Қоғам • 11 Қазан, 2024

Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру жүйесіне өзгеріс енгізілді

268 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүргізуші куәлігіне теориялық емтихан тапсыру жүйесіне өзгеріс енгізілетінін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру жүйесіне өзгеріс енгізілді

Фото: m.yk-news.kz

Енді жүргізуші куәлігіне үміткерлер екі факторлы аутентификациядан (тексеруден) өтеді.

Екі факторлы тексеру – қолданушының екі түрлі әдіспен өзін-өзі растауы. Растау әдісі бірінші СМС хабарламаның көмегімен, екіншісі – биометриялық сәйкестендіру арқылы жүзеге асырылады.

Тестілеу басталар алдында қызметті алушыға 1414 нөмірінен жеке деректерге қол жеткізуге сұрау салатын хабарлама жібереді. Хабарлама SMS қолданушының электрондық үкімет порталының жеке кабинетіне тіркелген телефон нөміріне жолданады.

Авторизация сәтті өткеннен кейін қызмет алушы биометриялық сәйкестендіруден өтуі керек.

«Алаяқтар күн сайын алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тауып жатыр. Осы орайда біздің қызметкерлеріміз де заңбұзушылықтарды анықтау үшін үлкен жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар, Мемлекеттік корпорация қызмет көрсетудің сапасын жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Ендігі кезекте, екі факторлы аутентификацияны енгізу емтихандағы бұзушылықтардың санын азайтуға көмектеседі. Қызмет алушының деректері де сенімді қорғалады», деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Айта кетейік, жаңа бастама 11 қазаннан бастап әзірге Астана қаласында ғана енгізіледі. Ал еліміздің басқа өңіріндегі мамандандырылған ХҚКО-да екі факторлы аутентификацияны жыл соңына дейін енгізу жоспарланған.