Екі елге тиімді келісім
Отырыс барысында Сенат депутаты Марат Қожаев ант беріп, палатаның Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің құрамына сайланды. Айта кетейік, Марат Қожаев Мемлекет басшысының Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалды.
Күн тәртібіне сәйкес сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
Келісім екі елдің телекоммуникация, энергетика, мұнай-химия және басқа да салалардағы бірлескен жобаларын іске асыруға, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға арналған.
«Келісім еліміздің аумағында Қатар мемлекетімен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатымен әзірленген. Ынтымақтастық аясында телекоммуникация, энергетика, көлік, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы және қаржы салаларына басымдық беріледі. Мақұлданған заң экономикамыздың дамуына, екі ел арасындағы серіктестіктің одан әрі нығаюына оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.
Құжат нормалары стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыруға Қазақстан жабдықтарды, шикізаттар мен материалдарды әкелу кезінде кедендік баждарды төлеу жөніндегі міндеттемелерден босату түріндегі кедендік жеңілдіктер, сондай-ақ ұлттық заңнамада көзделген салықтық жеңілдіктер беретінін атап өткен жөн.
Инвестиция тарту – басты назарда
Палата отырысында М.Әшімбаев мемлекеттік органдарды экономикаға қатысты жаңа жобаларды іске асыруда белсенділік танытуға шақырды. Қазіргі таңда экономикамызды әртараптандыру және экономикалық өсімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттер екенін атап өтті. Оның айтуынша, аталған мақсатқа жетудің бірден-бір жолы – инвестиция тарту.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру және экономикалық өсімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Банктермен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бағытта инвестиция тарту – маңызды шарт. Жалпы, қазір Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемде инвестиция үшін үлкен күрес, бәсеке жүріп жатыр. Яғни қолайлы жағдай жасап жатқан басқа да мемлекеттер бар. Сол себепті біз өзіміздегі инвестициялық ахуалдың өзге мемлекеттерге қарағанда тартымды болуын немесе одан кем болмауын қамтамасыз етуіміз керек», деді М.Әшімбаев.
Палата спикері Қатар мемлекетінен инвестиция тарту мәселесіне назар аударып, жақын арада ұлттық экономикаға айтарлықтай қаражат құйылатынын, бұл еліміздің дамуына тың серпін беретінін тілге тиек етті.
«Бүгін қаралған келісім аясында осы бағыттар бойынша инвесторға мүмкіндіктер беріледі. Осы ретте аталған жұмыстың бәрі ұлттық заңнама аясында жүргізілетінін айрықша атап өтуіміз керек. Үкімет бәрін бақылап отырады. Алдағы уақытта келісім және келетін инвестициялар еліміздің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға, экономикамызды жаңа белеске шығаруға қызмет етеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Жасөспірімдер арасында қылмыс неге көп?
Палата отырысында сенаторлар Дархан Қыдырәлі мен Евгений Больгерт депутаттық сауалдарын жолдады. Д.Қыдырәлі жастар арасындағы қылмыс деңгейінің артуына алаңдаушылық білдірді. Сенатор қылмыстық жазаны қатаңдатумен қатар, Үкіметті барлық өңірдегі жастар саясаты басқармаларын қалпына келтіруге, жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жандандыруға және отбасы мен жастар мәселелерімен айналысатын орталық және өңірлік атқарушы органдардың жұмысын үйлестіру үшін Арнайы мемлекеттік агенттік құруға шақырды.
Депутаттың айтуынша, биылғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ұлытау, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында арта түскен. Сенатор елімізде орын алған зорлық-зомбылықты, Ақтаудағы жастар төбелесі мен Ақтөбедегі жасөспірімді аяусыз өлтіргенін және қоғамдық алаңдаушылық туғызатын басқа да оқиғаларды мысалға келтірді. Жастар арасындағы проблемалар бізде ғана емес, жалпы әлем жұртшылығының алаңдаушылығын туғызып отыр. Сондықтан дамыған елдерде жастар, жаңа ұрпақ туралы ауқымды зерттеулер жүргізіледі. Елімізде бұл тақырып ғалымдар назарынан тыс қалып тұр.
