Заң • 10 Қазан, 2024

Алматы облысында студент қызды қатыгездікпен өлтіргендерге сот үкімі шықты

91 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында алдын ала сөз байласып, оның жеке мүлкін пайдасына жарату үшін студент қызды қасақана қатыгездікпен өлтірген қылмыскерлер сотталды, деп жазады Egemen.kz.

Алматы облысында студент қызды қатыгездікпен өлтіргендерге сот үкімі шықты

Фото: ult.kz

Қайғылы оқиға осы жылдың 15 наурызында болған.

Сот ақпаратына сәйкес қылмыскерлер 6 наурыз күні марқұммен ортақ танысы арқылы білісіп, Алматы қаласында уақытша паналайтын орын табуға көмектесуін өтінген. Алматы қаласынан пәтер алған екінші күні сотталушылар қаржысының жоқтығын айтып, жәбірленушінің телефонын қайтып алып беру шартымен комиссиялық дүкенге тапсыруға көндірген. Ол қаражатты жұмсағаннан кейін сотталушылар жәбірленушінің атына  банктер мен микроқаржы ұйымдарынан 435 мың теңгеге ақшалай қарыз ресімдеткен.

12 наурызда сотталушылар қыздың смартфонын комиссиялық дүкеннен жасырын сатып алып, бөгде адамға 240 мың теңгеге сатып, қаражатты жеке мақсатта пайдаланған.

Жәбірленуші телефонды қайтару туралы талап қоя бастағанда сотталушылар қызды қасақана өлтіруді шешеді. 

Осы ойларын жүзеге асыру үшін қылмыскерлер қызды үйіне жеткізіп саламыз деп сылтауратып, 15 наурыз күні сағат 02:00 шамасында Қонаев-Қазақстан автожолының 36 – шақырымында жол шетіндегі ашық учаскеде марқұмды ұрып-соғып, соңыра өртеп жіберуге тырысқан. Жас қыз алған жарақаттарынан сол жерде қайтыс болған. Ал қылмыскерлер оқиға орнынан қашып кеткен. 

Алматы облыстық соты қатыгездікпен кісі өлтірген айыпталушылар Қ. және С.-ның әрқайсысын 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енді.