Оқиға • 10 Қазан, 2024

Ғылымды коммерцияландырудың І Еуразиялық форумы өтті

106 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Тұран университеті базасында  «Ғылым қорымен» бірлесіп, ғылымды коммерцияландырудың I Еуразиялық форумын  өткізді.

Ғылымды коммерцияландырудың  І Еуразиялық форумы өтті

Халықаралық форумның ашылуында сөз сөйлеген Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғылымның дамуы мен оның экономикаға ықпалына ерекше назар аудару қажеттілігіне тоқталды.

«Бүгінгі таңда ғылымды коммерцияландыру – кез келген елдің тұрақты экономикалық дамуының басты факторы. Қазақстан үшін бұл бағыт ерекше маңызды, себебі біздің ғылыми әлеуетімізді нақты экономикалық жетістіктерге айналдыру – болашағымыздың негізі. Ғылымды коммерцияландыру – Қазақстан мен тұтас Еуразия аймағының тұрақты экономикалық дамуының маңызды факторы. Қаржыландырудың жеткіліксіздігі, инфрақұрылым мен кадрлардың тапшылығы, сондай-ақ құқықтық базаның жетілмеуі сияқты мәселелерді ғылыми экожүйені дамытуға бағытталған кешенді шаралар арқылы шешу мүмкін. Тек жүйелі тәсілмен ғана Қазақстан ғылыми жетістіктерді тиімді түрде бәсекеге қабілетті өнімдер мен қызметтерге айналдырып, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ете отырып Еуразияда көшбасшы орынға шығуға мүмкіндік алады» деп атап өтті.

ҰҒА президентінің айтуынша, ғылыми әзірлемелерді экономикаға енгізу механизмдерінің, жобалар ғылым мен бизнес арасындағы байланыстың жоқтығы, сондай-ақ стартаптарды қолдау жүйесінің болмауы салдарынан іске аспай қалады. Ғылыми идеялардың бәсекеге қабілетті нарықтық өнімдерге айналуы үшін стартаптар мен скейлап орталықтарды дамытуға қолайлы жағдай жасау қажет.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Закидің пікірінше,  ғылым саласы экономика мен қоғамға нақты пайда әкелетін практикалық бағытқа ауысатынын және ол отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсарта отырып, өндіріске енгізілуі мүмкін және енгізілуі тиіс жаңа идеялар, технологиялар мен шешімдер әкеледі.

«Бүгін біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Біз ғылым мен технология кез келген мемлекеттің табысының негізгі факторына айналатын жылдам жаһандық өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан ғылыми-инновациялық даму саласында жетекші орынға ие болуға ұмтылады және бұл ғылым, өнеркәсіп және бизнес арасындағы тығыз ынтымақтастықсыз мүмкін емес. Осыған байланысты біз ғылым министрлігі ретінде Ғылым мен бизнес нәтижелі өзара әрекеттесе алатын тиімді экожүйені құруға айтарлықтай күш саламыз» деді вице-министр.

 «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов ғылымды дамыту мен инновациялық шешімдерді өндіріске енгізудің көптеген мүмкіншілігі бар екенін атап өтсе, елімізде жүзеге асып жатқан жобалар барысына тоқталған  «Ғылым қоры» басқарма төрағасы Камиль Ақатов, инновациялық жобаларға, олардың ел экономикасын көтерудегі маңызына тоқталды.

Форум барысында «Сколково» қоры бас директорының орынбасары А. Окунев (Ресей), «Gund Investment» басқарма төрағасы Д.Жаргалсайхан (Моңғолия), «Qazinnovations» басқарма төрағасы С.Жолдыхан, басқа да ғалымдар панельдік сессиялар барысында  өз тәжірибелерімен бөліссе, Ресей, Қырғыстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Монғолия және Қазақстан ғалымдары 50-ден астам бизнес жобаларын таныстырып, іске асыру тетіктерін қарастырды.

Форум аясында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен «Сколково» Ресей қорының арасындағы ғылымды коммерцияландыру бойынша екі жақты келісімге қол қоюы ғалымдарға ғылыми жаңалығын халықаралық деңгейде дамытуға мүмкіндік береді.

АЛМАТЫ