«Масс-медиадағы басым күш культі, танымал сериалдар мен басқа да формалар арқылы агрессияның насихатталуы қатыгездікті өршіте түсетіні аян. Әлеуметтік желілер арқылы кең таралған ойындар жастардың танымы мен талғамын қалыптастырады. Сонымен қатар ата-ананың мейірімін сезінбеу, отбасындағы түрлі кикілжің мен зақым, білім ошақтары мен тәрбие орындарында жастарға социализация моделін ұсына алмау сияқты себептерді де жоққа шығара алмаймыз. Тәлімгердің айлығы төмен, сынып жетекшілігіне төленетін ақы аз. Орташа 10 мектепке бір инспектордан ғана келеді», деді сенатор.
Сондай-ақ депутат жастардың проблемасы әртүрлі министрліктер құзыретіне бөлініп кеткенін, бірақ салаға жауапты Жастар комитетінің өңірлерде тікелей құрылымы жоқ екенін атап өтті. Кейбір салаларда бірнеше адам ғана жастар саясатымен айналысады, бұл туындаған мәселені оң шешуге мүмкіндік бермейді. Жалақы төмен болғандықтан, Жастар ресурстық орталықтарында білікті кадрлар тұрақтамайды.
«Жастар саясаты бойынша басқармаларды барлық өңірде қайта құру керек. Жастардың ресурстық орталықтарын жақсарту қажет және аймақтарда комьюнити орталықтарын ашу керек. Орталық және аймақтық атқарушы органдардың жұмысын жүйелеу үшін отбасы және жастар ісі жөніндегі комитеттің құзыретін күшейткен жөн», деді Д.Қыдырәлі.
Бизнесті қолдау саласындағы түйткілдер
Евгений Больгерт шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты проблемаларға назар аударып, ұлттық экономиканың дамуына қауіп төндіретін түйткілдерді атап өтті. Сенатордың айтуынша, Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қолжетімді несиелеу мәселесін шешу қажет.
Ол дамыған елдерде шағын және орта бизнес жұмыспен қамтудың 60%-ы мен қосылған құнның 50%-дан астамын қамтамасыз ететінін айтты. Ал біздің елде шағын және орта бизнестің үлесі небәрі – 35%, ал несие алуда 19%-ды құрайды. Бұл дамыған экономиканың осы маңызды құрамдас бөлігін қолдау деңгейінің аздығын көрсетеді. Депутат бір жыл бұрын Үкімет Машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіткенін, оның аясында өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 600 млрд теңге бөлу көзделгенін атап өтті. Бұған қоса жоспарда «Даму» қорынан ШОБ несиесіне 50 млрд теңге субсидия бөлу қамтылған. Алайда 2024 және 2025 жылдарға бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен қаржы көзделмеген.
«Өнеркәсіпті дамыту қорының мөлшері 7-ден 9%-ға дейін өсті. ШОБ осы қаржыландырудан зор үміт күтсе де, бизнестің үміті ақталмады және саланың болашағы дабыл қағуды талап етеді. Бұл ретте Кешенді жоспарда 2029 жылға қарай өндірісті 4,5 есеге – 3-тен 11 трлн-ға дейін ұлғайту, нақты көлем индексі жыл сайын кемінде 10% өсіммен 2,2 есеге ұлғайту туралы міндет қойылды. Егер оған жағдай болмаса, осы мақсатқа қалай жетуге болады? Кешенді жоспарға сәйкес және биылғы қарызды ескере отырып, машина жасау саласының несиесін қаржыландыруды және субсидиялауды қамтамасыз етуді ұсынамыз. Серпінді өңдеуші кәсіпорындардың өнеркәсіпті дамыту қорына 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша қолжетімді несие беру мәселесін шешу керек», деді Е.Больгерт.