Саясат • 10 Қазан, 2024

Діни диалог және жастар әлеуеті

222 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Астанада «Ортақ болашақ жолында: жас көшбасшылардың дінаралық диалогті нығайту­дағы рөлі» тақырыбына арнал­ған алғашқы Жас діни лидерлер форумы өтті. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі аясында ұйымдастырылған іс-шараға әлемнің 30-дан аса елінен келген делегаттар қаты­сып, қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылады. Отырыстың нәтижесінде жас дін лидерлерінің бірлескен үндеуі қабылданып, алдағы ортақ жұмыстың басым бағыттары белгіленді.

Діни диалог және жастар әлеуеті

Өркениеттер үндестігін орнықтырған алаң

Форумды ашқан Сенат төр­ағасы, Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көш­бас­шылары Съезі Хат­шы­лы­ғы­ның бас­шысы Мәулен Әшімбаев Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың іс-шараға қатысушыларға жол­да­ған құт­тықтауын оқып берді. Онда Мем­­лекет басшысы екі жыл бұрын Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының VII съезінде оның жұ­мысын жандандыратын жаңа тәсіл­дер ой­лас­тыруды ұсынға­нын атап өткен. Бұл бастаманы деле­гат­­тар бірауыздан қолдады. Қазір осы бағыт­та бірқатар игілікті іс та­быс­­­ты жүзеге асырылып жатыр. Со­ның бірі – Жас діни лидерлер форумы.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съезі өрке­ниеттер үндестігін орнықтырып, бейбітшілік пен келісімді дәріптейтін бірегей диалог алаңы саналады. Осы аса маңызды іске жас буын өкілдерін жұмылдыру – уақыт талабы. Себебі өскелең ұрпақ – қашанда жасампаздық пен жаңашылдық­тың жаршысы. Түрлі елде тұратын жас­тардың дін саласындағы ынты­мақтастығы адамзаттың рухани болашағын айқындауға тікелей әсер етеді. Қазір әлемде геосаяси қайшылықтардың салдарынан түрлі сын-қатерлер пайда болды. Осы алмағайып кезеңде халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Ал оған жастардың белсене қатысуы жұмысқа тың серпін берері сөзсіз», делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

 

Жас көшбасшылар әлеуетін пайдалану керек

М.Әшімбаев атап өткендей, форум жас көшбасшылар арасындағы дінаралық диалогтің бірегей платформасына айналып, қазіргі сын-қатер­лерді еңсеру ісінде жастардың күш-жігерін біріктіретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуды көздейді.

«Қазіргі таңда жаһандық проблемалар ушыға түскені белгілі. Форум өткізу идеясы осы сын-қатерлерге төтеп беретін тетік ретінде қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүгінгідей алмағайып кезеңде диалог орнату – жаңа қағидаттар мен нормалар арқылы келісімге қол жеткізетін қолайлы орта құрудың жалғыз жолы. Әлемде қақтығыстар мен қайшылықтар күшейіп тұрған тұста рухани дипломатия мәдениеттер мен діндер арасындағы алтын көпір ретінде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ бұл қадам жаһандық сын-қатерлерді бірлесіп еңсеруде ерекше мәнге ие. Жас дін лидерлерінің алғашқы форумы – осы миссияның маңызды бір бөлігі. Біз жас көш­басшылар дінаралық диалогке тың серпін беріп, бейбітшілік, толеранттылық және өзара түсіністік сабақтастығын сақтап, оны әрі қарай нығайта түседі деп сенеміз», деді Съезд Хатшылығының басшысы.

Сонымен қатар М.Әшімбаев жас­тар оң өзгерістердің өзегі, орнықты дамудың кепілі екенін атап өтті. Сондықтан жас ұрпақтың үніне құлақ асып, олардың идеялары мен бастамаларын жаһан саясатына қатысты түйткілді мәселелерді шешу кезінде ескеру аса маңызды. Осыған байланысты Хатшылық басшысы бейбітшілік пен қауіпсіз­дік, климаттың өзгеруі, цифрлық ынтымақтастық мәселелеріне назар аударып, әділеттілік, тұрақтылық және келісімге табан тірейтін ортақ болашақ қалыптастыру жолында жас көшбасшылардың әлеуетін тиімді іске асыруға арналған бірқатар маңызды бағытқа тоқталып өтті.

