Тағайындау • 09 Қазан, 2024

ҰЭМ Қоғамдық кеңесінің жаңа төрағасы сайланды

74 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кезекті отырыс барысында Ұлттық экономика министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы лауазымына оның қазіргі мүшесі Дәрмен Сәдуақасов сайланды, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҰЭМ Қоғамдық кеңесінің жаңа төрағасы сайланды

Фото: Ашық дереккөз

Айта кетейік, бұрын осы лауазымды атқарған Алмас Чукин 2024 жылғы 6 қыркүйекте өз өкілеттігін тоқтатқан еді. Кеңестің жаңа құрамы 15 мүшеден тұрады.

Сондай-ақ отырыста жекешелендіру процесінің әдіснамалық негізін жетілдіру мәселелері мен «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске асыру барысы қаралған.

ҰЭМ Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаментінің директоры Жадыра Темірбаева мемлекеттік активтерді басқару саласындағы өзекті мәселелердің бірі жекешелендіру процесінің әдіснамалық негізін жетілдіру екенін атап өтті.

«Мемлекет жеке сектормен бәсекеге түспеуі керек, осыны ескере отырып, экономиканы ырықтандыру шеңберінде мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуының тұжырымдамалық тәсілдері айқындалды, Ұлттық жекешелендіру кеңсесі құрылды, оның міндеті - жекешелендіруге жататын мемлекеттік активтердің тізбесін қалыптастыру», деді Жадыра Темірбаева.

Ал ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Мирас Зеріпбаев Ұлттық экономика министрлігі 2023 жылдан бастап салалық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп іске асырып келе жатқан «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндаған.

«Бағдарлама салаға жаңа инвестицияларды ынталандыру арқылы коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған. Жаңа тарифтік саясатты жүзеге асыру 2029 жылға дейін жалғасады. Бұл ретте біз түпкілікті тұтынушылар үшін тарифтердің күрт көтерілуіне жол бермеудің барлық шараларын қолданып жатырмыз», деді ол.

Жалпы, 2023 жылы 267 млрд теңге инвестиция тартылған. 5,8 мың км инженерлік желі жөнделіп, желілердің тозуы 3,2%-ға төмендеген.

2024 жылға 6,5 км инженерлік желілерді жаңғырту үшін шамамен 336,3 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр, бұл тозу деңгейін тағы 3%-ға төмендетуге мүмкіндік береді деп жоспарланған.