Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған игі іс-шараның мақсаты – жас мамандарға инновациялық білім ортасын құруға көмек беру, кәсіби дамуына ықпал ету. Сондай-ақ педагогтердің шығармашылық қабілетін, сыни ойлауын, эмоциялық интеллектіні дамыту, заманауи оқыту құралдары мен әдістерін үйрету.
Фестиваль барысында білікті педагогтер мен әдіскерлер «Педагогикалық өзара әрекеттестіктегі эмпатия, сыныпта қолайлы атмосфера құру», «Ideal Ustaz» тақырыбында тренинг өткізді. Іс-шара әрі қарай «Шығармашылық тәсіл, шығармашылықты сабаққа кіріктіру» «Тапсырмалар жасау үшін жасанды интеллект құралдарын пайдалану», «Дизайндік ойлау», «Оқу үдерісіндегі жасанды интеллект: заманауи технологиялармен практикалық құралдар» тақырыбындағы шеберлік сағаттарымен жалғасты.
Жобаға бастамашы болып отырған Әдістемелік орталықтың әдіскер маманы Саят Манарбекұлының айтуынша, фестиваль жыл сайын жалғасын тауып отырмақ.
– Фестиваль биыл бірінші рет ұйымдастырылды. Бұған тек Астана қаласындағы еңбек жолын енді бастаған мұғалімдер қатысып жатыр. Айта кетейін, осы жылы елордада 423 маман мектепке жаңадан қабылданған. Қалалық мекеме болғандықтан, тек Астанадағы жас мамандарды қамтыдық. Ал егер жоба министрлік тарапынан қолдау тауып жатса, республикалық деңгейде де ұйымдастыруға мүдделіміз. Жалпы, фестивальды жыл сайын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Өйткені жас мамандарды қолдаудың маңызы зор. Оларға бағыт-бағдар беруіміз керек. Мұғалім білікті болса, білім сапасы да жоғары. Фестиваль аясында жас мамандардың тәжірибе алмасуына, бірлесіп жобалар жасауына ықпал ету арқылы кәсіби қауымдастық құрғымыз келеді. Сонымен қатар мұғалімдерге инновациялық педагогикалық тәсілдер мен технологияларды үйрете отырып, өз сабақтарына заманауи оқыту құралдарын, әдістерін енгізуге ынталандыруды мақсат етеміз. Егер мұғалім жаңа идеяларды іске асырып, шығармашылық тұрғыда белсенді болса, оқушылардың да білімге құштарлығы артады. Мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру арқылы еліміздегі білім сапасын жақсартуға болады,– дейді әдіскер маман.
Іс-шара барысында жас педагогтер Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы Күшай Тердікбаевпен TedX форматында сұхбат құрды. Ардагер ұстаз оларға қолдау білдіріп, білім саласын дамыту бағытында ақыл-кеңесін айтты.
Фестиваль соңында жас мамандар осындай пайдалы алаңды ұйымдастырғаны үшін орталық ұжымына, басқа да жауапты мамандарға алғысын білдірді.
Қасым Қайсенов атындағы №27 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Нұралы Орынбасаров тәжірибелі мамандардың жас мұғалімдерге жанашырлық танытуы аса маңызды екенін атап өтті.
– Мен осы жылы оқу бітіріп, мектепте еңбек жолымды бастадым. Сондықтан бұл фестивальдың маған берері көп. Қамтылған тақырыптар өте өзекті. Соның барлығын өз тәжірибемде жүзеге асырамын деп отырмын. Тренинг барысында жасанды интеллектінің көмегі туралы айтылды. Қазір соның нәтижесінде жұмысымызды жеңілдетуге болатынын көріп жүрміз. Бұны оқушылар да тиімді жағынан пайдалана алады. Мысалы, мен «Shyraq» деген жасанды интеллект жобасын қолданамын. Мұнда мұғалімдерге керек тақырыптың бәрі бар. Әрі бұл – отандық жоба, – дейді жас маман.
Ал №79 мектеп-лицейі мұғалімі Нұрлан Жолдасбаевтың айтуынша, жас мамандар әрдайым тәжірибе алмасып, білімін жетілдіріп отыруы керек.
– Фестиваль ойдағыдай өтті. Біршама тың ақпарат алдым. Мұғалім үнемі жан-жақты болуы қажет. Бүгінде заман талабы сондай. Әсіресе бірінші бөлімдегі эмпатия тақырыбы қызық болды. Өйткені қазір оқушылармен жұмыс істеу күрделі. Ал мұғалім өз бойындағы эмпатия сезімін оятып, яғни өзін оқушының орнына қоя отырып, өзара жақсы байланыс орнатса, сабақ үрдісі жеңілдей түседі. Сондықтан әрбір мұғалім эмпатия сезімін кәсіби деңгейде жетілдіруге тиіс. Осы алған тәжірибемді алдағы уақытта сабақтарымда қолданамын, – дейді педагог Н.Жолдасбаев.