«Зорлық-зомбылық пен қаты­гез­діктің кез келген көрінісі­не төзбеу­шілік ахуалын қалыптасты­рудың, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге және қоғамда үйлесімді қарым-қатынас орнатуға ықпал етудің маңызы зор. Бұл ретте жастардың рөлі стра­тегиялық си­патқа ие. Қоғам­да жалған ақпарат пен теріс насихат­қа иммуни­тет қалыптастыру, бала­лар мен жас­тарға білімнің қолжетім­дігін қам­тамасыз ету және оның сапасын арттыру да – өзекті мәселе. Сондай-ақ бүгінде инклюзивті білім беруді дамытуға арналған бас­тамаларды қолдау, орнықты даму қағидаттарын ілгерілетуге белсенді үлес қосу және цифрлық технологияларды адамзат игілігі үшін жауапкершілікпен әрі әдеппен пайдаланудың маңызы да артып отыр. Сіздер осы басымдықтарды кеңінен дәріптеуге үлес қосасыздар деп сенемін», деп Сенат төрағасы жас лидерлерді аталған бағытта белсенділік танытуға шақырды.

 

Толеранттылық – бейбітшілікке бастайтын жол

Өз кезегінде форумға қатысушы­лар түрлі конфессиялардың, халықара­лық және қоғамдық ұйым­дар­дың жас өкілдеріне, ғалымдар мен саясаткерлерге қазіргі өзекті проблемаларды талқылауға, оларды шешудің тиімді жолдарын бірлесіп табуға мүмкіндік бергені үшін Съезд басшылығы мен Хатшылығына риза­шылығын білдірді. Съездің дінара­лық және мәдениетаралық диа­лог пен рухани дипломатия сабақ­­тас­тығын сақтауды қамтамасыз етуге қосқан үлесі зор екені де аталып өтті.

Панельдік сессиялар барысында жас дін көшбасшыларының әлемнің тұрақты дамуындағы рөлі, жаңа технологиялар дәуіріндегі рухани құндылықтар, оның ішінде жасанды интеллектінің сын-қатерлері мен мүмкіндіктері кеңінен талқылан­ды. Ұлыбританиядан келген қонақ, Англикан қауымдастығы бас хат­шысының орынбасары Джо Бэйли Уэллс қатысушыларды осындай іргелі форумның өмірге келуімен құттықтап, кейінгі жылдары әлемде болып жатқан оқиғалар армандар орындалуы үшін бейбітшілік керек екенін көрсетіп отырғанын жеткізді.

«Қазақстанның осы алаңды ұсынғаны – біздің арманға жетер жолымыздағы бастапқы қадам. Ал мақсатымызға жетуге әлі көп жұмыс істеу керек. Кейбір адамдар бүгінгі форумда көтеріліп отырған мәселелерді дін адамдары емес, сая­саткерлер жасауы керек деп айтуы мүмкін. Шынымен солай ма? Менің ойымша, біз діннің шұғыласын адамзатқа шашу арқылы қазіргі әлемдегі проблемаларды шешуге өз үлесімізді одан да көп қоса аламыз деп ойлаймын. Осында қатысқан әрбір адамның сенімі жалпыға ортақ сәуле шаша алады. Бұл біздің ынтымақтастығымызды арттырып, бейбітшілікті орнатуға септігін тигізеді деп үміттенемін», деді ол.

Ал БАӘ Толеранттылық және бірлесіп өмір сүру министрлігінің бас директоры Афра Мұхаммед әл-Сабри қазіргі таңда кейінгі ұрпаққа назарымызды жиі бұрып, олардың бастамаларын қолдап, өзінің үнін білдіруіне жағдай жасау маңызды екенін айтты.

