де атап өтті. Өңір әкімдіктері Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік министрліктерімен бір­лесіп, коммуналдық, тұр­мыстық көмірді жеткізу бо­йынша барлық мәселені шешу тапсырылды. Көмірді вагондармен тасымалдауға басымдық беру қажет. О.Бектенов тұрғындар көмірді тұрақты бағамен сатып алуына ешқандай кедергі болмауы керек екенін атап өтті. Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта отын қоры жеткілікті деңгейде.

«Энергия көздерінің отын қоймаларында 5,2 млн тонна көмір, 88 мың тонна мазут жинақталған, жалпы норма­ға сәйкес келеді. Тек Риддер жылу электр орталығында көмір қоры 20 тәулік нормадан 14 тәулікті ғана құрайды. Жи­нақтау жұмыстары жал­ғасуда. Министрлік өңірлер бойынша бірқатар мәселені бақылауда ұстап отыр»,  деді А.Сәтқалиев.

Сонымен қатар Үкімет отырысында Мемлекет басшы­сының мемлекеттік орман қорын ұлғайту жөніндегі тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен бірқатар облыс әкімдері баяндады.

Елімізде 2021 жылдан бері қа­рай шамамен 970 млн кө­шет егілген. Бұл ретте 5 жыл ішінде республиканың ор­манды алқаптары 267 мың гектарға ұлғайды.

«Мемлекет басшысы 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін қойды. Бұл еліміздің орман қорын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Орман алқаптары мен сая­бақтарды кеңейту, бола­шақ ұрпақ үшін био­логия­лық әркелкілікті сақ­тау – эко­логиялық ахуалды жақсартуда маңызды басым­дықтардың бірі. Бұл – аса күрделі әрі ұзаққа созылатын жұмыс, оны ұдайы назарда ұстау қажет. Сондықтан барымызды сақтап, жеріміз­ді жасыл желекке айналдыру үшін бар күш-жігерімізді жұм­сауымыз керек», деп атап өтті Үкімет басшысы.

Елімізде 2027 жылдың соңы­­на дейін тағы 1 млрд-тан астам көшет отырғызып, өсіру қажет. Бұл міндетті іске асыру толығымен әкімдіктердің сапалы жұмысы мен министрлік тарапынан нақты үйлестіруге байланысты болмақ. Осы орай­да кешенді ғылыми тәсіл­ді қол­дана отырып, ағаш отыр­ғызу әдістерін жетілдіру тап­сы­рылды. Сондай-ақ отыр­ғы­зыл­ған ағаштардың жерсі­ніп кету деңгейіне назар аудары­лады. Премьер-ми­нистр әкім­­дік­тердің санда бар, санатта жоқ ағаштар тура­лы күмән­ді ақ­парат беру фак­тілері кез­де­сетінін, көзбояу­шы­­­­­лық­тың жолын кесіп, кінәлі­­­л­ер­ді жауапкерші­лік­ке тарту ке­ректігін айтты. Эко­ло­гия және табиғи ресурстар ми­нистр­­лігінің мәліметін­ше, ағаш отырғызу көлемін арттыру шаралары орман тә­лім­­бақтарын дамытуға ықпал етті.

«Егілген көшет­тер­дің жер­сініп кетуі бойынша алын­ған деректер қолдағы бар ор­ман тәлімбақтарының жеткі­ліксіз екенін, ал оларды өсіру тех­нологиясы ескіргенін көрсе­тіп отыр. Осыған байланысты елі­міз бойынша жалпы алаңы 1 176 гектарды құрайтын қосым­ша 114 жаңа тәлімбақ салып, 1 орман тәлімбағын реконс­трук­­циялау қажет. Облыс әкім­діктері тәлім­бақтарды реконструк­ция­лауға және жаб­дықтауға биылдан бас­тап 1 млрд теңгеден астам қар­жы бөле бастады», деді Е.Нысанбаев.

Экология және табиғи ресурстар министрлігіне әкімдіктер мен өзге де мүдделі органдармен бірлесіп биыл 1 желтоқсанға дейін келе­сі жылдарға арнал­ған көшет мате­риалдарымен қам­тамасыз ету жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Ормандарды өрт пен заң­сыз кесуден қорғау шара­ларына ерекше назар аударылады. Өткен жылдарда болған алапат өрттер бұған дейінгі өртке қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралардың мардымсыз екенін анық көрсетті. Осыған байланысты қазір елімізде орман шаруашылықтарын, саябақтар мен резерваттарды арнайы өрт­ке қарсы жүйелермен, тех­ника, жабдықтармен қамта­масыз ету мақсатында ауқым­ды жұмыс қолға алынды. Мәсе­лен, биыл еліміздің орман ша­руашылығы тарихында алғаш рет 2 305 өртке қарсы техника сатып алуға 52 млрд теңге бөлінді.

Бұған қоса, мемлекеттік орман қорының 900 мың гектары орман өрттерін ерте анықтау жүйесімен қам­тылған. Мысалы, Бурабай ұлттық паркінде орна­тылған ерте хабардар ету жүйе­сінің арқасында орман өрттерінің орташа ауданы 50 есеге қысқарды. Келесі жылы мұн­дай жүйе «Семей орманы» резер­ватында 3,1 млрд теңгеге енгізіледі.

Аурулар мен зиянкестер­дің таралып кетпеуі үшін сани­тар­лық жұмыстар жүр­гізіп, алқаптарды жарамсыз ағаш­тардан тазарту қажет. Бұлар – өртенген немесе ауруға шал­дыққан ағаштар. Біз осындай зақым келген жалпы аумақ­тың тек 1%-ында ғана ағаш­тарды кәдеге жаратамыз. Соны­мен қатар елімізде оталған ағаш­тарды қайта өңдеуге арналған жоғары шикізат базасы бар.

Орман өнеркәсібі саласына әлеуетті инвесторлар тартуға басымдық бері­леді. Экология және таби­ғи ресурстар, Төтенше жағ­дайлар министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге, әсі­ре­се бюджеттен тыс қара­жатты тарта отырып, орман меке­мелеріне қажетті жабдық­тар мен техника сатып алуды қар­­жыландыру шараларын жалғастыру тапсырылды. Сон­­дай-ақ орман алқаптарына тұрақты мониторинг жүр­гізу, оның ішінде ғарыштық бақылау жүргізілуге тиіс.