Энергетика • 10 Қазан, 2024

Көпшілік АЭС-тің пайдасы мен тәуекелін түсінді

121 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отандық атом энергетикасы жүйесін қалыптастырудағы маңызды әрі әдепкі белес саналған референдум өтіп, алдын ала сауалнама қорытындысында ел халқының басым бөлігі елде атом энергия стансасын салуды жақтап дауыс берді. Көпшілік атом энергиясының маңызын түсініп, сеніп отырған сыңайлы. Алаң да жоқ емес. Алайда Мемлекет басшысының АЭС құрылысында «ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет» деген сөзі біраз күдікті сейілтсе керек.

Көпшілік АЭС-тің пайдасы мен тәуекелін түсінді

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Еліміз энергия тапшы­лығы­ның алдында тұр. Ресми дерек­тер де, сарапшылар болжамы да мұны растай түседі. Қазба отын­­дарына тәуелді эко­ло­гиялық салдары ба­ламалы таза энергия көздерін табуға мәжбүрлейтіні рас. Нақты тәжірибелер мен нәтижелерге қарап, атом электр стансалары энергетикалық келешектің оңтайлы шешімі екенін ұғындық. Дегенмен бұл тақырыптағы пікірт­алас кезінде атом энергети­касы туралы қорқыныш пен мифке толы оқиғалар да айтыл­май тұрмайды. Түптеп келгенде халық өз таңдауын жеке сенім­деріне сүйеніп жасайды. Мә­жіліс депутаты Марат Бәші­мов бір кездері Смоленск атом электр стансаларын бас­қарумен айна­лысатын әскер сапында қызмет еткен. 1986 жылы Чер­нобыльде жарылыс болған кезде демобилизацияланған. Ол мүл­дем басқа дәуірдің кел­генін, техно­логияның тұғырға шық­қанын түсіндім дейді.

«Билік референдум өткізбей-ақ шешім қабылдауға болар еді. Бірақ Конституцияға сәйкес референдум – халықтың ең жоғары таңдау құқығы. Референдум өткізіп, халықтың пікірін негізге алуға шақырған Президент ма­ңыз­ды қадам жасады. Өйткені бұл жолмен жүреміз бе, жоқ па, халық еркімен анықталды. Бұл тәсіл – демократияның озық үлгісі. Экономикалық тұрғыдан алғанда, жарқын болашақ кепілі – атом энергетикасы. Олай болмаса, энер­гиясының 65%-ымен бүкіл Еу­ропаны қамтамасыз ететін Фран­ция АЭС пайдаланбас еді»,  дейді депутат.

Айтуынша, бұл үдеріс елде жаңа құқықтық әрі сайлау мәде­ниетін қалып­тас­тырудың бастал­ғанын көрсетеді.

«Қазіргі референдум – азамат­тардың ерікті ерік-жігерінің мысалы. Мұндай референдум қоғамға өз пікіріне сүйене отырып, маңызды шешім қабыл­дауға мүмкіндік беріп, сабырлы көзқарасты дамытуға ықпал етеді. Осы референдумның тарих­тағы орны ерекше. Маңызды ше­шімдегі халықтың ойын білу – әбден құптарлық іс. Халықты не себепті референдумға шақырды? Ел болашағына әсер ететін үде­рісте әр азамат жауапкершілік сезініп, өз таңдауын жасауы ма­ңызды еді. Біз әрбір азаматтың таңдауына деген құрмет пен жа­уапкершілікке негізделген жаңа сайлау мәдениетінің қалыптасып жатқанын көріп отырмыз. Бұл тұрғыда референдум қоғамда болып жатқан өзгерістердің рәмізіне айналды. Біз әділдік пен ашықтық мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттарына айналатын жаңа Қазақстанды құрып жатырмыз»,  дейді ол.

Электр энергиясы қазіргі өр­кениетті заманның «қаны» екені рас. Оны өндіруде судың, күн мен желдің қуатына дейінгі бар­лық көздер қолданылады. Қазір адамзат қажеттіліктері бар­­ған сайын өсіп, ресурстар аза­йып жатыр. Бұл тізбектен біз де орын алғанбыз. АЭС салу мә­селе­сі қо­ғамда бірталай пікірта­лас ту­дыр­ды. Көбіне энерге­ти­ка­­лық тә­уелсіздік, АЭС-тегі ж­ұ­мыс қа­уіпсіздігі, экология­лық қа­уіп­сіздік, экономикалық тиімділік, саяси негізділік аясында өрбіді. Стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен Семей поли­гонындағы ядролық сынақ­тардың қасіретті мұрасын, Чернобыльдегі апат сал­дарын жоюдың қайғылы тәжі­рибесін ескерсек, ел алаңын тү­сінуге болады дейді. Оның айтуынша, халық таңдауын саналы түрде саралап жасады.

«АЭС-тің салынуы елдің бо­ла­шағы мен тұрақты дамуына елеулі үлес қосады дегенге се­нім­­дімін. Осы тұрғыдан алған­да референдумға қатысқан аза­мат­тардың көпшілігі осы шешімді қолдағаны – құптарлық іс. Ендігі басты мақсат – ел мүддесіне то­лы­ғымен сай келетін АЭС жобасын таңдап алу. Болашақта ІІІ+ буы­нына жататын заманауи ядролық реакторлар орнатылған АЭС салынады. Оны салу кезінде анағұрлым озық әрі қауіпсіз технологиялар мен материалдар, жаңартылған және сенімді қорғаныс құралдары мен энергия көздері пайдаланылады. Бұл адам факторының әсерін, апат ықтималдылығын барынша азайтады», дейді.

Еліміз біршама уақыттан бері атом энергиясын бейбіт мақ­сатта пайдалану, оның ішінде азаматтық ядролық секторды жүйелі дамытуға біршама назар аударып келеді. Теориялық, қолданбалы зерттеулер жүргізуге көп көңіл бөлінді. Ұлттық ядро­лық орталықта ядролық реак­торлардың жаңа түрлерін жасау, ядролық қондырғылардың жо­ғары дәлдіктегі жабдықтарын әзірлеу, АЭС қауіпсіздігін арттыру, атом өнеркәсібінің тех­ни­калық ғимараттары мен құры­лыстарын жобалау жұмыстары атқарылып жатыр. Халық таң­дауынан кейін бұл үдерістерге баса мән берілмек.

«Мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті АЭС салу емес, еліміздің энергетикалық тәуел­сіздігін қам­тамасыз ету екенін түсіну керек. Осы міндеттің өзектілігі көр­шілес елдерден электр энергия­сын қымбат бағаға сатып алу есебінен жабылатын ел экономикасы мен халқының энергияға сұранысының артуынан пайда болған электр қуатының же­тіспеуімен, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған генерация нысандары мен электр желілерінің әбден тозуымен байланысты. Энергетика саласы мамандарының пікірінше, атом энергетикасы бірқатар объективті фактордың, соның ішінде ауа райына тәуелді болмауы арқасында, бүгінгі күні дәс­түрлі сарқылатын энергия көз­деріне жалғыз ұзақмерзімді әрі тұрақты балама болып қала береді. Сондықтан отандық энер­­­гия өндіру қуатын кеңейту, елдің энергетикалық қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мақсатын­да Үкімет те, халық та АЭС салуды таңдап отыр», дейді Дәурен Әбен.