«Жастарға есік ашатын уақыт келді, олар да дін саласында лидер болуға тиіс. Бұған дейін тәлімгерлік деген мектеп болса, енді жастардың өзіне тізгінді ұсынуымыз керек. Біз осындай үлкен мінберлерді жастармен бөлісуіміз қажет. Оларды бөліп-жармай, шетке ысырмай, ортаға тартуымыз қажет. Жастар бізге инновациялық бағдарламаларды игеруге көмектеседі, біз олармен бірге жұмыс істей аламыз. Осылайша, біз ортақ құндылықтарды ілгерілетіп, әлемге пайда келтіреміз», деп ойымен бөлісті.

Әл-Сабри әрбір дінде «Бір-біріңді сыйлаңдар» деген алтын қағида бар екенін еске салды.

«Қазақстан басшылығы осы жиын­ды өткізу арқылы бізге бір-бірімізді сыйлауды, өзара құрметті орта­ға шығаруды ұсынып отыр. Бұл – бей­біт­шілік пен толеранттылықты да­мы­туға керемет мүмкіндік», деді ол.

Сонымен қатар форум барысында Қасиетті Тақтың дінаралық диалогі жөніндегі Дикастериясы Ислам мәселелері бюросының басшысы монсеньор Халед Акаше, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің бас хатшысы Мұхаммед Әбделсалам, «Діндер бейбітшілік үшін» үкіметтік емес ұйымы бас хатшысының орынбасары Дипика Сингх, Тонаф институтының президенті Эммануэль Ганс, «Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры Ершат Оңғар, басқа да жас дін лидерлері сөз сөйледі.

 

Үндеу – ортақ күш-жігер рәмізі

Секциялық отырыстар барысын­да форумға қатысушылар жас көш­бас­шылардың әлемнің тұрақты дамуындағы, мәдениеттер мен діндер диалогіндегі рөлін, сондай-ақ цифр­ландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтарды талқылады.

Форумның нәтижесінде қорытын­ды құжат – Жас дін лидерлерінің бірлескен үндеуі қабылданды. Онда қатысушылар Съездің және бірінші форумның ұйыстырушы әрі жасампаз рөліне баса мән берді. Құжатта жастар өзара құрмет пен келісім, мейірімділік пен жанашырлық, түсіністік пен ынтымақтастық салтанат құрған әлем қалыптастыру­ға өз білімін, күш-қуатын, ерік-жігерін жұмсауға дайын екенін де атап өткен. Сондай-ақ кездесуге қатысушылар 2025 жылы Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезі аясында Жас дін лидерлерінің екінші форумын ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдады.

М.Әшімбаев форум аясында мазмұнды талқылаулар болғанына және маңызды идеялар айтылғанына назар аударып, өзекті мәселелерді шешуге арналған ұсыныстарды – батыл қадам, ал бірлескен үндеу ортақ күш-жігердің рәміздік нәтижесі екенін атап өтті.

«Жас дін лидерлерінің бірінші форумына қатысушылардың бірлес­кен үндеуінде жаһандық сын-қатерлер­ді еңсеру жолында адамзатты ұйыс­т­ыра түсетін конфессияаралық диалог­тің маңызды рөліне баса мән берілген. Шын мәнінде, бірлескен жұмыс арқылы ғана кедейлік, теңсіз­дік, климаттың өзгеруі, дағдарыс сияқты проблемаларды тиімді шеше аламыз. Осы құжатта көрсетілген басымдықтар жас көшбасшылардың одан әрі бірлескен іс-қимылдары мен өз­ара тиімді ынтымақтастығының бе­рік негізін қалайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен­дей, жас­тар – әлемдегі оң өзгеріс­тердің негіз­­гі қоз­ғаушы күші. Жас буынның күш-қуа­ты, ынта-жігері, идеялары дін­­ара­лық диалогке тың серпін беріп, ха­лық­аралық қоғам­дастықтың бүгін­гі сын-қатер­лерді еңсеруіне оң септі­гін тигі­зеді деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.

Айта кетейік, Жас дін лидер­лерінің форумын өткізу туралы идея – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабыл­данған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезін дамытудың 2023-2023 жылдарға арналған тұ­жырымдамасында көрсетілген басым бағыттардың бірі.