Кітапта Сиднейде өткен Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың өмірі мен әлемге танымал спортшы болғанға дейінгі кәсіби жолы жазылған. Оқиғалар боксшының ата-анасы мен замандастарының естелігінен алынған.
Кітап авторы Азамат Әбілқайырдың айтуынша, кітап жазу процесі бір айға созылған. Оған дейін зерттеу жұмыстары басымырақ болған. Боксшының анасы Сырлыкүл Саттарханова кітаптың қолжазбасын бірнеше рет оқып, өз пікірін айтып отырған.
«Бұл кітапта боксшының қызықты да қиын өмір жолы, өміріндегі қызықты сәттері, саналы ғұмырын қазақ бокс стилін қалыптастыруға арнағаны, ел үшін сіңірген ерен еңбегі дәріптеледі», деді кітап авторы.
Кітаптың тұсаукесеріне арналған іс-шараға боксшының анасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Бас редакторлар клубының басшысы Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы, «Хабар» агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, «Қазақстан» РТРК Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Кеңесұлы, «ABAI» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов, қоғам және мәдениет қайраткерлері, медиа сарапшылар мен спорт журналистері, еліміздің белгілі ақын-жазушылары қатысты.
Кездесу барысында сөз алған Сырлыкүл Саттарханова кітаптың өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екенін айтты.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі балалар мен жасөспірімдер аудиториясына арнайы жазылған «Бекзат саттарханов кім?» кітабы қазақ балалар әдебиетінде өзінің орнын табарына сенім білдірді.
Жиналған қауым қаламгерді жаңа кітабының жарыққа шығуымен құттықтап, жылы лебіздерін жолдады.